Осыдан біраз күн бұрын қазақ мәдениетінде ерекше серпіліс болды. Qazaqstan телерадиокорпорациясы «Асыл мұра. 1500 тарихи аудиошығарма» атты жинақты жарыққа шығарып, халыққа таныстырды. Әрине, бұрын да түрлі антология мен жинақтар жарық көрді. Алайда «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жинақтың жөні бөлек екен.
1500 шығарманың ішінде қазақ өнеріне қатысты музыка атаулының барлық түрі қамтылған екен. Ән мен күйден бөлек, жыр-терме де бар. Кезінде халықтың көңілінен шыққан ретро әндер мен бесік жыры енген. Сонымен қатар, ертегінің аудио жазбаларының алар орны ерекше. Жеке-жеке тоқталып, өзімізге ерекше көрінген тұстарын айтып өтейік.
Әуелі жинақтың жалпы құрылымымен таныстырып кетейік. Алты бөлімнен тұрады: «Күйлер», «Жыр-термелер», «Халық және халық композиторларының әндері», «Ертегілер», «Бесік жыры», «Ретро әндер» деп аталады. Ерекше назар аударатыны – хронологиямен жиналғаны. Яғни, аймақ, мектеп деп емес, жазбаның ең ерте жазылғанынан бастап, кейінгі уақытқа дейін жалғасады. Сонымен қатар көпшілік ойлағандай бұл дисктер жиындығы емес. Кітап жинақтың мазмұнына арналған. Ал аудиожазбалар USB flash drive (флешка – ред.) жүктеліп, ұсынылған. Осы жинақты Spotify, Yandex Music, Apple Music сияқты танымал музыкалық платформалардан емін-еркін тыңдауға болады.
Бірінші бөлім күй жанрына арналады. Жалпы 400 күй бар. Ең ерте жазылғаны Құрманғазының күйі «Байжұма», Оқап Қабиғожин 1937 жылы жазып қалдырған екен. Қазақ күй тарихынан ойып тұрып отыр алған Дина Нұрпейісова, Лұқпан Мұхитов, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Қали Жантілеуов, Қаршыға Ахмедияров, Таласбек Әсемқұлов секілді тұлғалардың артынан қалған мұрасы бар. Бұл бөлімде домбыра күйімен қоса, қобыз және сыбызғы туындылары да осы жерде.
Екінші бөлімде жыр-термелердің бірегей нұсқалары берілген. Келесідей мәлімет жазылған:
«Жыр-термелер» бөліміне қазақтың төл өнері терме мен батырлар жыры топтастырылды. «Алтын қорға» сақталған ежелгі түркі заманынан бері жырланып келе жатқан батырлар дастаны да осы жинаққа енгізіліп отыр. Олар «Алтын қорға» Б. Тәжібаев, Б. Жүсіпова, Қ. Райысов, К. Рүстембеков, И. Омаров, Қ. Сарбасов, Ә. Еңкебаев, Ә. Манаповтың орындауында сақталған. Дастанның барлығы домбыраның сүйемелдеуімен жыршы-термешілердің, кейінгі толқын өкілдерінің орындауында да берілген.
Жинақтың мазмұнын оқып отырсақ, Асан қайғы, Кердері Құдайберген, Махамбет Өтемісұлы, Сүйінбай Аронұлы, Майлықожа, Базар жырау, Жамбыл Жабаев сынды өзге де 100-ден аса автордың 300 шығармасы енгізіліпті.
Бұл бөлімге ХХ ғасырда орындалған халық әндері мен халық композиторларының шығармалары енгізілген. Әндердің көпшілігі – алғаш орындаған әншілердің өз даусымен жазылған нұсқалар. Мысалы, тізімнің басында Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы орындаған «Балқадиша» әні тұр. Жалпы, Qazaqstan телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» «Балқадиша» әнін 24 әнші орындаған нұсқасы сақтаулы тұр. "Асыл мұра" жинағына «Балқадиша» әнінің 1925 жылы орындалған ең көне нұсқасы енгізілді.
Жинаққа енген туындылар – халық арасында ертеден келе жатқан әндер мен XIX–XX ғасырларда өмір сүрген Біржан сал, Жаяу Мұса, Мұхит, Ақан сері, Балуан Шолақ, Әсет, Естай, Мәди, Кенен Әзірбаев, Майра Уәлиқызы сияқты халық композиторларының шығармалары. Оларды Қосымжан Бабақов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сынды әншілер орындауынған екен.
Қазіргі уақытта халық арасында ұмытыла бастаған ертегі айту осы жинақта берілген.
Жинаққа 1967 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта таспаға түскен 100 қазақ ертегісі енді. Қазақ радиосында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен жалпы 350 шығарылым дайындалған. Хабарлар «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен топтастырылып, бүгінге дейін эфирден беріліп келеді, – деп жазылған.
Парақтап отырсақ, халық ертегілерімен қоса, жинақта Ә. Тәжібаев, С. Бақбергенов, М. Төрежанов, Ә. Табылдиев, А. Сейдімбектің ертегілері де бар. Ал оларды оқығандар Қ. Жәкібаев, З. Шәріпова, А. Серіков, С. Жақанова, А. Бектеміров сынды белгілі актер мен дикторлар.
Қазақ халқы бесік жырын баланың тәрбиесіне бастау болатын рухани бұлақ деп есептейді. Бұл — тек ана әлдиі ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрдің, дүниетаным мен тәлім-тәрбиенің көрінісі. Бесік жыры арқылы сәби алғашқы күнінен бастап ана тілін естіп өседі, сөздің сазына, әуен мен ырғаққа баулиды.
Келесі бөлімге күнделікті тұрмыста айтылып келген және кәсіби деңгейде орындалған бесік жырлары енгізілген. Олардың ішінде Ахмет Жұбанов, Манарбек Ержанов, Евгений Брусиловский, Ибрагим Нүсіпбаев, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев секілді сазгерлердің туындысы бар.
Сондай-ақ, бұл жырлар Ришат Абдуллин, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Суат Әбусейітов, Венера Қармысова, Зейнеп Қойшыбаева, Ескендір Хасанғалиев, Люция Төлешева, Байғали Досымжанов, Мәдина Ералиева және қазіргі замандағы әншілердің орындауында ұсынылған.
Соңғы бөлімде Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Теміржан Базарбаев, Әсет Бейсеуов, Мелс Өзбеков, Ескендір Хасанғалиев секілді қазақ ән өнері алыптарының 1950-1990 жылдар аралығында ел ішіне кең танылған әндері енген екен.
«Шығармалар реті «Алтын қорда» жазылған жылдарына сәйкес топтастырылған және ел ішіне кеңінен танымал болуына ықпал еткен алғашқы орындаушылардың даусымен түпнұсқа қалпында ұсынылып отыр. Ретро әндерді орындаушылар қатарында Жамал Омарова, Ришат пен Мүслім Абдуллиндер, Роза Бағланова, Раушан Мусабаева, Зейнеп Қойшыбаева, Бақыт Әшімова, Люция Төлешева бар. Кейбір шығармалардың ескі нұсқалары қорда жазылмағандықтан, әнді сақтап, келешекке жеткізу мақсатында қазіргі заман әншілерінің орындауында берілді», — деп жазылған.
Осы жинаққа енген күйлер мен жырлар, әндер мен ертегілер — қазақ халқының ғасырлар бойғы рухани мұрасының жарқын көрінісі. Халықтың дүниетанымы, тәрбиелік құндылықтары, тарихи жады мен эстетикалық талғамы осы шығармалар арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» сақталған бұл аудиоқазынаның жарыққа шығуы ұлттық өнердің алтын арқауын үзбей, болашақ буынмен жалғастыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр деп есептейміз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі