Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында жаңа әуежай құрылысы жүріп жатыр. Аталған жұмыс Мемлекет басшысының Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көлік министрі Марат Қарабаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов нысандағы құрылыс жұмысының барысын тексерді.
Қатонқарағай ауданындағы әуежай Белқарағай ауылы маңындағы 266 гектар жерде орналасады. Әуежай аймақтың климаттық және географиялық жағдайын ескере отырып салынуда. Жоба аясында алдағы уақытта кеңейту мүмкіндігі бар 2,2 мың метрлік ұшу-қону жолағы қарастырылды. Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуекемелерін қабылдау көзделген. Сонымен қатар жоба аясында толыққанды инфрақұрылым құру: 4 әуекемесіне арналған перрон, 4 мың шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, апаттық-құтқару қызметі, метеостанса және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 150 жолаушыны құрайды, бұл аймақ үшін оңтайлы әрі орнықты әуеқатынасы үшін тұрақты негіз болмақ.
«Қазірдің өзінде Қатонқарағайға жылына 100 мыңға жуық турист келеді. Алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 250 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Бұл бағыт қазақстандық және шетелдік қонақтар арасында сұранысқа ие. Нысан қолданысқа тапсырылған соң Қатонқарағайдан Астанаға, Алматыға және Өскеменге, сондай-ақ Алтай мен Қанасқа (ҚХР), Баян-Өлгейге (Моңғолия) дейін қатынайтын халықаралық рейстер ашылады. Көлік министрлігі жұмыстың орындалу мерзімі мен сапасын жіті бақылайды», – деп атап өтті Көлік министрі Марат Қарабаев.
Шығыс Қазақстан облысында туризм саласын одан әрі дамыту үшін Көлік министрлігі туристік нысандарға апаратын барлық жолдарды жөндейді.
«Биыл Қалбатау-Майқапшағай тасжолының құрылысы аяқталады. Алтай мен Қатонқарағай елді мекендері арасындағы, одан әрі Рахман қайнарына дейінгі учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Марқакөл көліне дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін биылдан бастап Теректі -Ұрынхай жолын жөндеу, сонымен қатар жалпы ұзындығы 120 шақырымды құрайтын Аустрия жолындағы көпірлер мен құбырларды жөндеу жоспарланған. Семей қаласына, сондай-ақ Риддер және Шемонаиха қалаларына баратын жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жолдар келетін туристер ағынын қамтамасыз етеді», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
«Бұл ауқымды жоба өңір үшін үлкен серпіліс болып, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Әуежайлардың құрылысы туризмнің дамуына, көлік-логистика инфрақұрылымының нығаюына және шетелдік инвестиция тартуға қуатты серпін береді. Жаңа кәсіпорындар ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артады деп күтілуде. Нәтижесінде, өңірде халық табысының өсуіне, тұрмыс сапасының жақсаруына және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің одан әрі нығаюына ықпал ететін айтарлықтай мультипликативті әсер болады», – деп атап өтті өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.