Наурызнаманың онкүндігі аясында бүгінгі күн осылай белгіленді. Жалпы қазақ даласының территориялық кеңдігі мен көшпенді өмір салты ұлттық спорт түрлерінің қалыптасуына зор әсер етті. Бабаларымыздың әрбір ойыны мен жаттығуы жауынгерлік өнердің, ақыл-ой мен мәдени мұраның тоғысқан жеріне айналды. Сондықтан болар, ұлттық спорт – жай ғана жарыс емес. Ол – шын мәнінде, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тірі шежіре, батырлық рухтың көрінісі. Міне, аталмыш мақалада сол көшпелі заманнан, тіпті одан да бұрынғы тарихи кезеңдерге тиесілі ұлттық спорт түрлеріне тоқталып өтеміз.
Көкпар
Әуелі, көкпар жайлы айтайық. Көкпар – ат үстіндегі адамның ептілігі пен күштілігін сынайтын ойын. Бұл ойын жауынгердің шайқас кезіндегі қимыл-әрекеттерін жетілдіріп, жолдасын құтқару немесе жаудың қаруын тартып алу сияқты жағдайлардағы шеберлігін шыңдады. Көкпар – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, ерекше мәні бар ұлттық ойыны. Бұл ойын тек қана күш пен ептілікті ғана емес, сонымен қатар, ұйымшылдық пен батылдықты да талап етеді. Көкпар – ат үстіндегі жігіттердің сойылған ешкіні тартысып ойнайтын ойыны. Ойынның шығу тарихы, мақсаты мен ережелері туралы толығырақ тоқталайық.
Ойын атауының шығуы
Көкпар атауының шығу төркіні туралы әртүрлі пікірлер бар. Негізгі нұсқа бойынша, атау «көп қарбалас» тіркесінен шыққан. «Көп қарбалас» сөзі «көпқар» сөзіне қысқарып, одан соң айтылу ыңғайына қарай «көкпар» болып өзгерген. Бұл ойын қазақ халқымен тамырлас өзбек халқында «купкари» деп аталады, бұл да «көпқар» атауына жақын.
Ғалымдардың пікірінше, көкпардың шығу төркіні қасқыр тотемімен байланысты. Л.Н. Ермоленко ойыншыларды қасқырлармен салыстырады, ал Ә. Қалиұлы көкпарды әскери жаттығудың бір түрі деп санайды. Б.Х. Кармышева, С.П. Толстов және Г.Н. Симаков сияқты этнографтардың пікірінше, ертеде ешкінің орнына қасқыр тартылған.
Дәстүрлі көкпардың мазмұны
Көкпар үлкенді-кішілі той-мерекенің барлығында өткізіледі. Ойынның негізгі мақсаты – жігіттерді шынықтыру, батылдыққа, ептілік пен қажырлылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және әскери өнерге баулу. Көкпар – ойынның қызығы, тойдың тұздығы, жігіттің сыны, елдің намысы саналған. Ойынға көбіне көк түсті ешкі түлігі (серкеш, лақ) тартылады. Ысылмаған жас жігіттер лақ тартса, той-томалақта үлкен серке тартылады. Кейбір өңірлерде ойын «көклақ», «көксерке» деп те аталады.
Көкпар атын дайындау
Көкпар атына денесі мығым, қозғалысы жылдам, жүйрік, елгезек, үрікпейтін, иесінің ыңғайын білетін текті ат таңдалады. Ат жарыстан бұрын арнайы жаратылады. Ал ат додаға түскенде бауырына, басына, сауырына қарай ауып, көкпарды ілген кезде үрікпейтіндей етіп үйретіледі. Күн райы мен жер жағдайына сәйкес аттың төрт аяғы тағаланады.
Көкпарға арналған ешкіні той иелері немесе алдыңғы көкпар тасталған үй шығарады. Ойын ауылдан тыс, жазық алаңда өткізіледі. Ешкі бата жасалып бауыздалып, ішек-қарны, бас-сирақтары алынып тасталады. Кейбір өңірде ешкінің ішіне су құйып, өңешін буып тастайды.
Көкпар ойынының барысы
Көкпар әр аймақта әртүрлі өтеді, ережелері ойын басталар алдында келісіледі. Ертеде негізі анау бір нақты ережелер болмаған. Жігіттер өзінің және атының күштілігімен, ептілігімен, қажырлылығымен, жылдамдығымен, ұйымшылдығымен серкені тартып әкетуге тиіс. Жалғыз ереже сол еді. Серке ортаға тасталғаннан кейін жігіттер лап қойып, бұрын жеткені серкені іліп алады да қашады. Басқалары оны қуып жетіп, тартып алуға тырысады. Тартыс бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Тартыс кезінде жігіттер топтарға бірігіп, көмектеседі. Көкпарда ауыл, ата, румен де топтасу мүмкін. Жігіттер серкені тартып алуға, өзгелерді ығыстыруға, тақымға басқан жақтасының атын жетектеп шығуға көмектеседі.
Көкпарда жеңіске жету үшін епті, қайратты жігіттер мен жүйрік аттар ғана емес, ұйымшылдық та қажет. "Көкпар – тартқандікі, қоян – қаққандікі" дегендей, кім күшті болса, сол серкені иеленеді.
Теңге ілу
Теңге ілу (кейде «алу» деп те айтады) – қазақ ұлттық ат спортының ерекше түрі. Ол да ертеден келе жатқан ойындардың бірі саналады. Теңге ілу – ат үстінде өтетін ойындардың бірі және оны арнайы дайындалған атпен орындау қажет. Ойынның ережесіне сай, ол тегіс жерде өткізіледі әрі оған 18 жастан асқан адамдар қатыса алады. Бұрын бұл ойын ақ тоқымдай киіздің үстіне түрлі майда ақшалар (50, 20, 15 тиын) қойылып, ойыншылар сол тиындарды іліп алуға тырысатын. Қазіргі кезде ойынның шарты сәл өзгеріп, ақ шүберекке түйілген зат немесе тиын белгілі бір орынға тасталады.
Ойынның ережесі аса күрделі емес, қарапайым ғана. Ойыншылар қос тартпалы, мықты ерттелген атқа мініп, 30-40 метр қашықтықтан шаба отырып, ақ шүберекке түйілген затты немесе киіз үстіндегі тиынды еңкейіп іліп алып кетуге тиіс. Ақшаны (тиынды) ат үстінен алған адам жеңімпаз болып, жүлде иеленеді. Ойынға бірнеше ат қатыса алады немесе әр ойыншы өз атымен кезекпен қатысады. Алғашқы ойыншы тиынды алып кеткенде, оның орнына тағы бір тиын салынады.
Ойынға жуас, бірақ мықты жылқылар пайдаланылады. Ат ойыншының қалауынша шабады, бірақ тиын жатқан жерге келгенде атты баяулатып немесе тым ағынды шабысқа салуға болмайды.
Аударыспақ
Аударыспақ — қазақ халқының ежелгі спорт түрлерінің бірі. Бұл ойын да ат үстіндегі күрес өнерінің жарқын көрінісі саналған. Ол жауынгерлік дағдыларды дамытуға және күш-жігерді шыңдауға бағытталған. Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі.
Тарихы тереңде жатқан өнер
Аударыспақ ежелден келе жатқан ойын, ол жаугершілік заманда жауынгерлердің ат үстіндегі айқас өнерін шыңдауға көмектескен. Бұл ойын қайрат-күшті, батылдықты, төзімділікті және ат құлағында ойнай білуді талап етеді. Қазіргі кезде аударыспақ спорттық ойын ретінде мерекелерде, тойларда және ұлттық спорт жарыстарында кеңінен көрсетіледі.
Спорттық талаптар мен ережелер
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын спорт. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана қатысады. Сайысқа қатысушылар үш салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатысушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Оны спорттық сайыстың бір түріне айналдыру үшін бір-біріне тең келетін салмақтық категорияны көбейткен дұрыс. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты. Ертеде кез келген тілек білдіруші өз еркімен қатыса беретін болған. Амал қанша, спорттық жарыстарда сол үш категорияның өзі де көбіне әлі де сақтала бермейді. Спорттың бұл түрінің дамуымен бірге, сөз жоқ оның салмақтық категориясы да көбейе, кеңейе беретіні күмәнсіз.
Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рөлді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке ұласып жатуы шарт.
Біз сөз етіп отырған ойындардың бәрі көшпелі ұлт үшін, көшпелі халық үшін өз кезінде маңызды болды. Әсіресе жаугершілік заманында. Себебі аударыспақ – жауды аттан аударып тастау немесе найзамен қарсыласты жеңу тәсілдерін үйретті. Теңге ілу – шапшаңдық пен мергендікті дамытып, шайқас кезінде жердегі қару-жарақты тез іліп алуға көмектесті. Садақ ату – көз мергендігін шыңдап, жауға жебені дәл тигізудің машығын қалыптастырды.
Бәйге – қазақтың көне заманнан жеткен ұлттық мұрасы
Бәйге – жай ғана жарыс емес, ол – ұлттық бәсеке, намыс шыңдалатын дода. Қазақта ылғи жүйрік ат шыққан жердің даңқы артып, абыройы асқақтайды. Сондықтан да жүйрік ат – көшпелі жұрттың мәртебесін көтеретін ерекше құбылыс, символдық мәнге ие ұғым. Қазақ халқы жылқыны танып-білу, баптау, бағалау ғылымын ертеден меңгерген. Ал мұнда ат сыншысы мен атбегінің рөлі ерекше.
Қазақ жылқы тану өнерін терең игерген халық. Көшпелілер жылқыны пайдалану, будандастыру, тұқымын асылдандыру секілді тәсілдерді жетік білген. Себебі жылқының да түрі сан алуан. Бірі – соғымға, бірі – шаруашылыққа, енді бірі – жорыққа лайық. Ал жүйрік жылқы – мүлдем бөлек әлем. Оны «тұлпар», «ғажайып жануар» деп дәріптегенімізбен, шын мәнінде ол тек бәйгеге арналған. Бұл адам баласындағы спортшылар секілді – тек жылдамдық үшін жаратылған.
«Жүйрікті тану – өз алдына бір ғылым. Ат сыншылары оның тұлғасына қарап, бағасын береді. «Қубас» деп ат қаңқасын, дене бітімін сипаттаса, сағындағы ойықты қолмен ұстап көру арқылы оның кеңдігін бағамдайды. «Қалбағай шығыпты» немесе «алды-арты тең екен» деген бағалаулар да бар. Бұдан бөлек, қазақ халқы жылқының генетикасын жетілдіру жолында да үлкен еңбек сіңірген. Мәселен, Бөкей Ордасында Жәңгір хан жылқы тұқымын асылдандыру мақсатында «жабының шоқысы» атты ерекше әдіс енгізген», – дейді белгілі этнограф Бекен Қайратұлы.
Ақыл-ой мұрасының көрінісі
Қазақ халқында бұдан бөлек атбегілік, құсбегілік, саятшылық деген де бар. Бірақ олар – көшпенділердің табиғатпен үйлесімді өмір сүруінің көрінісі. Бұл өнер түрі – тек жаттығу емес, табиғатты тану, жануарлармен тіл табысу өнері.
Тоғызқұмалақ
Енді ақыл-ойды ерекше дамытатын ұлттық спорт түріне тоқталайық. Ол – тоғызқұмалақ. Әрине, тоғызқұмалақ – қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының ақыл-ой қабілетін дамытатын, тарихы тереңде жатқан ұлттық ойыны. Оның тарихына қатысты бірнеше қызықты деректер бар. Тоғызқұмалақ «қойшылар алгебрасы», «малшылар математикасы» деп те аталады. Ойынның шығу тарихы өте ерте замандарға кетеді.
Бұл ойынды қазақтармен қатар қырғыздар, қарақалпақтар және алтайлықтар да ойнайды. Бұл оның түркі халықтары арасында кең тарағанын көрсетеді. XIII ғасырда италия саяхатшысы Плано Карпини Жетісу мен Тарбағатайда болған кезде жергілікті қазақ тайпаларының ойын-сауықтары туралы жазған еңбектерінде тоғызқұмалақ туралы да мәліметтер қалдырған. Этнограф Н.Пантусов 1906 жылы өзінің зерттеуінде тоғызқұмалақтың өте көне ойын екенін және қазақтың үш жүзіне де кең тарағанын жазған.
Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ғ.Мұсабаевтың зерттеулері нәтижесінде тас бетінде қашалған тоғызқұмалақ таңбалары табылды. Базарбек Төтенаев та Тарбағатай тауларындағы жартастарда тоғызқұмалақ тақтасының бейнеленгенін жазған. Тоғызқұмалақ – тарихы тереңде жатқан, түркі жұртының ақыл-ойын дамытқан, тасқа таңбаланған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра.
Асық ату
Асық атудың да түрлері көп: «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Қақпақыл», «Қаржу», «Омпа» деп кете береді. Бұл ойындарды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни, болашақ жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін, дәлдігін, ептілігін арттырады. Осылайша шыңдалған бала ер жеткенде шебер сарбазға айналады.
Әрине, қазақ халқының ұлттық ойындарының тарихы тереңде жатыр. Базарбек Төтенайдың "Қазақ ұлттық ойындары" кітабы – бұл тақырыпты зерттеудегі маңызды еңбектердің бірі. Оның зерттеулерінен де қызықты мәліметтерді көп алуға болады.
Ойынның эволюциясы
Түркі тілдес тайпалар ғасырлар бойы ұлттық ойындарды дамытып, өз тіршіліктеріне бейімдеген. Тас дәуірінде өңделген тастар, кейінірек ағаш, мал сүйектері қолданылған. Темір дәуірінде темір құралдары, алғашқы феодалдық дәуірде байпақ, алтыбақан, арқан тартыс, белбеу тастау, жасырынбақ, бұғынай сияқты жаңа ойындар пайда болған. Кейінірек бұл ойындар қоғамға бейімделіп, түрленген.
Атаулардың өзгеруі
Заманға сай атаулар өзгергенімен, ішкі мазмұны сақталған. Мысалы, қарагие – найза лақтыру, қақпа тас – бес тас, садақ ату – жамбы ату. Атауы басқа көрінгенімен, шарты мен тәсілі бір.
Аймақтық ерекшелік
Аймаққа қарай бір ойынның әртүрлі атаулары болуы мүмкін. Мысалы, «ақсүйек» ойынын кейбір аймақтарда «орда», «тоқ тышақ» деп те атайды. Бұл мәліметтер қазақ халқының ұлттық ойындарының бай тарихы мен мәдениетін көрсетеді.
Жалпы ұлттық спорт – тек жарыс емес, ол – ұлт руханиятының, тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ халқы ұлттық спорт арқылы әскери дайындығын жетілдіріп, ұрпағын ерлікке, батылдыққа тәрбиелеген. Бүгінде бұл дәстүр қайта жаңғырып, жастарға ұлттық құндылықтарды сіңірудің тиімді құралына айналып отыр. Сондықтан ұлттық спорт түрлерін дамыту – тек спорт саласына ғана емес, елдің рухани кемелденуіне де үлкен үлес қосады.