Осы орайда Aikyn.kz депозиттерге кепілдік беру қорының байланыс орталығының жауаптарын ұсынады.
Қазақстандық банктердің салымшылары және барлық қазақстандықтар үшін Депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) 1460 қысқа нөмірі бойынша байланыс орталығы – банктердегі жинақ ақшаларды қорғау туралы ресми ақпарат көзі жұмыс істейді. Жыл барысында банктердің салымшыларын негізінен депозиттер бойынша кепілдіктер туралы жалпы сұрақтар қызықтырды.
1. Заңнама жалпы қандай жинақ ақшаларға кепілдік береді?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Ұлттық банктің еншілес ұйымы, банктердегі жинақ ақшалардың сақталуына кепілдік береді. Егер банк лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ салымшылармен есеп айырысуды өз жауапкершілігіне алады. Қорғалғандар:
-
банктік салымдар, оның ішінде мерзімді, мерзімсіз және жинақ салымдар, сондай-ақ талап етілмелі салымдар мен шартты салымдар,
-
салымдар бойынша есептелген сыйақылар,
-
ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар.
2. Теңгедегі жинақ, мерзімді, мерзімсіз салымдар, валюталық депозиттер, банк шоттары мен карточкалар қандай максималды сомаға қорғалған? Максималды кепілдік сомасы заңнама жүзінде белгіленген және 2022 жылдан бері мына сомаларды құрайды:
-
теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңге,
-
теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 миллион теңге,
-
шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңге.
3. Егер банк лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ өтемді қай мерзім ішінде төлейді?
Заң бойынша ҚДКБҚ банк лицензиясынан айырылған сәттен бастап, 35 жұмыс күні ішінде оның салымшыларына өтем төлеуді бастайды. Қор төлемнің қашан, қалай және қандай агент-банктер арқылы жүргізілетіні туралы республикалық баспасөз басылымдарында, kdif.kz ресми сайтында және Қордың әлеуметтік желілерінде ақпарат жариялайды. Мұндай ақпарат сондай-ақ БАҚ және телеарналарда айтылады.
Қор мамандары атап өткеніндей, іс жүзінде салымшылармен есеп айырысулар 6-8 жұмыс күні ішінде басталған.
4. Ал егер банкте ірі сома салынған болса ше?
Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше депозиті ашылған болса, онда ҚДКБҚ әрбір салымның түрі – жинақ, мерзімді немесе мерзімсіз салымдар бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, жиынтық қалдық сомасына кепілдік береді. Мұндай жағдайда салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 миллион теңгеден асырылмайды. Сондықтан Қор салымшыларға ақшаларын кепілдік шегінде бірнеше банкте әртүрлі салымдарда орналастыруға кеңес береді.
5. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қандай банктер қатысады?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерінен басқа отандық банктердің барлығы қатысады. Қазіргі уақытта бұл қатысушы банктердің саны – 19.
6. Бейрезиденттердің жинақ ақшалары: Қордың кепілдіктері оларға қолданыла ма?
Қазақстандық банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда, ол банкте депозиттері орналастырылған бейрезиденттер еліміздің заңнамасына сәйкес басқа салымшылармен бірдей дәрежеде кепілді өтем алуға құқылы. Яғни, жинақ ақшаны қорғауға арналған құқық салымшыға оның қай елдің азаматы екендігіне қарамастан беріледі.
7. Заңды тұлғалардың депозиттері қорғалған ба?
Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар (адвокаттар, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары және кәсіпқой медиаторлар) Қордың кепілдіктерімен қорғалған. Ал заңды тұлғалар, мысалы, ЖШС немесе АҚ, депозиттеріне депозиттерге кепілдік беру туралы заңнама қолданылмайды.
Сонымен қатар жеке тұлғаларға қолжетімді басқа, бірқатар қаржы құралдары Қордың кепілдіктерімен қорғалмаған. Олар:
-
металл шоттар,
-
банк ұяшықтарында сақталуда жатқан ақшалар мен құнды заттар,
-
депозиттік сертификаттар,
-
ислам банктері, оның ішінде шетелдік ислам банктерінің Қазақстан аумағында ашылған филиалдарындағы депозиттер.
8. Банк лицензиясынан айырылған кезде кепілді өтемді төлеу қанша уақытқа созылады?
ҚДКБҚ салымшылармен өз бетімен есеп айырысуды жүргізбейді. Өтініштер қабылдап, есептеулерді жүргізу үшін Қор істеп тұрған, жеткілікті филиалдық желісі және инфрақұрылымы бар, тұрақты банктер қатарынан агент банкті тағайындайды. Бұл банк лицензиясынан айырылған банктің салымшыларымен бір жыл бойында есеп айырысулар жүргізеді. Егер салымшылар төлем мерзімін өткізіп алса, олардың талап етпеген өтем ақшалары БЖЗҚ-ға салымшылардың ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Қазір ҚДКБҚ таратылып жатқан тоғыз банктің салымшыларына дәлелді себептерге байланысты өтем төлеу бойынша олардан өтініштер қабылдауды жалғастыруда.
9. Екінші деңгейдегі банктердің арасынан сенімдісін қалай таңдап, қалай бағалауға болады?
ҚДКБҚ депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы барлық банктерде салымдардың тең дәрежеде қорғалуын қамтамасыз етеді. Инвесторлар секілді салымшыларға да банктің сенімділігін бағалауға және жинақ ақшаны орналастыру бойынша ақылға қонымды шешім қабылдауға Moody’s, S&P және Fitch Ratings сынды халықаралық рейтингтік агенттіктердің рейтингі көмектесуі мүмкін.
Бұл деректер осы агенттіктердің интернет-ресурстарында, сондай-ақ банктердің ресми сайттарында ресми түрде жарияланады және жалпыға бірдей қолжетімді.
10. Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы ресми ақпарат қайда жарияланады?
Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы өзекті ақпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ресми сайтында қолжетімді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.