Қостанай облысында автожолдарды су басуының алдын алу үшін су толтырылатын бөгеттер қолданылмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы "ҚазАвтоЖолдың" баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қостанай облысында «Қостанай -Әулиекөл-Сұрған» автожолының (211 шақырым) және «Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы-Сарыкөл-Қостанай» автожолының (689-690 шақырым) учаскелерінде су тасқынының алдын алу бойынша маңызды шаралар жүргізілді. Осы ретте жолдарды су басудан қорғау мақсатында арнайы су толтырылатын бөгеттер орнатылды.
Су толтырылатын бөгет – ұзындығы 25 метр, биіктігі 1,5 метр болатын су өткізбейтін берік материалдан жасалған арнайы қорғаныс құрылымы. Құрылым ішіндегі арнайы саңылаулар арқылы су немесе ауа толтырылғаннан кейін, ол ауыр әрі тұрақты қалыпқа келеді. Мұндай бөгеттер судың таралуына жол бермей, кедергі жасайды.
– Су тасқыны қаупі жойылғаннан кейін бөгет ішіндегі су немесе ауа шығарылып, құрылым жинақы күйде бүктеліп, келесі қолдануға дейін сақтауға қойылады, – делінген ақпаратта.
Су толтырылатын бөгеттердің негізгі артықшылығы – олардың мобильділігі мен орнатылу жылдамдығы. Оларды тасымалдау оңай және су басу қаупі бар аумақтарға тез арада орнатуға болады.