Соның ішінде қылмыспен күресте Ұлттық қауіпсіздік комитетіне артылатын халықтың сенімі жоғары. Есірткі бизнесін жою, заңсыз көші-қонның жолын кесу, заңсыз қару айналымына тоқтау салу, діни радикализммен күрес сында тағы да басқа қылмыстарды ауыздықтауда ҰҚК-нің өзге органдармен біріге атқарған тиімді іс-шараларын көріп-біліп отырмыз. Солардың бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдік.
Заңсыз қару – қауіпті
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарудың заңсыз айналымына қарсы тұру әрекеті бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Биылғы жылдың басынан ҰҚК полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп 12 автомат, 41 тапанша, 75 мылтық, 36 граната және әртүрлі калибрдегі 1 603 оқ-дәрі тәркіледі. Бұл қарудың едәуір бөлігі «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған, барлығы 2022 жылдан бастап ҰҚК дағдарыс кезеңінде жоғалған 608 бірлік қару тәркілеген. Осылайша, арсеналдың деструктивті ортаға түсу және оны қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қарсы пайдалану қаупі төмендетілді.
Сонымен қатар Қазақстан аумағына қаруды заңсыз әкелу фактілері тіркелуде. Яғни, ҰҚК көрші елден келетін қару контрабандасы арнасының жолын кесіп, ел аумағында 10 бірлік қаруды сатуға ниеттенген шетелдік азаматты ұстады. Қару-жарақ көліктің қаптамасына айлакерлікпен жасырылып, әрі Қазақстан Республикасы азаматтары арасындағы сыбайластардың көмегімен жеткізілген.
«2024 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, қару-жарақтарды, оның ішінде «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланғандарын іздеу және заңсыз айналымнан алу бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, қарудың қайта айналымының 7 арнасы, сатудың 7 ішкі арнасы және оны жасайтын жасырын 4 цех жойылды. 58 Калашников автоматы, 283 мылтық, 164 тапанша, 115 граната және әртүрлі калибрдегі 15 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Қарудың заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда», – делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қылмыстық топтар құрықталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті трансұлттық және өңірлік қылмыстық топтардан қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы тұруға арналған кешенді шараларды іске асырады. 2024 жылы ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп, аса қауіпті 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 жетекшісі мен белсенді қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы, былтыр 98 адам кісі өлтіру, тонау, бопсалау және басқа да ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталған, олардың ішінде шетелдік қылмыскерлердің жетекшілерінің көмекшілері де бар. Олардың 40-ы сотталып, қалғандарымен сотқа дейінгі тергеулер әлі жүргізілуде. Ұйымдасқан қылмыспен күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда.
«ҰҚК-ның Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға күдікті бір топ адамның әрекетінің жолын кесті. Алдын ала деректер бойынша, олар жақын шетел азаматтарына Қазақстанда уақытша тұруға 80-нен астам заңсыз рұқсат ресімдеген. Тінту барысында заттай дәлелдемелер тәркіленді.
ҚК-тің 251-бабының 1-бөлігі, 394-бабының 2-бөлігі және 366-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Есірткі саудасына жол берілмейді
2024 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шеңберінде 31 халықаралық және 27 өңірлік жеткізу арнасын жойып, 32 жасырын есірткі зертханасының қызметін бейтараптандырды. Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр сабаны шикізаты және «синтетика» жасау үшін қолданылатын 18 тонна химиялық реагенттер тәркіленді. «Қара нарықта» тәркіленген есірткінің құны 36 миллиард теңгеден аса бағаланады.
Есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 164 адам сотталды.
Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдау арналарының жолын кесу бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен 25 халықаралық операция жүзеге асырылды.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда.
Н.ҚОСАЙ