Оның айтуынша, санада рефлексияның болмауынан ауыл қазағы прогресшіл мәдениетті қабылдай алмайтын, тілді, мәдениетті дамыту хақында айтылған жаңа ой мен идеяның мәнін түсінуге интеллекті жетпейтін, сонысымен өз жолына өзі көлденең тұрып алғанын білмейтін мылқау қара күшке айналған.
Қанағат Жүкешев: «Ұлтты оятатын фактор – азаматтық білім»
Aikyn.kz
1,593
оқылды

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қанағат Жүкешев – әлеуметтанушы, философ, лингвист, тәуелсіз зерттеуші. Оның айтып жүрген көп ойы қазақ филологиясында қызмет етіп жүрген ғалымдардың тарапынан қабылдана бермейді. Тіпті, оған қарсы шығатын, ұнатпайтын адамдар жетіп артылады. Десе де, оның біраздан бері айтып жүрген ойлары бүгінге дейін әлі өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, ауылға қатысты көзқарасы. Оның айтуынша, санада рефлексияның болмауынан ауыл қазағы прогресшіл мәдениетті қабылдай алмайтын, тілді, мәдениетті дамыту хақында айтылған жаңа ой мен идеяның мәнін түсінуге интеллекті жетпейтін, сонысымен өз жолына өзі көлденең тұрып алғанын білмейтін мылқау қара күшке айналған.

Осы жолғы сұхбатымызда Қанағат Жүкешевпен бұл тақырыптан бөлек, қазақ тілі, бұқаралық сана, қазақ тіліндегі контент мазмұны хақында әңгімелестік. Ендеше, қадірлі оқырман қауымнан осы бір сұхбатты ден қойып, мұқият оқып шығуын сұраймыз...

–  Қанағат аға, сіздің тіл жайлы, қазақтың ойлау жүйесі жайлы айтып келе жатқаныңызға да, жазып келе жатқаныңызға да біршама уақыттың жүзі болды. Өзіңіз де бір сөзіңізде үлкен танымға, философияға, тарихи негізге сүйенбеген, қажетті рефлексия елегінен өтпеген ғылымның қоғам мен ұлтқа берері шамалы екенін айтасыз. Сонда сіз айтып отырған мәселеге қайтып келе беретініміздің себебі неде?

– Қазақтың менталитетінде өзгерісті қабылдамау нышаны мығым орнаған. Әлім сақтан бері жайлау мен қыстау арасын шиырлағаннан басқаны білмей, киіз үйінен шықпай қойған қазақ, қазір де сол «укладынан» айырылғысы келмейді.

Жалпы, шаруа менталитетімен өмір сүріп жатқан жұрт сақтау, тұрақтылық деген ұғымдарды жаттап алған. Қоғамдық санадағы белең алған идеясы – дәстүрді сақтау. Бұл сөздер санадан орын алуға тиісті өзгеру, даму деген ұғымдарды ығыстырып, олардың орнын тартып алған. Сондықтан қазақ «өзгертейік», «өзгерейік», «талқылайық», «жаңа бағытқа бет бұрайық», «дамытайық» дегендердің шаужайынан ала түседі. Осылай, зиялы қауым тың ой, өзіндік пікір айтқандардың жауына айналып алған. Қазір сақтау және тұрақтылық деген герменевтикалық бұлыңғырлықтар мұратқа айналып, ұлттық идея деңгейінде көрініс беретін болған. Одан басқа айтары жоқ. «Дәстүрдің озығы мен тозығы болатыны» қазақтың қаперіне кірмейді. Ал «сақтайық» деп жүргендерінің дені – прогреске аяқ аттатпайтын, тозығы жеткен дәстүрлер. Мысалы, келін бала тауып, үйде отыруы керек, әулеттің кір қожалақ шалдарына сәлем қылуды білуі керек, тағы басқа деген сияқты. Қазір ЖОО-лардағы қазақ жігіттерінің үлесінен қыздардың үлесі артық болмаса, кем емес. Демек, өндірісте, мемлекеттік жауапты қызметтер атқаратындар арасындағы қыздардың үлесі де соған сәйкес. Қыздар арасынан шыққан өз ісінің кәсіпқой мамандары толып жатыр. Ал қазақтың беті жуылмаған кәркестелері оларды алдынан шыққан сайын сәлем қылғызып, аяғын жудырып, күлді көмеш оттың басына отырғызып қоймақшы. Мұндай дәстүрлермен қоғам алға баспайды.

«Өңкей қиқымның» арасында түсінуге интеллекті жететін адам жоқ

Кез келген нәрсені сақтау үшін, оны сүрлеу керек. Сүрлегенде сему болады, даму болмайды. Даму болмаса, ыдырау болады. Ыдырау – кез келген заттар мен құбылыстардың мәнділік циклының логикалық қорытындысы. Ғаламдастыру жағдайына бейімделе дамудың жолын таппай, тек сақталуды ғана мұрат тұтқан қазақ қоғамын аңтарылу құбылысы иектеп алған. Санада рефлексияның болмауынан ауыл қазағы прогресшіл мәдениетті қабылдай алмайтын, тілді, мәдениетті дамыту хақында айтылған жаңа ой мен идеяның мәнін түсінуге интеллекті жетпейтін, сонысымен өз жолына өзі көлденең тұрып алғанын білмейтін мылқау қара күшке айналған.

Дүниежүзілік өркениеттің қайда маңып бара жатқанынан хабары жоқ, жүз трюизм кемерінен аса алмайтын, шаруадан шыққан «зиялының» жұтаң санасының жеткен жері осы: “Оян қазақ” деп ұрандаймын, ал оятатын ой мен идеяға жол бермеймін, өзіңді ешқашан оятпайтын ауыл көрпесіне қымтап тастаймын”.

Бұл – әлеуметтік психологияның қолы. Ресейде бұл ғылым жоғары дамыған. Қазақстанда іс жүзінде жоқ. Жалғыз маман бар. Осы шырғалаңнан шығудың жолын көрсетіп, бәрін түсіндіріп бере алар еді. Бірақ зиялы деп аталатын қара нөпір мен шенеунік деп аталатын «өңкей қиқымның» арасында мұндайды түсінуге интеллекті жететін адам жоқ.

– Ал біздегі ұлттық тұтастықтың іргесі қашан сөгілді немесе ол бұрын болған ба еді?

– Қазақта ұлттың іргесі қаланған жоқ, сондықтан сөгілетін ештеңесі болған жоқ. Қазақтар аграрлы қоғамда, ұлтқа дейінгі қауымдастықтарға тән сипаттамалармен өмір сүріп жатыр. Ұлтқа тән қасиеттерді бойына сіңіре алған жоқ. Ұлттық ұғымы мемлекеттік ұғымының синониміне айналған жоқ, бұрынғыша, тар мағынада қалып отыр. Тарих философиясы мен әлеуметтік психологияда қағидаланған әмбебап талаптарға сай келетін ұлттық нышандар орныққан жоқ: қазақ ұлттық өнеркәсіпті меңгерген жоқ; тауар өндірісін жолға қойған жоқ; нормаланған ұлттық әдеби тіл жасалған жоқ; қазақтілді мәдениет ұлттық (мемлекеттік) сипат алған жоқ; шектеулі аграрлық (коммунистік-феодалдық) тақырыбымен қалып отыр; ұлттық психология орныққан жоқ; әлеуметтік ортада рулық психология үстемдік етеді.  Қазіргі қазақ деп аталып жүрген халық 42 рудан және он шақты руға кірмейтін топтардан тұратын конгломерат сапасында, адамдар қауымдастығының ұлтқа дейінгі деңгейінде өмір сүріп жатыр.

Ұлт – өнеркәсіпті қоғамның жемісі. Қазақ қоғамының басына түскен тауқыметі өзімен бәсекелес қоғам – Ресеймен салыстырғанда, өркениет сатысының төменгі басқышында қалып қоюынан басталған болатын. XVI ғасырда Еуропа елдері Протестанттық қозғалыстың нәтижесінде, Католик шіркеуінің түнегінен босанып, білім мен ғылымның дамуына жол ашты. Осы ғасырда алғашқы индустриялы мемлекет Нидерланды пайда болды. Келесі ғасырда Еуропаның ірі державаларының бірі Англияның   өнеркәсіпті қоғамға аяқ артуы бүкіл Көне құрлықтың дамуына жаңа импульс алып келді. Еуропа индустриализмі аумақтық және рухани жағынан өзіне жақын тұрған Ресейді де соңынан ертіп әкеткенде, Қазақстан аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен қалып қойды. Қазақтың төрт ғасырға созылған тауқыметі осыдан басталды.

Қазақ билеушілері қалалық өркениетке ден қоймады; бекіністер салмады; шекарасын қымтамады; металлургиямен айналыспады (бағзы заманда бұл саланың дүниежүзілік орталығы болғанына қарамастан); әскер жасақтамады. Зеңбірегі мен мылтығы болмағандықтан, қылыш пен найзамен қаруланған, соғыс өнерін меңгермеген қазақ сарбаздары жаудан оңбай жеңіліп жатты. Бұған дейін өзіне салық төлеп келген елдің шиті мылтықпен қаруланған төрт жүздік жасағы келгенде, қазақтың алдына салып айдап жүрген төрт миллион қойының септігі тимеді. Ендігі «соғыстың құдайы» зеңбірек екенін түсінуге қазақтың аграрлық жұтаң санасы жар бермеді. «От қару» иеленудің қамын жасаудың орнына, бұрынғыша, қорыққанынан қалшылдап, омалған өмірін сүре берді.

Заманауи өркениеттік тұрғыдан зерделегенде, қазіргі қазақты меңдеген тығырық атаулының түпкілікті себебі қоғамның формациялық артта қалуында екеніне ешкім шек келтіре алмайды. Ғылым мен білімнен де, саясат пен құқықтан да адыра қалып отырған қазіргі қазақтілді қауым, өркениеттер дамуы контексінде, дүниежүзілік қауымдастыққа қосылуға дайын емес. Ұлт болып ұйыса алмауының салдарынан, қазірге дейін «Оян, қазақ» деп айғайға қосылып қойып, «ел бола аламыз ба?» сұрағының жауабын таба алмай, далбасалап өмір сүріп жатыр. 

Дүниежүзі елдері өркениеттік дамудың индустриялы басқышына өтіп кеткенде, қазақтың аграрлы қоғамда – формациялық артта қалуының кері салдары қоғам өмірінің барлық аясында айшықты көрініс беріп отыр. Рухани кеңістікте саналы адам төзбейтін келеңсіздіктер белең алған. Көркем әдебиет, ғылым, мектеп, БАҚ, тұтастай ұлттық мәдениет, заманауи өркениет көшінің шаңының астында қалып отыр. Индустриялы өркениетте қазақтың отырғаны опақ, тұрғаны сопақ, ойлағаны шолақ, әрекеті олақ, зарлағаннан басқа бітірері жоқ, мүсәпір күйге түскен. Ауылдың артқа сүйреуші фактор екенін, прогресті қаладан іздеу керегін, тауар өндірумен айналысып, ашық қоғам құру қажет екенін түсіндіруге қазақтан шыққан ұлық пен ғалым атаулының кәлласында сұр қоймалжың жетіспеді. Қазақтың ғасыр сұрағының жауабы  осы.

– Жалпы, Кеңес билігі келмей тұрып, отаршылдық саясаттың қандай да бір ықпалы болды ма?

– Отаршыл империялардың құрылуының басты ұстанымы отарлаушы елдің индустриялы қоғамға өтіп кетуі мен бағынышты елдің аграрлы қоғамда қалып қоюына негізделген. Дамудың индустриялы басқышына өтіп кеткен алақандай Англия Шығыстың ұлы державалары – Қытайды жартылай, Үндістанды толық отарына айналдырды.

Адамзат тарихы екшеп шығарған, уақыт сынынан өткен, дауға түспейтін аксиомалар бар: индустриализм дамудың барлық параметрі бойынша озық, аграрлы қоғам барлық параметр бойынша тозық. Озық ел тозық елге ықпал жасап қоймайды, оны ұршықша ойнатады, кез келген уақытта құртып жібере алады. Қазақтардың майданда ойсырай қырылуы, 380 рет көтеріліс жасап, 380 рет жеңілуі, жасанды ашаршылықта халқының ⅔ бөлігінен айырылуы, миллиондап шетке қашуы,  бұлар – ықпалдың салдары емес, күштінің әлсізді шайнамай жұтуының айғағы.

Республикада таралымы тәуір деген газетте қызмет ететін бір ессіз журналист «қазақ атакәсібінен айырылмауы керек, ауылда тұрып та қаланың игілігін пайдалануға болады» дегенді айтып еді. Бұл адамға қой бағумен айналысу қазақтың ғана атакәсібі емес екенін, ешбір дамыған елдің адамдары осы кәсіптен айырылмаймыз деп жүрмегенін түсіндіру оңайға соққан жоқ. Ағылшындар да – қой баққан ел. Бірақ олар қазақтар сияқты, қойды сойып, патрохасына тойып алып, кекіріп, текеметте аунап жатқанды бақыт деп санаған жоқ. Қойдың жүнінен бостон тоқыды, бостоннан костюм тоқыды. Костюмімен дүниежүзін киіндіріп қойды. Тілімен дүниежүзін шүлдірлетіп қойды.

Демек, «қой бағумен айналыспа» деп ешкім айтпайды. Тек ол кәсіпті өнеркәсіптік амалдармен жүзеге асыр және тауар өндірісіне бағытта. Қазақты қойға жетпес қойторысымен, қойдың құйрығын құрттауға салып қойма.

Қазіргі қазақтың тартып отырған тауқыметінің түпкілікті себебі біреу-ақ. Ол – ауылда тұрып, ет жегеніне мәз болып өмір сүру. Қазақ бұл өмірге тек ет жеу үшін ғана келген сияқты.

Қазақтың ғасыр сұрағының жауабы осы – формациялық артта қалу.

– Одан кейін Кеңес Одағының құлауы алдында қазақ тілі мен ұлттық мәдениеттің жағдайы апаттық межеге жеткенін айтасыз. Бірақ кейбір адамдардың аузынан ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында құрылған театрлар, 1936 жылғы Мәскеудегі мәдени декада «ұлттық рухымызды, ұлттық мәдениетімізді көтерді» дегенді де естідік. Мәселен, бұған дейін Өзбекәлі Жәнібеков секілді тұлғалардың тайқазанды тарихи мекеніне алып келгенін, Наурызды қайтарғанын, ұлттық ансамбльдер құрғанын мақтанышпен айтып келдік. Бірақ сіздіңше, ұлттық мәдениет сонда да апаттық межеде болды ма? Мұны нақты қандай факторлармен дәлелдей аласыз? Қазақ мәдениеті мен тілі жойылуға шақ қалды дейтіндей, ол кезде қандай үдерістер жүріп жатты?

– Иә, театрлар құрылғаны, Мәскеуге гастрольге барғаны, арқадан ұлық қаққан әртістердің мәз болып қайтқаны, бәрі рас. Кейін, 60-70-жылдары да қазақ өнерінің салыстырмалы жетістікке жетіп жүргені, тіпті «ұлттық рухымызды көтергені» де шын. Алайда осылардың бәрі кезеңдік, алдамшы жетістіктер болатын. Ұлттық мәдениет сол кездің өзінде-ақ апаттық межеге бет алған болатын. Өйткені Кеңес кезіндегі мәдениеттің жетістіктері – инертті, рухани базасы әлсіз болды. Инертті деп отырғанымыз, бұл жетістіктер қаймағы бұзыла қоймаған қазақ тілінің қуатына, ұлы фольклорлық шығармаларға арқа сүйеді. Қазақ мәдениетінің базасы осы болды. Сауатсыз болса да, дарыны мен құлшынысы бар, халық арасынан шыққан өзөнерпаздардың (самодеятельность) фольклорлық шығармалардың инсценировкасы форматында дайындаған дүниелері ұлттық опера және балет жанрының дүниеге келгені ретінде қабылданды. Шынында, өткен ғасырдың 30-жылдарында өмірдің өзінде болып жатқан оқиғалардан туындатқан, кәсіпқой либретто авторының төл шығармасы болған жоқ.

Мәдениеттегі интеллектілік база да әлсіз болды. Институттық білімі бар кәсіпқой қайраткерлер болған жоқ. Ауылдан келген өзөнерпаздар жасаған «керемет» мәдениеттің баянды жалғас табуы мүмкін емес болатын. Ол жылдары қазақтар халық шаруашылығын индустрияландыру науқанына қатысқан жоқ, ауылда тұрып қаланы жайлап алғандарды тамақпен қамтамасыз ететін арзан жұмыс күші сапасында ұсталды. Қазақты қалаға келтірмеу, өнеркәсіптен аулақ, ауыл резервациясында ұстау бағыттары 80-жылдардың аяғына дейін жүзеге асырылып келді.

Күләш Байсейітованың тобы Мәскеуде жетістікке жеткен кезде, ұлттың 64 мың зиялысы итжеккенге айдалып жатты...

Кеңес-қазақ коллаборант-филологтері ана тілін алға бастырмаудың небір қитұрқы амалдарын ойлап шығарып, компартияның тіл саясатын жүзеге асырып жатты. «Алпысыншыжылдықтар» деп аталатын жазушылар тобы қазақты қалаға жібермеу идеологиясын діттеген шығармалар жазып, өз ұлтының өркениетке қосылу жолына тосқауыл қойды. 700 мектеп жабылды. Қатардағы «мырқымбайлар» мен «шоқпыттар» коммунизмге таяп қалдық деп масайрап, «торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда, жарқырап Лениндей, күн шығып атты таң» деп, көсемнің атын гимнге де қосып алып, шын жүрегімен, екілене орындап жүрді. Қазақ композиторы «мақтан сен, қазақ, төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ» деген әнсымағын мұрнын желпілдете, шабытпен шырқап жүрді. Мәдениет пен өнердің барлық түрі тоқырау шеңберінде қамалып жатты. Осылардың дені Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрлігінде, Қазақстан КП Орталық Комитетінде жұмыс атқарып жүрген (1977-1991) мерзіммен тұстас келеді.

Қазақ «оқығандары» биліктің алдымен автономия, артынан одақтас республика мәртебесін беріп қойып, ұзын арқан, кең тұсауға салып, түбінде  қазақты халық ретінде жойып жіберудің іргетасын қалап қойғанын сезген жоқ. Күләш Байсейітованың тобы Мәскеуде жетістікке жетіп жатқан жылдары ұлттың 64 мың зиялысы итжеккенге айдалып кетіп жатты. Өркениетті қоғамның кәсіпқой мәдениетін жасауға қабілеттілер солардың ішінде кетті. Егер Кеңес кезінде перспективалы мәдениеттің іргесі қаланған болса, қазіргі қазақ мәдениеті тасқа шауып, төске өрлеп жүруі керек еді. Қалыптасқан ахуал мұны растамайды.

2013 жылдың жазында Астанада жаңа опера және балет театрының ғимараты пайдалануға берілді. Мәдениет министрі оны дүниежүзілік стандарттарға сай, сыртқы сәулеті бойынша классикалық, ішкі безендірілуі ультразаманауи деп сипаттады. «Астана-опера» М.Төлебаевтың туындысы «Біржан-Сарамен» ашылды. Алайда осы ультразаманауи сарайдың ішіне кіргенде жетесі бар адамның желкесін  ауыр зіл басады, оның көңілі құлазып сала береді. Неге? Бұл сұрақтың жауабы да сұрақпен беріледі: енді осы ғажап ғимараттың сахнасына шығаратын қазақ опералары мен балеттері қайда?

Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының репертуары негізінен шетелдік авторлардың шығармаларынан тұрады. Ішінара өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қазақ авторларының шығармалары қайталап қойылып жатады. Өйтпеске шара жоқ. Репертуар тапшылығы алдан көлденеңдей береді. Театр тәуелсiздiктен кейiнгi кезеңде қазақ тілінде сонау Кеңес кезiнде жазылған, қазiргi көрермендi тартпайтын, Ә.Кекiлбаев пен Е.Рахмадиевтiң «Абылай ханынан» басқа татымды ештеңе ұсына алмады. Ауылдан шыққан қазақ авторлар опера мен балет жазатындай, көрермендері оны көріп бағалайтындай деңгейге дейін өспедi.

– Бір пікіріңізде: «Бейнелілік – аграрлы қоғамның, орнықтылық – индустриялы қоғамның тіліне тән құбылыстар» дейсіз. Сонда қазіргі біз қолданып жүрген қазақ тілінде ешқандай нақтылық жоқ па? Қазақ тілінің бүгінгі құрылымы қазіргі ғылым мен технологияның тіліне айналуға қабілетсіз дей аласыз ба?

– Индустриялы қоғамда ақпарат алмасуда тiлдегi күшейткiш элементтердi пайдаланып, ойды бейнелеп жеткiзуге тырысу жаппай қабылданатын құбылыс бола алмайды. Онда керісінше, бейнелілікті сақтауға тырысу – тілді тығырыққа тіреудің бірден-бір жолы.

Иә, дұрыс айтасың, «қазіргі біз қолданып жүрген қазақ тілінде ешқандай нақтылық жоқ». Түсініксіз. Түсініксіз тілді меңгеру мүмкін емес. Қыз баланы – бүлдіршін, жетекшіні – көшбасшы, негізгі заңды – Ата заң, біріншіні – тұңғыш,.. деп айтамыз деп, әр ұғымның мағынасын төңкеріп бергеннен қазақ тілін үйрену еселеп қиындап отыр.

Мысалы, қазақ тілінде мынадай ақпарат берілді дейік: социалистік партияның серкелері жас бүлдіршіндермен кездесіп, оларды наурыз тойымен құттықтады. Қазақтілділер бұдан еш секем алмайды, жөн екен, қазақша осылай сөйлеу керек деп, құптай қабылдайды. Ал орыстілділердің құлағына сөйлем түрпідей тиеді. Олар мына формада қабылдайды: кастрированные самцы козла социалистической партии встретились с трехгодовалыми самками верблюда и поздравили их с наурызской свадьбой.

Қазақ тілі еш тілден кем де емес, артық та емес

Сөйлемді әдеби нормаға сәйкестендіріп, ресми стильде қайта құрғанда мынадай формаға келер еді: социалистік партияның жетекшілері балалармен кездесіп, оларды наурыз мерекесімен құттықтады. Қазақтар жосықсыз бейнелілікке салынбай, ресми стиль сақтап сөйлей білсе, орыстілділер нұсқаны адекватты қабылдар еді: лидеры Социалистической партии встретились с детьми и поздравили их с праздником наурыз.

Қатардағы адамдардың тұрмыстағы ауытқыған қолданысы ресми ақпаратта түзеусіз көрініс табады. Сондықтан қазақ сөзінде байланыссыз тіркестер, паразит сөздер, пунктир формалар, будан тіркестер, амфиболиялар, гипербаттар, тавтологиялар, палимфраздар, перегринизмдер, плеонастикалық тізбектер,  үйіліп, төгіліп отырады. 

Қабілетсіз тіл деген ұғым жоқ. Қазақ тілі өзге тілдермен салыстырғанда, олардан артық та емес, кем  де емес, сөздік қоры бай да емес, кедей де емес. Қазіргі қазақ тілінің күйі оның индустриялы қоғамда әмбебап қолданылатын тіл бола алмай отырғанымен сипатталады. Оны мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызметін атқара алатындай деңгейге көтеру – айналасы 10-15 жылдың ішінде жүзеге асыруға болатын шаруа. Тек бізде филология деген ғылым жоқ. Оның орнында филологияның атын жамылған паранаука бар.

Нағыз ғылым ретінде дамып отырған филология болса, жоқ тілді бар жасай алады (эсперанто), өліп қалған тілді тірілте алады (иврит). Қазіргі қазақ тілінің алдында кесе-көлденең тұрған бір-ақ кедергі бар. Ол – тіл саласын басқарушылар мен филолог атаулының сауатсыздығында, кәсіпқойлықтан жұрдай, не істерін және кімге істету керегін білмей отырғанында.

Ал бейнеліліктің ғылыми сипаттамасына келетін болсақ, оны қазақ тiлшi ғалымдары қазақ тiлiнiң «артықшылығы» және «жағымды ерекшелiгi» ретiнде лепіре айтып жүреді. Бейнелi сөйлеуге тырысу қастерлей ұстанатын бағыт ретiнде әлi қалмай келедi. Қазақ лингвистикасын иектеген, толып жатқан іргелі қателіктердің бірі осыдан бастау алады.

Классикалық түсiнiкте бейнелiлiк деп көркем әдебиет туындыларын жасаушының сипаттап отырған объектiнi, құбылысты, оқиғаны немесе  кейiпкердiң әрекетiн шынайылықтан тыс, әсiрелеп көрсетуiн айтамыз. Ондай мақсатқа қол жеткiзу үшiн автор тiлдегі бейнелегiш құралдарды – троптарды (теңеулер, аллегориялар, гиперболалар, метафоралар, эпитеттер, литоталар) пайдаланады. Сөздерді астарлы мағынада қолдануға көбірек барады. Қазақ тілінде сөз қолданғанда, күшейткіш коннотациялық реңк беруге тырысушылар аталған троптармен қоса, синонимдерді, мақалдар мен мәтелдерді, елiктеуiш сөздерді қолдануға бейімдік танытады.

Академик Ә.Қайдаров бірде «қазақ тілінің ерке-бұлан қасиеті, бейнелеушілік, образдық табиғаты кез келген сөзді бұғау салып, термин етіп қолдана беруге көне бермейді» деген тезисін алға тартқан еді. Бейнелі сөйлеуді бетке ұстаған академиктің бұл тұжырымынан терминдердің оңбай жүруі тілші ғалымдардың зерттеуіндегі дәйектіліктің жетіспеуінен емес, оған «көнбей» жүрген қазақ тілінің «асаулығынан» деген ой аңғарылады. Демек, бұдан ұғарымыз – өзге тілдердің «еркелігі» жоқ, «бұғау салдырады», термин жасауға «көнеді», ал қазақ тілі «көнбейді». Академиктің коннотациясына сүйенсек, өзгелерден «ерке-бұландығымен», «бейнелеушілігімен», «бұғау салдырмайтынымен», демек «керемет асқақтығымен» ерекшеленетін қазақ тілі, құрып кеткенде рухани салаларда, соның ішінде, көркем әдебиетте маңдайы жарқырап, өркениеттің алдында, өзгелерден озып бара жатуы керек еді. Өкінішке қарай, нағыздық мүлдем керісінше.

Терминдердің өзін бейнелендіріп жіберу қазақ тілін ешкім ұқпайтын, ешкімге меңгерте алмайтын күйге түсіріп берді. Мысалы, қазақтар 1995 жылы Ата заңымыз қабылданды деп соға береді. Қазақ тiлiнде ата заңы деген ұғым аталар қолданған заң, демек өткен ғасырларда қазақ хандары мен билерi қолданып ел басқарған, реттiлiк орнатқан заң деген ұғымды бiлдiредi. Егер сөз Жеті Жарғы, Қасым ханның қасқа жолы немесе әмеңгерлiк туралы болғанда, оны ата заңы деуге болады, ол дұрыс қолданысқа жатады. Ал қазiргi қолданыстағы ата заң деген тiркес тұрмыстық ойлау стилінен туындап отыр. Тұрмыста (үйде) ең үлкен адам – ата. Осыдан, сөйлеу мәдениеті төмен ауыл адамының әдетіне сай, заңдардың үлкенi ата заң болып шығып отыр. Ресми тіл стиліне дағдыланған адам тұрмыстық қойыртпақты қабылдамайды.

Қазақ филологтерінің ізімен, түркi-моңғол тiлдерiнiң, соның iшiнде қазақ тiлiнiң басқа тілдерден артықшылығы ретінде сипатталатын «бейнелiлiгiнен» туындаған «құдiреттiлiгiне» сенсек, қарапайым логика бiздiң алдымыздан мынадай сұрақтарды алға тартады: бiздiң тiлiмiз «бейнелiлiгiмен құдiреттi» болса, онда бейнелi бола алмағандықтан, құдiреттi бола алмай жүрген тiлдер қайсы? Мүмкін, «құдiретсiздердiң» қатарына ағылшын немесе орыс тiлiн жатқызуға болатын шығар. Бұл екеуінің алдымен ауызға ілігуін біздің үштілділік практикасын енгізуді көздеген ниетімізден туындаған деп түсіну керек.

Егер түркi-моңғол, соның iшiнде қазақ тiлi «бейнелiлiк құдiретiмен» ерекшеленетiн болса, онда қисынға сай, мұндай тiлдерде көркемөнердiң теңдесi жоқ туындылары жасалып, бұл жағынан «бейнелi» болмағандықтан, «құдiреттiлiкке» қол жеткiзе алмай жүрген Еуропа елдерiнiң тiлi қазақ прозасы мен поэзиясынан үлгi алуы керек қой. Бейнелi болмағандықтан, «құдіретсіз» болып қалған ағылшын немесе орыс тiлi көркемөнерде қазақ тiлi жеткен деңгейге жете алмаса керек едi. Өкінішке қарай, бұл тезистің ғылыммен қоңсы қонбайтынына көз жеткізу қиын емес. Қазақ және ағылшын тiлдерiнiң көркемөнердi дамыту практикасы бұл тұжырымды растамайды, түсiнiк қандай кереғар болса, салдар да көңілдегіден сондай алшақ. 

Батыс лингвистикасы бейнелілікті тілдің ерекшелігі ретінде қарастыруды қуаттамайды. Отандық лингвистикада қағидаланып қалғандағыдай, бейнелiлiк қазақ тiлінің де ерекшелiгi бола алмайды. Бейнелiлiк – тiлдiң тарихи даму үдерісінде көрініс беретін, кезеңдік құбылыс. Дәлірек айтқанда, бейнелiлiк барлық тілге тән, бірақ олардың тек дамудың аграрлы баспалдағында болу кезеңінде айшықты көрініс береді. Бейнелілікке үйірлік – агарлы қоғам адамының лингвемасының ерекшелігі.

Барлық индустриялы қоғам кезінде даму сатысының аграрлы баспалдағында болған. Сол баспалдақта өмiр сүрген кездерiнде ол қоғамдағы тiлдердiң бәрiнде бейнелiлiкке үйiрлiк көрiнiс берген. Қазiргi ғылым мен технология үстемдiк еткен индустриялы заманның «қасаң» тiлiнде сөйлейтiн ағылшындардың өзi де аграрлық қоғамда өмiр сүрiп жатқан кезде ойларын бейнелеп жеткiзуге құштарлық танытқан, күшейткiш тiлдiк құралдарды көп қолданған. Оны Ф.Бэкон былай сипаттаған: «Бiлiмнiң әлi аз кезiнде, ғылымның әлсiз шағында, қазiр жалпыға танымал және жауыр болып отырған түсiнiктер әдеттегiден тыс, оғаш көрiнiп, сирек естiлiп жүрген уақытта адым аттаған сайын метафоралар мен теңеулер естiлушi едi». Аталған ғалымның XVI-XVII ғасырлар тоғысында өмiр сүргенi белгiлi. Бұл – Англияның қоғам дамуының аграрлықтан индустриялы басқышына өтiп жатқан, өнеркәсiп пен ғылымның дамуы қарқын алған шағы болатын. Сол заманда ағылшын тілін стандарттау жұмысы қарқынды жүргізіле бастады.

– Бұдан бөлек, тағы бір айтып жүрген сөзіңіз бар. Ол – өзіңіз жиі мысал қылып келтіретін америкалық лингвист Эдуард Сепирдің «француз тілін үйренуге ол тілде оқуға татитын әдебиет болғандықтан құмар» деген сөзі. Бұл сөзді мысал қылуыңыз да бекер емес қой. Қазақ тілінде оқуға татитын әдебиеттің соншалық аз болғаны ма? Мысалы, қазір қалада өскен, қалада тұрған жас һәм орта буындағы жазушылардың шығармасын тек аграрлы қоғамның аясында қарастыра алмаймыз ғой?..

Қазақ тіліндегі көркем әдебиетте ауылда, отбасында болып жатқан әлеуметтік-тұрмыстық оқиғаларды, ішінара тарихты, мәдениет пен өнердегі көріністерді сипаттау бар. Бірақ олар қазіргі қоғам адамдарының тағдырына қатысты емес. Біз жеңілдік, шетке қаштық, аштықтан қырылдық,.. деген сияқты мұңлы тарих, күңіренген өмірдің сүреңсіз көрінісі; жайлау мен қыстау арасында маңып бара жату; қойқора маңындағы оқиғалар, көңді ауылды сағынып, туыстар туралы ән салып, кетіп бара жату   орыстілді қауымның қызығушылығын тудырмайды.

Олар қалаға көшіп келген күннің ертеңінде қалалық бола қалған жоқ...

Көркемөнер де статистикалық күйден шыға алмады, өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы орнынан алға жылжыған жоқ. Өнердің барлық түрінде де алға басу байқалмады. Соңғы онжылдықтарда бірде-бір татымды опера жазылмады. Музыка өнері де Қалдаяқов кезеңінде тұрып қалды. Қазақтілді қауым рухани болмысымен, менталитетімен аграрлы қоғамның құшағында қалып отыр. Тиісінше, қазақтілді көркем әдебиет те тек аграрлы қоғам адамдарына қызмет көрсетіп жатыр. Қоғамның индустриялы секторына олардың қатысы жоқ сияқты. Демек, қазақ тілінде аграрлы қоғам әдебиеті бар, индустриялы қоғам әдебиеті жоқ. 

Бір ескертпе үнемі алдан шығып отырады: қазақ тілінде контент жоқ. Оқулықтарға енгізуге болатын, сол арқылы тіл үйрену қажеттігін тудыратын әдебиет жоқ. 

Иә, қалада тұратын, мектепті, ЖОО-ны осында бітірген, жасы 30-40-тарға келген жазушылар бар. Олардың жазып жүргендерінің дені шолақ сөйлемдерден, бейпіл мәтіндерден тұрады. Егделер арасында ЖОО-ны бітіріп, осында қалып қойып, саналы өмірін қалада өткізгендер толып жатыр. Бірақ олардың да жазғандарының бәрі аграрлы қоғамның аясында қарастырылатын дүниелер, тек қаштық, қырылдық, ауыл, қойқора,.. Өйткені олар қалаға көшіп келген күннің ертеңінде қалалық бола қалған жоқ. Әлеуметтік психология қағидалары бойынша, сенситивті жасын ауылда өткізіп келген адамның тек жетінші ұрпағы ғана қала зиялысы межесіне жете алады.

«Қазақ тілінде оқуға татитын әдебиет бар» дегенде біздің ойымызға өткен ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі кезеңнің әдебиеті және сол уақытта өмір сүрген оқырмандар оралуы керек. Ал филологияның дүниежүзіне танымал майталманының концепті қазіргі Қазақстанда өнеркәсіп аясында өмір сүріп жатқандар үшін оқуға татитын әдебиет тапшылығы (жұмсартып айтқанда) хақында айтылғанда, өз күшінде деген сөз.

– «Өнеркәсіпке, технологияға, қала өміріне қатысты сөздік қоры қанша аз болса, қазақ тілінде шығарма жазатын жазушының да ойы сол салада имманентті жұтаң». Бұл да – сіздің сөзіңіз. Неге жай жұтаң ғана емес, «имманентті» дейсіз? Себебін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Қазақ тілінің қала өмірін сипаттайтын лексикасы тым қораш. Ғылым, техника, технология салаларындағы жағдайды айтпағанның өзінде, кәдімгі қала пәтеріндегі немесе офистегі күнделікті қолданыстағы заттардың қазақша атаулары орныққан жоқ (мысалы, розетка, выключатель, диван, кресло, плинтус, шкаф, лампа, папка, файл, диск, монитор, принтер,т.б. ). Әзірше тіл жанашыры деп аталатындар осы өрісте бірдеңелерін былықтырып ұсынып жүр. Қазақ тілінің индустриялы қоғам шынайылығын сипаттауға лексика көлемінің жетпей жатуы – оның әуел бастағы әлеуетінің әлсіздігінен емес, соңғы ғасыр ішінде жүргізілген тіл саясатының мемлекеттік іс жүргізуден аласталып қалуының салдары.

«Имманентті» – тәнділікті, сәйкестікті білдіретін ұғым. Демек, урбанолект қаншалықты жұтаң болса, жазушының да сөздік қоры соншалықты таяз. Содан баршаға тіл үйретудің аса қиын мәселелерінің бірі туындап отыр. Қала өмірін сипаттайтын әдебиет болмаса, қазақтың өзі қала өнеркәсібіне тартылмаса, қазақ тілі де қалаға ене алмайды. Академиялық мекемелерде тіл істеріне қатысы бар лауазымда отырғандар құбылыстың сырын түсінуді, шара қолдануды ойлап жүрген жоқ. Олардың тілді қала өміріне енгізу мәселелеріне араласуға интеллект қарымы жетпейді.

–  Шектеулі мәдениет жайлы жазғаныңызда, олардың (шектеулі мәдениет өкілдерінің) бұқараны жалпыадамзаттық өркениетке қосуға тырыспайтынын, керісінше өзі соңынан ілесетінін, бұқара айтып жүрген идеяларға құмар екенін әрі оның қарадүрсін өмірін сипаттайтынын, сонысымен топқа жағатынын айтасыз. Егер бұл өлшемге салсақ, біз үлгі тұтып жүрген қазақ әдебиетінің біраз «классигі» осы қатарға еніп кетпей ме?

– Менің рухани дүние туралы концепттерімнің лейтмотиві –  қазақтың тілін әдеби нормаға түсіру, тіл контенті арқылы ұлттың рухын көтеріп, қоғамды дамудың индустриялы басқышында өмір сүріп жатқан, азаматтық-құқықтық қоғамдар қатарына қосу.

Бұл трендті жүзеге асыру үшін қазақ зиялысы индустриялы қоғам өмірін көркем сипаттай алатын, демократиялық әдебиетті, алдыңғы қатарлы өркениеттер тұтынатын озық мәдениетті меңгеруі керек. Әзірше қазақ ортағасырлық тұңғиықтан шыға алмай, малтып жүр. Айтып жүрген сөзі мен қылып жүрген қылығының бәрі – қате. Қазақ тілінде оқуға татитын контент жасауға үйрету керек. 

Ұлттық мәдениеттің дамуына жаңа импульс беру үшін, ең алдымен, көркемөнердегі тақырыптық саясат қайта қаралуы керек. Мәдениет қайраткерлері:

 ұлт мүддесіне қайшы, заманауи адамдардың санасына оғаш психологиялық әсер ететін, пайдасыз идея ретінде ауылды әспеттей сипаттаудан, ауыл тұрмысы мен тіршілігін идеалдандырудан, қазақты ауылға қайтаруға үгіттеуден, болмаған ұғым ретінде «ауыл мәдениетін көтеру» туралы жалған теориядан;
 ауылшыл патриоттық тұрғыдан қала өркениетіне қарсы субкультура жасаудан;
кеңестік идеология тұрғысынан батыс өркениеттерінің мәдениеттеріне қарсы контркультура жасаудан;
көркемөнердің мұраты бола алмайтын, шығармаға арқау етуге татымайтын тақырыптарды өнер объектісіне айналдырудан бас тартуы керек.

Зиялы делінетін қауымды, алдымен, саужой форматында, қазақ тілін меңгеруге, сонан кейін, қазақ тілінде оқуға татитын контент жасауға үйрету керек.

– Өткенде бір YouTube арнаға берген сұхбатыңызда «әлеуметтік сегмент ретінде қазақтілділер мәдениетті жасап жатыр, бірақ халықтың жартысы орыстілділер, солардың тарапынан қабылданбайды» дедіңіз. Мына жерде мәселе қазақтілді орта қалыптастырып отырған мәдениеттің сапасында ма, әлде орыстілді ортаның қазақ мәдениетінен мүлдем алшақтауында ма?

– Қазақтың санасына салмақ түсіретін ауыр жағдайдың бірі осы болып тұр. Шынайылыққа  объективті көзқарас танытатын адам үшін бұл шымбайға тиетін нәрсе емес, әрине. Тыңдау керек, ой елегінен өткізу керек, сонан соң шешім қабылдау керек. Әрекет ету керек. Бірдеңені бүлдіріп қойып, оның теріс екенін айтқан адамның өзінің бетін тырнап, мынау бізді қаралап, қорлап жатыр деп, байбалам салғаннан нәтиже шықпайды.

Қоғамда бір әлеуметтік сегментті құрайтын топтың (орыстілділердің) екінші әлеуметтік сегмент өкілдерінің (қазақтілділердің) мәдениетін қабылдамау құбылысы болып жатыр. Бұл – қанша ышқынсаң да, қышқырсаң да, көз жасыңды бұлап, зарласаң да болып отырған объективті ахуал. Дамудың индустриялы басқышына өтіп кеткен қауым аграрлы қоғамда өмір сүріп жатқан қауымның қолымен жасалған мәдениетті тұтынудан бас тартып отыр. Оның экзистенциялы себептері бар.

Қазақтікі атаулыдан үркітіп жүр

Қазақтілді контенттің тақырыбы шектеулі, мазмұны жұтаң, идеясы прогреске қарсы. Қазақтілді мәдениеттегі қаладан қашу идеясы қазақ еместерге ғана емес, орыстілді қазақтардың өзіне де жат. Соңғы жылдары қытай косметикасын жағып алып, өлі немесе тірі екені белгісіз кейіпке еніп алған қыздардың домбырасын құшақтап, аяғын айқастырып отырып ән салуы жиі көрініс беретін болды. Ауылдан келген күлді көмеш орындаушылардың қойқорасы мен туыстарын сағынып, сызылтып салған әндері мен «мың бұралған» билері, орыстілді азаматтарды ұлттық руханиятқа тартып жүрген жоқ, керісінше, қазақтікі атаулыдан үркітіп жүр. Олар өз сезімі туралы ашық айтпайды, руластарының ызасынан сескенеді, оларды ренжітуге батылы бармайды. Қазақтілділерге орыстілді азаматтардың ындыны мен жан дүниесін сезінетіндей түйсік жетіспейді.

Ал қазақтан өзге, орыстілді қауым болса, аборигендік руханилыққа тартылмайды, керісінше, айтарлықтай алыста. Өркениет сатысының төменгі басқышында – аграрлы қоғамда қалған халықтың дүниетанымы тар, мәдениеті төмен, ойы орашолақ. Рухани туындыларының сапасы төмен, өмірлік қызмет аясында қолдануға жарамайды, озық қоғам адамдарының талғамына татымайды. Сонысымен, өзгелерді қазақтікінен үркіту факторларына айналған. Ортағасырлық феодалдық мәдениеттің орны тарих қойнауында. Қоғамдық прогрестің үкімі – осы.

Мәдениетті қабылдамау тілді де қабылдамауды білдіреді.

– Сондықтан қазақ тілінің өндірісте, бизнесте, қала өмірінде, халықаралық қатынаста үнемі қолданыста болуы үшін не қажет?

– Қазақ тілі өндірісте, бизнесте, қала өмірінде, халықаралық қатынаста үнемі қолданыста болуы үшін оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған парадигма бойынша, Еуропаның озық лингвистикасында қорытылып шығарылған теориялар мен практикаларға сүйеніп, реформалау және жетілдіру (модернизациялау) қажет.

– Сіздің ауылға қатысты айтқаныңызды «кеңес саясатымен ғана байланысты екен» деп (біржақты) ұғатындар бар. Бұған байланысты не дер едіңіз?

– Ауыл мен қала – менің қолыма қалам ұстап, бірдеңе жаза бастағанан бергі сүйікті тақырыбым. 40 жыл бойы діттегенім – қазақты көңге көмілген ауылынан құтқарып, бетін жуып, индустриялы өркениетке қосу. Сүйенерім: озық елдерде, тарих философиясында қабылданған қағидалар – қала әрқашан алда, ауыл әрқашан артта, ауыл қаланың соңынан ереді,  ұлт болудың шарттары: халықтың тауар өндірумен айналысуы, нарықтық қатынастардың орнығуы, құқықтық мемлекеттік құрылуы.  Ауылдан шыққысы келмейтін халық ешқашан ұлт болып ұйыса алмайды. Барар жері – тарих қойнауы.

Дүниежүзінің барлық елінде, тарихтың барлық кезеңінде солай болған, қазір де солай, бұдан кейін де солай бола береді. Адамзаттың тарихи тәжірибесі осыны айғақтайды. Туыстары туралы әнін салып, қоржын тамын сағынып, қара өгізін өңкілдетіп (таяуда бір жазғыш «қара өгіз» деген шығарма жазып, оны өзгелері «керемет» деп қолпаштап жатты), қаладан ауылға қашып бара жатқан халық прогресс жасай алмайды. 

–  Сэмюэль Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы мен әлемдік тәртіптің қайта құрылуы» кітабында қырғиқабақ соғыстан кейінгі негізгі қақтығыстар идеология емес, өркениеттер арасындағы айырмашылықтан туындайтынын болжайды. Кітаптың ХХ ғасырдың аяғында жарық көргенін ескергенімізбен, ішіндегі көп болжам расталып жатқандай көрінеді. Менің осы тұста Қазақстанға қатысты мынадай сұрағым бар. Мәселен, С.Хантингтон өркениеттер арасындағы «фундаментал айырма» тарих, тіл, дін, дәстүр екенін және соған бірігетінін айтса, біздің қай өркениетке қосыла кету «қаупіміз» бар? Немесе ендігі қазақ қоғамында үлкен бір конфликт туындай қалса, ол тіл үшін болмай ма?

– Таяудағы онжылдықтарда Қазақстан қақтығыстар түйілісінде ілдалдалап өмір сүреді.  Қақтығыстар тіл үшін болмайды. Тіл жанашырлары деген топқа енетіндер – филологтер, журналистер, жазушылар, тіл істерімен айналысып жүрген мемлекеттік және мемлекеттен тыс ұйымдар, бәрі жиналып бұған дейін ештеңе бітірген жоқ, бұдан кейін де ештеңе тындыра алмайды. Дегенмен тіл мәселесі көп күтпеген тараптан келген, бөгде күштің әсерімен осы жылдан бастап бірбеткей шешімін табуға бағыт алады. 

Үлкен қақтығыс саясатта 2022 жылы басталған болатын, әлі жүріп жатыр. Ол – Ескі және Жаңа Қазақстан деп аталып жүрген күштер арасындағы текетірес. Тәжірибелі саясатшылар мұны түсінеді. Қ.Тоқаевтың саяси реформалары, елбасизмнің зардаптарын жоюға бағытталған әрекеттері Назарбаев кланын иненің ұшына отырғызды. Зауал шаққа тірелгенін сезген Ескі Қазақстан қазіргі билікке өшіге шабуылын күн сайын үдетіп отыр, Ресейдің көмегімен, қазіргі Қазақстан билігіне жан-жақты қауіп төндіріп жатыр. Бұл қақтығыс таяуда бабын таппайды, әлі ондаған жылдарға созылады. Қаңтар-2 кез келген айдың кез келген күні Қазақстанға есік қақпай кіріп келуі мүмкін.

Соңғы 3000 жыл ішінде өркен жайып, мығым орнаған, адамзат тарихының мазмұнын айқындап келе жатқан, екі дүниежүзілік өркениет тұрпаты бар. Олардың біріншісі – адам құқығын мойындайтын, демократиялық басқару амалын, шаруашылықты индустриялық әдіспен жүргізетін батыс өркениеті. Екіншісі – адам құқығымен санаспайтын, деспотиялық билікті ұстанатын Шығыс өркениеттері. Бұлардың дамуы, тарихтағы орны, заманауи дамуға әсері туралы мағлұматта шек жоқ.

Қойылып отырған сұраққа қатысты, қазақ мынаны білуі керек. Батыс өркениеттері дамудың барлық сара жолын ашып берді. Озық елдердегі заманауи ғылым, техника, технология, шаруашылық жүргізу, құқықтық қоғам, әлеуметтік өрлеу, мәдениет,.. бәрі батыс өркениеттерінің үлгісімен жасалып жатыр. Бастысы және қазақ үшін тағдыршешерлік фактор бар. Ол – Батысқа қосылу. Батыстың адам құқығын, демократиялық басқару құндылықтарын қабылдау арқылы дамудың индустриялы басқышына жол тартқан, азаматтық қоғам орнату.

Қазақтың ессіздігі, ұлттық ойының кемістігі – бұл бір рет жұтылып кетуден бөгде күштердің ықпалымен аман қалғанын ұмытып, авторитарлық империяның құшағына қайта ұмтылуынан көрініс беріп отыр. Кейбір саясатшысмақтар, журналистер мен блогерлер – Ескі Қазақстаннан ләпаха алып отырған жалдамалылар елді осы апаттан құтқару жолында жанын шүперекке түйіп, тынымсыз еңбек етіп жүрген Жаңа Қазақстанға қарсы шығып, аузына түскен балағат көбіктерін шыбығы сыздаған бураша шашып жүр.

– Былтыр «Қазақтың қалшылдап қалмағанынан қорқамын» деп көлемді мақала жаздыңыз. Мұнда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтына, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығына өте қатты сын айттыңыз. Бұған қатысты жауап болды ма? Жалпы, сіздің көп пікіріңізге неге жауап жоқ, неге үнсіз деп ойлайсыз? 

– Қ.Қалыбаева деген профессор «Жүкешев қазақ ғалымдарын жерден алып жерге салды» дегенді айтты. А.Салқынбаева «қазақ ғалымдарына күл шашты» деді. Иә, филологтерді «жерден алып жерге салғаным» рас. Бейнелеп айтқанда, «күлдің астына көміп тастағаным» да рас.

Кінәлаулардың бұлардан да сорақылау бірнешеуін айтайын.

Мен кейбір филологтерді «цербер төбет» деп атап, үшбасты тамұқ күзетшісімен қоса суретке басып, ФБ-ға шығарып қойдым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Бір «академиктің» «сараптамасына» жауап ретінде екі тілде мақала жазып («Түйеқұс қорғанысы», «Страуасовая оборона»), лаққан пікірлерін көзіне шұқи көрсетіп, құмға басын тыққан суретін келтіріп, республикалық газеттерде жарияладым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Қазіргі қазақ филологиясында лауазымды орындарда отырған бір топ дәрежеленген филологтердің (А.Фазылжанова, т.б.) ана тілін көктетпей жүрген әрекеттерін бандер-логтардың гимні фонында әшкереледім.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Он шақты филологтің аттарын атай отырып, дөйдала көпірген, сауатсыз тұжырымдарын памфлет жанрында жарияладым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Заманауи лингвистиканың бірқатар өзекті тақырыптары бойынша филологтерге саужой форматында деп  жариялап тұрып, дәріс оқыдым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Апатия – өлімнің қасына барып тұру.

Осылардың бәрін шын ынтыға істеген жоқпын. Жазып отырғанда да өзіме ризалық сезімге бөленіп отырмадым. Еріксіз, кеңірдекке тұрып қалған түйткілмен жаздым. Қыл үстіндегі тілімнің тағдыры мені осындай ұрымтал әрекеттерге мәжбүрледі. Себебі, құбылыстың тіл тағдырына, ұлт тағдырына қатысы болған соң, демек  қазақ руханиятындағы аса маңызды шындықты ашу қажеттігі болған соң, еріксіз осылай істедім. Қазір де өзімді зорлап айтып отырмын.

Оппоненттерімнің үнсіздігі – апатияның көрінісі. «Апатия деген – өлімнің қасына барып тұру деген сөз» (Хаббард Л. Рон.).

Бұл – қазақтың рухани зиялысының жанының мұрнының ұшына келген, анабиоз күйі.

Өлім алдындағы әрекетсіздік.

Өлуге келісу.

Зауал шақ.

Қазақтың рухани өлімі туралы алғаш рет айтып отырған мен емеспін. Халықтың апатияға түсіп кеткен күйін сипаттап жүрген ғалымдар да, жырлап жүрген ақындар да бар.

Өліксің сен, өліктен де бетерсің.

Әй, білмеймін, тіріле алар ма екенсің деп жырлаған болатын солардың бірі (Иран Ғайып).

Отандық филологтер – айтары жоқ, жауап беруге қауқары жоқ, филологиядағы импотенттер. Менің идеяларыма қарсы аргументпен, дәлелмен шығуға дәрмені жоқ. Интеллект таяз. Түсіндіргенді ұқпайды. Мәселені ашық талқылаудан қашып жүреді.

Отандық филологтер О.Сүлейменовтің классикалық лингвистикалық талдауларына да пікір айтпады. Президент Қ.Тоқаев ұсынған парадигмаларға қатысты ауыз ашпады. Содан бері 5 жылдың жүзі болды. Қазақ тілін реформалау, модернизациялау қажеттігі, ол шараларды Еуропаның озық линвистикаларында қорытылып шығарылған теориялар мен практикаларға сүйеніп жүзеге асыруға қатысты бірде-бір филолог жақ ашпады. Өйткені олар реформалау, модернизациялау деген терминдердің мәнін түсінбеді, нанға жағып жеуге болатынын немесе болмайтынын ажырата алмады.

Озық елдердегі филология ғылымының даму бағыттарымен, лингвистикалық зерттеулерде қолданылатын ғылыми аппаратпен таныс болмағандықтан, отандық филологтер индустриялы қоғамда тілді дамыту тақырыбында пікір алысуға дайын емес. Мысалы, кірпіш, цемент, тақтай дегендердің не екенін білмейтін құрылысшы бола ма? Ал отандық филологтер жалпыхалықтық тiл, әдеби нормаланған тіл, көркем әдебиет тілі, тіл стандарты, тілдің репрезентациялау қабілеті деген ұғымдарды түсінбейтінін өздері әшкерелеп берді. Тіл білуді қоғам мүшелерiнiң бәрiне мiндетті сапалы контентпен емес, әкімшілік қысыммен жүзеге асырылады деп түсінді. Сөйлеудің ресми стильдерін дұрыс саралай алмады, тұрмыстық стильде сөйлеудің тілді меңгерілуін болдырмай отырғанына көз жеткізе алмады.

Мен журналистерден филологиядағы академиктер мен профессорларды қатыстыра отырып, аталған тақырыптар бойынша ашық пікір алысу ұйымдастырғанын қалар едім. 

– Жақсы. Дүниеде «оянбайтын» халық жоқ делік. Ал ұлтты оятатын факторлар қандай?

– Саяси тұрғыдан қарағанда, ұлтты оятушы факторлардың түп қазығы – азаматтық білім. Ол кешенге философия, саясаттану, құқықтану, әлеуметтану, тарих, психология, демография, т.б. қоғамдық білімдер шоғыры енеді.

Бұған әдебиет, мәдениет, соның ішіне, музыка, бейнелеу өнері, театр, кино өнерін қосыңыз. Осылардың бәрінде ұлттың прогресіне септігін тигізетін мазмұн болуы шарт. Мәдениет пен білім тозығы жеткен дәстүрді, тұрмыстық қарадүрсінді, діни шалалықтарды уағыздаудан кескін арылуы керек.

Бізде 90-жылдардың екінші жартысы мен нөлінші жылдар ішінде кең ауқымды, нағыз азаматтық білім кешені жасалған болатын. Орта және кәсіптік мектепке арналған «Адам. Қоғам. Құқық», «Адам және қоғам», «Қоғамдық білім негіздері», Қазақстан тарихы пәндерінің оқулықтары, хрестоматиялары, әдістемелік құралдары жасалып, «Мектеп баспасынан» басылып шығып жатты. Оларда адамзат өркениетіне, демократиялық Батыс және авторитарлық Шығыс қоғамдарының тарихи дамуына салыстырмалы сипаттама беріліп, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы қоғам құру үдерістері мен жетістіктері тәпсірленді. Кәсіптік және ЖОО-ларға арналған кітаптар көп тиражбен жарияланып, таралып жатты. Ол жылдары оқу орындарында ғана емес, пәтер иелері кооперативтерінде де (КСК) саяси-құқықтық тақырыптарға, сайлау үдерістеріне қатысты талқылаулар, пікірталастар өтіп жатты.  

Алайда қазақ жастары осы кең дарқан азаматтық білімнің уызына жарып үлгірмеді. Сұмырай келіп,  су құрыды. Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты. Демократиялық мазмұндағы азаматтық білімнің таралып жатқаны биліктің жоғары ұшына да жетті. Ол жылдары Бекболат Тілеухан деген е/а/лбас/т/ының шәуілдегінің дауысы өктем шығып тұратын. Ол орта мектепке арналған оқулықтардың бірінен «Шығыста авторитарлық елдердің билігіне келген тирандар тағынан айырылмауды ғана ойлап, маңайына туыстары мен достарын жинап алып, ел байлығын тонаумен айналысады» деген мағынадағы абзацты тауып алып, автор мұны біздің билікке тигізіп айтып отыр, тәрбиелік маңызы төмен, зиянды оқулық деп, жар салды. Сол жылдары телеарналардың бірінде «Кім?» деген бағдарлама болатын. Оның жүргізушісі менімен бірнеше адамды шақырып, талқылау өткізіп, қорытындысында менің оқулықтарымды экранға ірі жоспарда көрсетіп, мынадай оқулықтарды пайдаланудан аулақ болыңдар деп, бүкіл республикаға жариялап, биліктен бұл оқулықтарды мектепте оқытылдатын кітаптар тізімнен алғызып тастауды талап еткен еді .

Содан кейін, азаматтық білім кешеніне енетін оқулықтардың бәрі аласталып тасталды. Қазір мектептерде бұл бағыттағы пәндер мүлдем жүрмейді. «Қазақстанның жаңа тарихында» не жазылғаны баршаға аян.

Азаматтық білімді жаңғыртпай, бұқаралық санада ілгерілеу болмайды. Қазір бұл бағыттағы білім мазмұнын анықтаумен, стандарттары мен бағдарламасын жасаумен, оқулықтарын жазумен ешкім айналысып жүрген жоқ. Бұл – қозғайтын түйткілдері көп, ауқымы кең, аса маңызды тақырып. Бұл өрістегі жұмыстарды тереңінен қозғап, ретке келтіріп бере алатын елде бір-ақ адам бар.

 «Оян, қазақ» деп, күнде айғайлағаннан халық оянбайды. Халықты саяси оятушы факторлардың ең пәрмендісі – азаматтық білім. Азаматтық білімді меңгермеген халық алға баспайды. Демократиялы даму жолынан қиыс кетеді. Біздің қоғам дәл сондай күйге түскен. Енді бәрін қайта жаңғырту керек. Бұл – жеке қозғайтын, кең талқылауды қажет ететін, аса маңызды, тағдыршешерлік тақырып.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге көп-көп рақмет!

 Саған да көп рақмет!

P. S. Сұхбат берушінің көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.