Жамбыл облысы Шу ауданындағы орталық ауруханада болған ана мен бала өліміне дәрігерлер кінәлі. Арнайы комиссия жүкті әйел акушерлердің салғырттығынан қайтыс болды деген қорытынды шығарды, - деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Шу ауданындағы қайғылы жағдайдан соң өрескел қателікке жол берген жауаптылар жазаланды. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексерістен кейін бес лауазымды қызметкерге қатаң шара қолданылған. Ең алдымен Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметінен босатылды. Оның орынбасарына да қатаң сөгіс беріліп, босандыру бөлімінің басшысы жұмыстан қуылды. Сондай-ақ облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы және ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы да қатаң сөгіс алған.
Анықталғандай, дәрігерлер 25 жастағы Әдемі Ешеналиеваның денесі ісіп бара жатқанына мән бермеген. Сондай-ақ зәр мөлшерінің шамадан тыс төмендегенін тексермепті. Соның салдарынан науқастың қан қысымы 170-ке дейін көтеріліп кеткен. Сәбиінен айырылған ана 12 күн бойы ес-түссіз комада жатып көз жұмды.
— Құлаған кезде бала шетінеді. Құлап, қан қысымы көтеріліп, әйел есінен айырылды, есін жоғалтты. Тексеріп, консилиум жасап, оны үшінші дәрежедегі облыстық перинаталдық орталыққа жіберу керек еді, - дейді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қаракөз Сағынғалиева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.