Бүгін, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында "AMANAT" партиясының "Ұлттық мұра" партиялық жобасы және "Наурызнама" тұжырымдамасы аясында ұлттық спорт түрлерінен аудандық турнир оздырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Спорттың 6 түрінен өтіп жатырған байрақты бәсекенің ашылу салтанатына "AMANAT" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бөлім меңгерушісі К.Төремұратов, аудан әкімінің орынбасары З.Мажитова және спорт ардагерлері, аудан тұрғындары қатысты.
«Бүгін, Наурызнама онкүндігінің аясында Қазақстанда Ұлттық спорт күні тойлануда. Ұлттық спорт күні қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға арналған. Бұл күні азаматтарды спорттық дәстүрлер мен дала халықтарының бай мұрасын тануға, тән мен жан үйлесіміне ұмтылыс біріктіреді.
«Ұлттық спорт күні адамдарды бәсекелестік пен өзара сыйластық арқылы жақындастырады және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл спорт – қиындықтарды жеңудің, жетістіктерді бірге атап өтудің және дәстүрлі құндылықтарды жаңа ұрпаққа жеткізудің ең ұтымды жолы», – деді жарыстың ашылу салтанатында сөз алған К.Төремұратов.
Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздар медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.