Бүгін «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру бойынша Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов аймақтағы ахуалдың есебін берді, деп хабарлайды Аikyn.kz.
Тұрғын үй, мектеп, емхана: Ақмола облысында құрылыстың 70 пайызы тұралап тұр
istockphoto.com
239
оқылды

Жиынға "AMANAT" партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, партияның атқарушы хатшысының кеңесшісі Жігер Қалиев, "AMANAT MEDIA Group" ЖШС Бас директорының кеңесшісі Зарина Қуатова, сондай-ақ партияның орталық аппараты департаменттерінің директорлары қатысты. 

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бүгінгі жиынды аша отырып, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік сайлауалды бағдарламаның ережесін және Мәжілістегі сайлауда жеңіске жеткен "АMANAT" сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары бойынша  ұлттық даму жоспарын енгізуді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ, жол картасы қабылданып, оның орындалуын бақылауға Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдері, депутаттары, сондай-ақ министрлер алды. 

Оның айтуынша, тоғыз өңірдің есебінің қорытындысы бойынша әкімдіктер тарапынан процесті жоспарлау, ұйымдастыру, оны жүзеге асыру және жергілікті аймақтағы партия органдары мен мәслихаттар тарапынан мониторинг пен бақылауды ұйымдастыру бойынша елеулі мәселелердің туралап тұрғаны анықталды. Облыс бойынша құрылыстың 70 пайызы тоқтап тұр. 

- Сіздерге қойылатын сұрақ өте көп. Біріншісі - 2023 жылдан бері құрылысы бітпей келе жатқан Атбасар ауданы Новосельск ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунті жайында. Мәселе мердігердің жауапсыздығы үшін сотқа шағым түсірілген. Соның салдарынан құрылыс туралап қалыпты, ал енді қалған 10 пайыздық жұмысы қай уақытта аяқталады. Есептеріңіз бойынша Ақмола облысы бойынша Жол картасына барлығы 135 пункт енгізілген. Оны облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттың 185 депутаты бақылайды. 2024 жылға 109 тармақ орындалды дегенімен, оның орындалмаған 19 тармақтың 10-ы сонау 2023 жылдан келе жатыр.

Оған қоса,  Сандықтау ауданындағы Петровка ауылында мектептің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Бүгінгі таңда оның да құрылысы 90%-ға орындалды, мектепте абаттандыру жұмыстары әлі жүргізілмеді делінген. Сондай-ақ, Целиноград ауданы Жаңажол ауылында мектеп құрылысы 85%-ы ғана орындалыпты, бұған не себеп?- деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңірде "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша қалалық Жол картасының мониторингі ұйымдастырылғанын жеткізіп, фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы биылғы жылдың шілде айында аяқталатынына сендірді.

  "Осы үшін барлық партиялық ресурстар жұмылдырылды. Облыстық жол картасының пункттеріне партияның депутаттық фракциясының 187 мүшесі – барлық деңгейдегі мәслихат депутаты бекітілді. Мәселен, 130 іс-шараның 109-ы орындалды. Мысалы, аймақта 42 ет фермасы құрылып, жерді суару бойынша төрт жоба енгізілді және астық қоймаларын салу бойынша үш жоба жүзеге асырылды. Бұдан басқа, мәдениет және мұрағат бөлімінің қызметкерлеріне жалақыны 26% -ға өсті. Петровка ауылындағы мектеп бойынша абаттандыру жұмысы осы жылдың тамыз айында аяқталады. Қазіргі уақытта Петровка ауылындағы мектепте оқу процесі жүріп жатыр. Біз абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен ақша бөлінген. Сондай-ақ биылғы жылы Жаңажол ауылындағы мектепте қалған жұмыстармен мәселені шешеміз", - деді Ернар Жаркешов.

Бұдан басқа, Ақмола облысы бойынша бес тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай қалған. Ақкөл, Ерейментау және Есіл қалаларындағы 45 пәтерлі үш үй әлі аяқталған жоқ. Ұзаққа созылған жұмыстардың себебі  мердігерлер және құрылыс материалдарының қымбаттауы болса, Ақкөл ауданындағы үйдің құрылысы 2026 жылы аяқталады делінген.

Бұл ретте "AMANAT" партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев пен Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Ақмола облысында әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысы баяу жүргізіліп жатқанына назар аудартты. Отырыстың нәтижесінде облыс әкімінің орынбасарына әрбір кезең бойынша құрылысты іске асырудың нақты, кезеңдік жоспарлары-кестелерін әзірлеу және олардың орындалуын бақылауға алу тапсырылды.