Medical Xpress ғылыми журналында жарияланған мақаланы негізге алған Aikyn.kz, жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлімді азайтудың тиімді тәсілін талдайды.
Екі препаратты біріктіріп қолданса, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалуға болады. Фото niussp.org сайтынан алынды
Ғалымдар холестерин деңгейін төмендететін екі препаратты біріктіріп қолданса, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалуға болатынын дәлелдеді.
Артериялары бітелген пациенттердегі «жаман» холестерин деңгейін төмендетудің ең тиімді тәсілі – науқастарға статин мен эзетимиб деп аталатын препаратты бірге тағайындау екен. Бұл жыл сайын мыңдаған адамды инфаркттан, инсульттан және басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларынан құтқаруы мүмкін.
Инфаркт немесе инсульт қаупі өте жоғары немесе осыларды басынан өткерген 108 353 пациентті қамтыған 14 зерттеуден алынған метаанализ осыны көрсеткен.
Метаанализ нәтижесінде эзетимиб пен статиннің жоғары дозасын біріктіріп қолдану LDL-холестерин (ЛПНП-Х) деңгейін төмендету өлім-жітім қаупін 35%-ға және күрделі жүрек-қан тамырлары оқиғалары немесе инсульт жағдайларын 34%-ға төмендеткені анықталды.
Қазір кардиологтар мұндай ауруларға қарсы тек жоғары дозалы статин тағайындайды. Өйткені әлемдегі LDL-холестеринді төмендетуге арналған барлық терапиялық нұсқаулықтарда (протоколдар) тек статинді тағайындау көрсетілген.
«Зерттеу барлық себептерден болатын өлім-жітімнің 49%-ға және негізгі жүрек-қан тамырлары асқынуларының 39%-ға төмендегенін көрсетті. Комбинирленген терапия қауіпсіз және тиімді. Жанама әсерлер қаупі мен терапияны тоқтату жиілігі екі топта да ұқсас болды. Желілік метаанализде біз статиннің жоғары дозасын ғана қабылдағандарға қарағанда, орташа дозадағы статин мен эзетимиб қабылдаған пациенттерде терапияны тоқтату қаупінің 44%-ға төмендегенін анықтадық», – дейді Ян Павел II Католик университетінің кардиология профессоры және Джонс Хопкинс университетінің профессоры Мачей Банах.
Холестеринді төмендетуге арналған біріктірілген терапия емдеудің алтын стандартына айналуы керек. Фото newcastleherald.com.au сайтынан алынды
Бұған дейін жоғары қауіп тобындағы пациенттерге холестерин деңгейін төмендететін біріктірілген терапияны бірден тағайындау керек пе, әлде алдымен оларға жоғары дозалы статин тағайындап, екі айдан кейін оның әсерін бақылап, содан кейін ғана эзетимиб қажет пе екенін шешу керек пе деген сұрақтарға нақты жауап болмаған еді.
Иллинойс университетінің профессоры және Джонс Хопкинс университетінің медицина кафедрасының доценті Питер Тот былай дейді:
«Бұл зерттеу холестеринді төмендетуге бағытталған біріктірілген терапияны дереу қарастыру қажеттігін және бұл тәсіл жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі жоғары қауіп тобындағы пациенттерді емдеудің алтын стандартына айналуы керектігін растайды».
Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, статиндермен бірге эзетимибті бірден қосу, монотерапияның әсерін кемінде екі ай күтпей-ақ, холестерин деңгейін жылдамырақ төмендетуге және жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім-жітім қаупін айтарлықтай азайтуға көмектесетінін сенімді түрде мәлімдеуде.
Ең бастысы, бұл тәсіл жаңа қымбат дәрі-дәрмектер сатып алуды немесе басқа қаржылай шығындарды қажет етпейді. Жаңа тәсіл алғашқы және қайталанатын инфаркт пен инсульт, сондай-ақ жүрек жеткіліксіздігі сияқты асқынулардың көрсеткіштерін төмендетуі мүмкін, ал бұл кез келген денсаулық сақтау жүйелері үшін өте қымбат, маңызды көрсеткіш саналады.
Global Burden of Disease және Америкалық кардиологиялық қауымдастықтың деректері бойынша, LDL-холестериннің жоғары деңгейіне байланысты өлім-жітім Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда ең жоғары болып сақталуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда да жыл сайын жүрек-қан тамырлары ауруларынан шамамен 40 мың адам қайтыс болады. Бұл аурулар еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналады.
Біріктірілген терапия барлық медициналық нұсқаулықтарға енгізілсе, жыл сайын 330 000-нан астам науқастың өмірі сақталады. Фото hospitalsmagazine.com сайтынан алынды
Профессор Банах: «Жүрек-қан тамырлары аурулары жыл сайын әлемде шамамен 20 миллион адамның өмірін алып кетеді. LDL-холестеринді төмендетуге арналған біріктірілген терапия барлық нұсқаулықтарға енгізіліп, жоғары холестерині бар пациенттерге қолданылған болса, бұл жыл сайын 330 000-нан астам науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берер еді», – дейді.
Зерттеуші ғалымдар бұл біріктірілген терапияны осындай пациенттерді емдеудің алтын стандарты ретінде қарастыруды және оны барлық болашақ емдеу нұсқауларына енгізуді ұсынуда.
Статиндер көптеген жылдар бойы қауіпсіз қолданылып келеді. Олар LDL-холестеринді бауырда оның түзілуін азайту арқылы төмендетуге көмектеседі. Эзетимиб холестериннің ішекте сіңірілуін тежеу арқылы тағамнан алынатын холестерин мөлшерін азайтады.
Кейбір пациенттерге статиндер әсер етпейді, сондықтан оларға статинмен бірге эзетимиб тағайындалады. Жоғары дозалы статиндер «жоғары қарқынды» статиндер деп аталады, ал орташа дозалар «орташа қарқынды» немесе «орташа дозалы» статиндер деп аталады.
Профессор Тот: «Біздің нәтижелеріміз «неғұрлым төмен болса, соғұрлым жақсы және ұзақ» деген қағиданың ғана емес, сонымен бірге «неғұрлым ерте болса, соғұрлым жақсы» қағидасының да маңыздылығын көрсетеді. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупі бар пациенттерді емдеуде және медициналық асқынулар мен өлім-жітімді болдырмауда өте маңызды», – дейді.
Бұл зерттеудің басты күші – оның ауқымдылығы, өйткені ол 100 000 асатын пациенттерді қамтыған. 14 зерттеу жүргізілген, олардың 11-і рандомизацияланған бақылаулы зерттеулер, ал үшеуі когорттық зерттеулер болған.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Фото askendiet.com сайтынан алынды
Соңғы жылдары Қазақ елінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Бұл қуантатын жағдай. Алайда оң өзгерістерге қарамастан, жүрек-қан тамырлары аурулары елімізде қоғамдық денсаулық сақтау саласында әлі де өзекті проблема болып қалуда.
Ресми деректерге сәйкес, 35 пен 50 жас аралығындағы әрбір оныншы пациент жүрек ауруларынан зардап шегеді. Бұл – ел экономикасы үшін еңбекке қабілетті жас. Себебі 35 пен 50 жас аралығы – адамның кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі ең жоғары деңгейге жететін кезең.
Осы жастағы азаматтар – негізгі жұмыс күшін құрайды, елдің өндірістік, қаржылық және әлеуметтік салаларының дамуына тікелей әсер етеді. Олардың денсаулығының нашарлауы, әсіресе жүрек аурулары сияқты күрделі ауруларға шалдығуы, жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен өсіміне кері әсерін тигізіп келеді.
Сондықтан да мұндай демографиялық топтың денсаулығына ерекше көңіл бөліп, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндет.
Ескерту. Медициналық препараттарды дәрігерлердің кеңесімен ғана қабылдау керек.
Кардиолог ғалымдар мен дәрігерлер ғылыми зерттеудің толық нұсқасын Mayo Clinic Proceedings журналынан оқи алады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.