«Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ отандық өндіріс техникасы мен көлік құралдарын сатып алу үшін «Қазақстанда жасалған» жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастады, – деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы алғаш рет 2020 жылғы сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосылған болатын. Аталмыш бағдарлама «ҚазАгроҚаржы» АҚ бағдарламалар қатарындағы ең сұранысқа ие бағдарламаның бірі деп саналады. Бұл техниканы 6% жеңілдетілген мөлшерлемемен, қаржыландырудың ұзақ мерзімі – 10 жылға дейін және лизинг нысанасының құнынан 15% – төмен аванстық төлеммен сатып алуға мүмкіндік беретін арнайы шарттарға байланысты.
2024 жылы «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша шаруалар 10,5 млрд теңге сомасына 336 бірлік техника сатып алды. Әсіресе, тракторлар мен комбайндарға сұраныс көп түскен. Жалпы алғанда, бағдарлама іске қосылғаннан бастап агробизнесмендер ауыл шаруашылығы техникасының екі мыңнан астам бірлігін сатып алған.
2025 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының шарттарын өзгеріссіз қалдырып отыр.
«Отандық өндірісті қолдау мақсатында фермерлерге отандық өндірілген/құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасы мен көлік құралдары мынадай жеңілдетілген шарттар бойынша қолжетімді: қаржыландыру мерзімі – 10 жылға дейін (басқа бағдарламаларда 7 жыл), жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемесі - 6%, аванс – 15% бастап. Сондай-ақ, бірінші лизингтік төлемді субсидиялар есебінен төлеуге болады», – делінген ресми хабарламада.
Биыл «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы да қолданыста екенін атап кеткен жөн. Шаруалар ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен, 7 жылдан аспайтын мерзімге, бірінші лизингтік төлемді 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігімен сатып ала алады. Бұл бағдарламаға 200 миллиард теңге бөлінген.
«Қазақстанда жасалған» және «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары бойынша өтінімдер қабылдау https://t.me/kaz_agro_finance_bot сілтемесі бойынша telegram-бот арқылы жүзеге асырылады. Өтінім берген соң клиент 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың толық пакетін «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына тапсыруы тиіс.
Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу шарттары туралы қосымша ақпаратты www.kaf.kz «ҚазАгроҚаржы» АҚ ресми сайтынан және өңірлік филиалдардан біле аласыздар.