Павлодар кардиоорталығының дәрігерлері жүрек-қантамыр патологиясы мен онколо­гиялық ауруы бар науқасқа аралас ота жасап, өмірін сақтап қалды.
Екі күрделі отаны қатар жасады
413
оқылды

Денсаулық сақтау министрлі­гі­нің мәліметінше, 67 жастағы нау­қас биыл ақпанда алдымен «Жүректің ишемиялық ауруы, ФК III кернеу стенокардиясы» диагнозымен ауруханаға жат­қызы­лады. Алайда ота алдындағы медициналық тексеру кезінде науқастың сол жақ бүйрегінен қатерлі ісік анықталған. 

«Бұл орайда, яғни науқасқа екі күрделі диагноз қатар қойыл­ған кезде дәрігерлер аса маңызды шешімдер қабылдауы қажет. 67 жастағы науқастың бастапқы диаг­нозына да күрделі ота қажет. Ал бүйрегіндегі қатерлі ісік жағ­дайды тіптен қиындатқан еді. Екі бөлек ота жасау науқастың өмірі­не тіптен қауіп төндіріп тұрды. Алды­мен бүйректі алып тастаса, жүрекке түскен жүктеменің сал­дарынан инфаркт қаупі жоғары­лай­тын еді. Ал жүрекке жасалған операция қатерлі ісік жасуша­ларының қанайналым жүйесі ар­қылы таралуына себеп болуы мүмкін», – дейді Павлодар кар­дио­ор­талығының дәрігерлері.

Барлық факторды ескере отырып, дәрігерлер бір мезгілде екі отаны қатар жасауға және симуля­циялық араласу әдісін қолдануға шешім қабылдады. Ота барысында алдымен нефрэкто­мия (бүйректі алып тастау), содан кейін жүректі шунттау жасалды. Операцияға кардиохирургтер, онкологтар, анестезиологтар, транс­фузиологтар және опера­циялық мейіргерлер қатысты. Күрделі медициналық ота сәтті өтіп, науқас оңалу кезеңінен кейін ауруханадан шығарылды, қазір жағдайы қалыпты.

Дәрігерлердің айтуынша, осындай аралас операциялар оңалту кезеңін қысқартып, шұ­ғыл кардиохирургиялық емдеуді қажет ететін онкопатологиясы бар пациенттерге уақытылы кө­мек көрсетуге мүмкіндік береді.

Н.ОРАЗҒАЛИ