Технологиялық компаниялар өндірістерін шетелден америкалық аймаққа қайтарып жатыр. Оған президенттің сауда саясаты әсер еткен.
Компания таңғаларлық мәлімдеме жасады: жүздеген миллиард долларға жаңа өндіріс ашпақ
Алпауыт компания Азиядағы өндірісін өз еліне қайтара бастады. Фото showmetech.com.br сайтынан алынды
711
оқылды

Financial Times басылымында жарияланған графикалық процессорлар шығаратын көшбасшы компанияның жоспарының негізінде Aikyn.kz осы нарықтағы өзгерістерді талдайды.

Nvidia алдағы төрт жыл ішінде АҚШ-та өндірілген чиптер мен өзге де электроникаға жүздеген миллиард доллар жұмсайды. Фото ixbt.com сайтынан алынды. Авторлығы: Nvidia

Президенттің сауда саясаты алғашқы нәтижелер бере бастады. «Американы ұлы жасаймыз» ұранын саяси, экономикалық және әскери құралдармен іске асыруды бастаған Дональд Трамп технологиялық салаға да айтарлықтай қысым көрсетуде. Жақын болашақтағы бизнестің тиімділігін ойлаған алпауыт компаниялар өздерінің арзан нарықтағы өндірістерін АҚШ аумағына қайтаратындарын жариялай бастады.

Дәл осындай кезеңде Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг чип шығаратын өндірістерін шетелден Америка аумағына қайтару жоспарымен бөлісті. 

Nvidia басшысы алдағы төрт жыл ішінде АҚШ-та өндірілген чиптер мен өзге де электроникаға жүздеген миллиард доллар жұмсайтынын мәлімдеді. 

Дональд Трамп шетелде өндірілген тауарларға кедендік баж салығын енгізсе, чиптердің құны айтарлықтай өсіп, бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Сондықтан америкалық ірі компаниялар Азиядағы жабдықтау тізбегін қысқартып, өндірісті АҚШ-қа ауыстырып, қымбат болса да жұмыс орындарын өз елінде ашуға мәжбүр. Бұл 20-30% баж салығын төлегеннен тиімді болады деп болжануда.

Nvidia өзінің жасанды интеллектке арналған озық чиптерін Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) және Foxconn сияқты компаниялармен бірлесіп АҚШ-та шығармақшы. Фото investopedia.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Future Publishing via

АҚШ-тың «Америка бәрінен бұрын» атты сауда саясаты әлемдік экономикаға әсер етуде. Apple, Nvidia сияқты технологиялық компаниялар АҚШ-та іске асыруға арналған инвестициялық жобаларын күрт өсіргендерін жариялай бастады.

«Жалпы алғанда, алдағы төрт жыл ішінде біз шамамен жарты триллион долларға электроника сатып аламыз деп ойлаймын. Және соның бірнеше жүз миллиард доллары АҚШ-тың өзінде өндірілетінін болады», – дейді Nvidia-ның тең құрылтайшысы және бас директоры Дженсен Хуанг Financial Times басылымына берген сұхбатында. 

Жасанды интеллектке арналған чиптерді өндіруші Nvidia енді өзінің озық чиптерін Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) және Foxconn сияқты компаниялармен бірлесіп АҚШ-та шығармақшы. Бұл Қытайдағы Huawei-дің бәсекелік қаупінің артып келе жатқанымен де байланысты болуы мүмкін.

Осы аптада Дженсен Хуанг компанияның жаңа Vera Rubin атты жасанды интеллект чипін таныстырды. Жаңа жоспар бойынша, миллиондаған өзара байланысқан чиптерден тұратын кластерлерді алып дата-орталықтарда орналастырып, оларды мол электр қуатымен қамтамсыз етуі қажет болады. Хуангтың пікірінше, Трамп әкімшілігі АҚШ-тағы жасанды интеллект индустриясының дамуын жылдамдата алады. 

«Бұл саланың табысты болуына мүдделі және қуат тапшылығына жол бермейтін әкімшіліктің қолдауы – АҚШ-тағы жасанды интеллект үшін тамаша мүмкіндік», – дейді ол.

Дженсен Хуанг жаңа Vera Rubin жасанды интеллект чипін таныстыруда. Фото You Tube платформасынан алынды. Авторлығы: WSJ News каналы

Осы айда TSMC Аризонада чип шығаратын кәсіпорындарға қосымша 100 миллиард доллар инвестиция құятынын жариялады. Бұл – Байден әкімшілігі тұсында келісілген 65 миллиард долларлық инвестициядан бөлек қаражат.

Nvidia-ның жаңа Blackwell чиптері енді тек АҚШ-та өндірілмекші.

«TSMC-нің АҚШ-тағы инвестициялары біздің жабдықтау тізбегіміздің тұрақтылығын арттыруда үлкен қадам болды», – деді ол.

Соңғы жылдары Nvidia мен Apple сынды ірі америкалық алпауыт компаниялар Тайваньдағы TSMC-дің озық чип өндірісіне қатты тәуелді болды. Бұл тәуелділік Қытай тарапынан Тайваньға қатысты артып келе жатқан агрессия қаупімен және Трамп әкімшілігінің тайваньдық чиптерге баж салығын енгізу ықтималдығымен ушыға түсті. Тайвань үнемі жер сілкіністерінің қауіп-қатерімен бетпе-бет келеді.

«Ең маңыздысы – дайын болу. Бүгінде біз АҚШ-та өндіріс жасай аламыз, жабдықтау тізбегіміз жеткілікті түрде әртараптандырылған. Егер Тайваньдағы өндіріс қиындыққа ұшыраса, бұл ыңғайсыз болар еді, бірақ біз қиындықтан шығамыз», – дейді Хуанг.

АҚШ билігі жасанды интеллектің ең озық үлгілерін үйрету және іске қосу үшін пайдаланылатын Nvidia-ның жетекші чиптерінің экспортын шектегені белгілі. Сонымен бірге, қытайлық чип өндірушілер ASML компаниясының литографиялық машиналары сияқты заманауи құрал-жабдықтарды сатып ала алмайды.

Nvidia Қытайда әлі де миллиардтаған доллар табыс тауып отыр. Алайда ол жақта Huawei компаниясымен бәсекелестік күшейіп келеді. Соңғы уақытта Huawei-дің Ascend AI чиптері үлкен сұранысқа ие бола бастады.

«Huawei – Қытайдағы ең ықпалды технологиялық компания. Олар қай нарыққа шықса да өз орындарын алуда және ЖИ нарығындағы үлесі жыл сайын артып келеді. Олар бұл салада ешқандай рөл атқармайды деп ойлау қате», – дейді Nvidia басшысы.

АҚШ-тың Huawei-ге шектеу салу шаралары тиімді болмады, қытайлық компания әлі де табысты дамып келеді. Әрине, оның артында Бейжіңнің мықты мемлекеттік қолдауы тұрғанын да ешкім жоққа шығара алмайды.

Құмды күрекпен, трактормен қаза бергенше, чип шығарған әлдеқайда табысты. Қазақ жерінің байлығы – кремний өндіретін кварц құмы осындай карьерлерден қазылады. Фото tks.kz сайтынан алынды

Қазақ еліне құмды күрекпен, трактормен қаза бергенше, чип шығарған әлдеқайда табысты. Америка президенті Дональд Трамптың сыртқы саясатындағы өзгерістерінен туындаған жағдайда Қазақ елінің де пайда табатын бағыттары бар деп санаймыз. Мысалы, 2024 жылы Aikyn.kz сайты «Қазақстан Nvidia-мен бірлесіп чип шығаратын зауыт салып, ондаған миллиард доллар табыс табады» атты материал жариялады. Онда біз қазақ жерінің қойнауында чип жасауға қажетті кварц шикізатының тазалығы өте жоғары екендігін, одан жоғары сапалы техникалық кремний жасауға болатынын жаздық.

Чип зауытының құрылысы мен технологиясын Nvidia мен TSMC сияқты ірі компанияларды серіктестікке шақырып, ұтымды инвестициялық ұсыныс жасау арқылы елімізге тартуға болады. Осылайша шикізаттық әлеуетімізді пайдаланып қосылған құны жоғары өнім шығара аламыз. 

Қазақстан өзінің шикізаттық әлеуетін және транзиттік мүмкіндіктерін, Қытай мен Үндістан сияқты алып нарықтарға жақын орналасқанын қолданып, халықаралық чип өндірісі тізбегінің бір бөлігін өзіне бұра алады.

Құмды күрекпен, трактормен қазып, шикізат түрінде сатқанша жоғары сұранысқа ие чип шығарған әлдеқайда табысты. Жылдық табысы 130 млрд доллардан асатын (бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде) америкалық компаниямен қазақ жерінің байлығын бірлесіп игеру арқылы: бірінші, мемлекет өте жоғары дәрежедегі технологиялық өндірісті елге алып келеді; екінші, ұлттық мамандар дайындалады, ғылым мен өндірістің кооперациясынан отандық ғылым ұтады; үшінші, жас ғалымдар жаңа өндірістің ішкі процестерін көріп үйренеді, өндірісте қазақ инженерлері жұмыс істеп тәжірибе жинайды. Болашақта осы салада отандық компаниялар құрыла бастайды.

Бұл технологиялық өндірістің тек тура пайдасы, ал әлемде жоғары сұранысқа ие чиптер шығару өндірісінің Қазақстан экономикасына мультипликативтік әсері одан да көп болады. Бұндай ұсынысқа, идеяға қызығушылық технологиялық министрлік пен қазақ Үкіметінің назарына ілінеді деп үміттенеміз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.