«Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының Күрделі құрылыс департаментінің директоры М. Жолдыбаев сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Антикордың мәліметінше, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты оған қатысты үкімді 9 қаңтарда жариялаған.
Ол орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.
Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сот залында сотталған адам қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енді.