Елордаға жеткізілген құнды жәдігерлер қатарында имам Әл-Бұхаридің сия сауыты, «Халифа Османның қаны тамған» Құран кітабының көшірмесі және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Византия императоры мен Бахрейн короліне жазған хаттарының көшірмелері бар.
Құснихат шеберлерінің көрмесі өтті
266
оқылды

Орталық Азиядағы ислам каллиграфиялық шеберлері Астанада бас қосты. Елордада алғаш рет «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» атты көрме ашылды. Онда графикалық жазу өнері шеберлерінің 30-ға жуық туындысы қойылған.

Елордаға жеткізілген құнды жәдігерлер қатарында имам Әл-Бұхаридің сия сауыты, «Халифа Османның қаны тамған» Құран кітабының көшірмесі және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Византия императоры мен Бахрейн короліне жазған хаттарының көшірмелері бар. Оны өзбекстандық каллиграф Хабиболла Салиев жазып шыққан. Айтуынша, бұл – Құран кітабының 7-ші көшірмесі. Ең алғашқы жазбаға үш жылдан астам уақытын арнаса, қалған алтауы екі жылға жетер-жетпес уақытта жазылған екен.

«Пайғамбарымыздың жазған хатын айнытпай көшірдім. Папирустың көлемдері де бірдей. Бұл көшірменің бір ғана данасы. Бұдан бөлек, «Омардың қаны тамған Құранды» жеті рет көшіріп жаздым. Ең алғашқысы ұзақтау болғанымен, кейінгілерінде қолым үйреніп кетті. Негізі мұндай көрмелерді жиі ұйымдастырып тұру керек деп ойлаймын. Себебі, каллиграфия өнері ұмыт болып бара жатыр», - деді каллиграф Хабиболла Салиев.

Сондай-ақ көрмеге Орта Азиядағы жазу өнерімен айналысып жүрген басқа да шеберлердің туындылары да қойылған. Негізгі мақсат — ұмыт болған өнерді насихаттау, каллиграфия жазуын дәріптеу.

«Құснихат – ислам мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл көрме мен конференция өнердің дамуына ықпал етеді. Каллиграфия – ғасырлар бойы қалыптасқан өнер мен руханияттың айнасы. Ол тек эстетикалық сұлулық көрінісі ғана емес, тарихы терең рухани мәні бар. Бүгін біз бұл құнды мұраны сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу жөніндегі міндетімізді әйгілеп отырмыз. Мәдени мұрамызды қорғау – баршамыздың ортақ борышымыз және осындай шараларды мәдениет саласындағы маңызды қадам ретінде бағалаймын», – деді Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі.

Көрменің екінші күні «Каллиграфия өнеріне арналған халықаралық шеберлік сағаттары» өтті. Оның барысында түркиялық ғалым Метин Акар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы жазулары мен олардың қазіргі жағдайы жайлы баяндаса, өзбекстандық Гафуржон Хакбердиев Ислам каллиграфиясының негізгі стильдеріне тоқталды. Сонымен қатар өзбекстандық құснихат шебері Хабибулла Салиев куфалық мусхаф және басқа мусхафтардың жазу ерекшеліктері жайлы, Қырғызстаннан келген Таалайбек Кожомуратов Қолжазба Құран өнері туралы, ал отандық каллиграфтар Асылбек Орынбасар және Асан Махмуд қазақ каллиграфиясының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді.

Мейір Жасын

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.