Америка президенті барлық еуропалық көліктерге 25%-дық кедендік баж салығын енгізді. Еуропалық саясаткерлер бұл шешімге қарсылық білдіруде.
Сауда соғысында кім жеңеді, ол немен аяқталады?
Адамдар үшін сауда, шопинг – жағымды терапия болса, мемлекет үшін бұл жойылып кетпеу тәсілі. Фото ru.freepik.com сайтынан алынды
662
оқылды

CNBC телеарнасының хабарламасына сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz еуропалық көлік өндірушілерге баж салығының кері әсерін талдайды.

АҚШ-қа импортталатын барлық шетелдік көліктер мен автокөлік бөлшектеріне қосымша баж салығы салынады. Фото The Washington Post сайтынан алынды. Авторлығы: Jabin Botsford

Германияның автокөлік өнеркәсібі АҚШ президенті Дональд Трамптың шетелден келетін автокөліктерге 25%-дық кедендік баж салығын енгізу жоспарын қатты сынға алды. Сәрсенбі күні (26 наурыз) Трамп АҚШ-қа импортталатын барлық шетелдік көліктер мен автокөлік бөлшектеріне қосымша баж салығы салынатынын мәлімдеді. Бұл шаралар 2 сәуірден бастап күшіне енбек. 

Аталған баж салығы жаһандық сауда соғысын айтарлықтай ушықтырады. Германияның экономика және автокөлік өнеркәсібі министрі Роберт Хабек бұл қадам еркін әрі халықаралық ережелерге негізделген саудаға ауыр соққы беретінін мәлімдеді. Ол Еуропалық Одақты Трамптың жаңа тарифтеріне «батыл жауап» беруге шақырды.

«Жоғары баж салығы туралы хабар – бұл Германия автокөлік өндірушілері үшін, Германия экономикасы үшін, ЕО үшін, сондай-ақ АҚШ үшін де жаман жаңалық. Қазір ЕО-ның нақты және батыл жауабы аса маңызды. Біз АҚШ-тың алдында шегінбейтінімізді көрсетуіміз керек. Бізге күш пен өз-өзімізге деген сенімділік қажет», – деді Хабек өзінің бейсенбі күнгі (27 наурыз) мәлімдемесінде.

Бейсенбі күні таңертең (27 наурыз) Еуропа автокөлік нарығындағы акциялар күрт төмендеді. Бұл Азиядағы автокөлік нарығының құлдырауынан кейін тіркелді. Францияның Valeo компаниясының акциялары Лондон уақыты бойынша таңғы 9-да 5%-дан астам төмендеді. Милан биржасында тіркелген Stellantis, германиялық Mercedes-Benz Group және Porsche компанияларының акциялары да шамамен 4%-ға құлдырады.

Volkswagen, Mercedes-Benz және BMW компаниялары табысының төмендейтінін ескертті. Фото carwow.co.uk сайтынан алынды

Неміс автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының (VDA) президенті Хильдегард Мюллер сәрсенбі күні (26 наурыз) былай деді:

«АҚШ тарапынан жарияланған 25%-дық қосымша баж салықтары – бұл ережелерге негізделген еркін саудаға қауіп төндіреді. 2 сәуірден бастап күшіне енетін бұл салықтар компанияларға да, автомобиль өндірісінің жаһандық жеткізу тізбегіне де ауыр салмақ түсіреді. Бұл әсіресе Солтүстік Америка тұтынушылары үшін жағымсыз салдарға әкеледі».

Мюллер сондай-ақ еркін және әділ сауданың трансатлантикалық серіктестік үшін маңыздылығын атап өтіп, АҚШ пен ЕуроОдақ арасында екіжақты келіссөздерді шұғыл бастауға шақырды.

«Жаһандық сауда қақтығысының қаупі – бұл әлемдік экономикаға, өсімге, әл-ауқатқа, жұмыс орындары мен тұтыну бағаларына теріс әсер етеді. Бұл барлық тарап үшін қауіп төндіреді», – дейді ол.

Сарапшылар бұған дейін АҚШ-тың кедендік салықтары Германия автокөлік секторына елеулі әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. 2023 жылы Германия – АҚШ-қа Еуропадан ең көп жеңіл автокөлік экспорттаған ел болған.

Соңғы айларда Volkswagen, Mercedes-Benz Group және BMW компаниялары табыстарының төмендейтіні бойынша ескертулер жасап, бұған Қытайдағы экономикалық әлсіздік пен төмен сұраныс себеп екенін айтқан. Ал Қытай – әлемдегі ең ірі автонарық.

Германияның Ұлыбританиядағы елшісі Мигель Бергер:

«АҚШ-қа автокөлік импортына енгізілген баж салығы негізсіз. Бұл – халықаралық сауданы тек АҚШ-тың мүддесіне бағындыруға деген талпыныс», – деді.

Еуропалық автокөлік өндірушілер қауымдастығы да ЕуроОдақ пен АҚШ арасындағы сауда соғысының жойқын салдарынан аулақ болу үшін бірден диалог бастауы керектігін мәлімдеген.

АҚШ аумағында өз тауарыңды сатқың келсе, оны сол жерде өндіріп сатуың керек. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo

Бұл сауда соғысында кім жеңеді, ол немен аяқталады?

Мұндай жағдайда «сауда соғысында кім жеңеді, кім жеңіледі?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Трамптың ұстанған бағыты – тәуекелі жоғары, бірақ ішкі өндірісті ынталандыруға бағытталған бизнес стратегия. Оның мәні мынада: егер сен АҚШ аумағында өз тауарыңды сатқың келсе, оны сол жерде өндіріп сатуың керек. Әйтпесе, импортқа баж салығы өнімнің құнын қымбаттатып, тауардың АҚШ нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Бұл саясат америкалық өндірісті қорғауға бағытталғанымен, бірінші кезекте америкалық тұтынушыға жаман, жаһандық жеткізу тізбегіне, шетелдік компанияларға қысым жасайды.

Еркін сауда дегеннің шын мәнінде жасанды миф екенін АҚШ президенті тағы бір мәрте дәлелдеді. Америка қаржылық-экономикалық үстемдікке ие болған, тауарлары, технологиясы мен доллары бүкіл әлемде жоғары сұранысқа ие болған кезде – америкалық бизнес өз өндірісін жұмыс күші арзан елдерде ашып, сол арзан өнімдерді ішкі нарықта сату тиімді болды. Алайда қазіргі геосаяси және экономикалық ахуал түбегейлі өзгерді.

Біздің сұрақтың жауабын мына видеодан тауып көріңіз: 

Бүгінде жаһандық аренада Қытай, Ресей мен Үндістан сияқты ірі мемлекеттер АҚШ-пен экономикалық, әскери және технологиялық қуаты жағынан теңесе бастады, тіпті кей тұстарда басып озуда. Бұрынғыдай доллар үстемдігіне негізделген сауда қатынастары өзгерді – көптеген елдер екіжақты саудада ұлттық валюталарға көше бастады. Бұл үдерістер АҚШ-тың жаһандық ықпалына соққы болды.

Осы жағдайда Трамптың таңдаған жолы айқын: бұрынғы одақтастары мен әріптестерін қорқыту, қысым көрсету және мәжбүрлеу арқылы Американың экономикалық және технологиялық көшбасшылығын сақтап қалу. Бірақ бұл саясат ұзақ мерзімді нәтиже бере ме? Әлемдік әріптестер мен бәсекелестердің қарсылығы күшейсе, АҚШ не істемек? Қазіргі таңда бұл сауда соғысының нақты жеңімпазы кім болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Жауаптан гөрі, сұрақ көп.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.