Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасын тапты. Жоба аясында бұған дейін Қызылорда қаласы және Шиелі ауданы тұрғындары қаржылық сауаттылығын арттырса, бүгінде Жаңақорған ауданында арнайы оқу курстары ұйымдастырыла бастады.
Мамандардың пікіріне сәйкес, бұл жолғы оқу курстарына банктер мен микроқаржы ұйымдары алдында 90 күннен астам берешегі бар азаматтар оқытылып жатыр. Осы ретте берешегін өтеу қиындық туғызып жүрген жандарға жоба аясында қарызды реттеу және қаржылық қиындықтан шығу жолдары жан-жақты түсіндіріледі.
«Қарызсыз қоғам» жобасы биыл жаңа форматта өтуде. Оған бұл жолы тек 90 күннен асқан берешегі бар азаматтар ғана қаржылық сауаттылық курсына шақырылады. Қатысушылар гибрид форматта 3 күн (оффлайн) дәріс алып, 2 күн (онлайн) заңгер кеңесіне құжаттарын тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Заңгерлер арестте тұрған шоттарды ашу, кредитті қайта құрылымдау рәсімінен өткізеді. Сондай-ақ, банкроттық параметріне сай болған жағдайда құжатын өткізу бойынша тегін көмек көрсетеді. Қазіргі таңда оқу курстары Қызылорда қаласы мен Шиелі және Жаңақорған аудандарында өтіп жатыр», –деді "Қарызсыз қоғам" жобасының Қызылорда облысы бойынша менторы және менеджері Наталья Мишукова.
Мәліметке сәйкес, Қызылорда облысы бойынша 90 күннен астам берешегі бар 75 мыңның үстінде адам тіркелген. Мамандар оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша берешегі бар 44 000 адам есепке алынғанын мәлімдеп отыр.
Жоба шеңберінде өтініш білдірушілерге қаржылық сауаттылық негіздерін үнемдеу мен табысты арттыру, алаяқтық әдістерін анықтау жолдары тегін үйретіледі. Заңгерлер көмегі көрсетіледі. Жобаның өңірлік менеджері тиісті жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасатынын жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы