Енді туристер Гуанчжоудан Қазақстанға тікелей рейспен жетіп, еліміздің көрікті жерлерімен таныса алады.
Гуанчжоу мен Алматы қалалары арасында тікелей халықаралық рейстер ашылды
Фото: istockphoto
1,028
оқылды

 Air Astana Алматы мен Қытайдың мегаполисі арасында жаңа тұрақты бағдарды ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz KazakhTourism-ге сілтеме жасап. Бұл екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды кеңейтуге жол ашады.

–  Жаңа рейс аптасына үш рет сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Кестеге сәйкес ұшақ Гуанчжоудан таңғы сағат 06.50-де ұшып, Алматыға сағат 10.20-да келеді. Қазақстаннан рейс кешкі сағат 20.50-де жөнелтіледі және келесі күні сағат 05.45-те Гуанчжоуға қонады (барлық көрсетілген уақыттар жергілікті),  делінген хабарламада.

Жаңа бағдардың ашылуына орай  Kazakh Tourism  компаниясы және Air Astana Гуанчжоудан келген жетекші туроператорлар, журналистер мен блогерлер үшін Қазақстан бойынша таныстыру турын өткізуде. Шетелдік меймандар оңтүстік астананың және Алматы облысының негізгі туристік көрікті жерлерін аралайды. Оның ішінде Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, Шарын шатқалы мен Көлсай көлдері бар. Туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында қазақстандық және қытайлық туроператорлар арасындағы B2B-кездесулер де жоспарланған.

Өткен жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысы бойынша, Аспан асты елінен келушілер қатары 78% артып, 655 мың адамды құрады. Бұл еліміздің туристік бағыт ретінде тартымдылығының артқанын көрсетеді.
Атап өткен жөн, екі елдің басшылары 2025 жылды Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.