Quartz сайтындағы хабарламаға сүйенген Aikyn.kz америкалық президенттің тарифтік саясатына қарсы қаржыгерлердің мәлімдемелерін талдайды.
Билл Экман: «Ел президентті толықтай қолдайды. Бірақ бизнес – сенімге негізделген, ал сенім – сенімділікке сүйенеді». Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
Президент Трамптың саясатының түпкі мақсаты мен оның кімге және неге сенетіні туралы Aikyn.kz кеше жексенбілік (6 сәуір) материалда жазған еді: «Президенттің жеңінде жасырған сиқырлы таяғы бар сияқты»
Соңғы күндері Американың жаңа тарифтік саясатына наразылар қатарында әлем елдері ғана емес, америкалық қаржыгерлер мен сарапшылар, саясаткерлер де көріне бастады. Олар бұндай әлемдік қаржы нарығын дағдарысқа тіреген саясатқа қарсылық көрсетіп, пікір білдіруде.
Pershing Square Capital Management хедж-қорын басқаратын Билл Экман президенттің сауда соғысындағы мақсатын қолдағанымен, Трамптың бағытын дұрыс емес деп есептейді.
Оның ойынша, Трамптың тарифтері «экономикалық ядролық қыстың» басталуына әкеледі. Сондықтан миллиардер одан әрі «оқ атуды тоқтатуға» шақырды.
«Ел (АҚШ – авт.) әлемдік тарифтік жүйені қалпына келтіру ісінде президентті толықтай қолдайды. Бірақ бизнес – бұл сенімге негізделген, ал сенім – сенімділікке сүйенеді», – деп жазды Билл Экман жексенбі күні (6 сәуір) X платформасында жариялаған жазбасында.
Оның айтуынша, АҚШ дос пен қарсыласына бірдей үлкен және әділетсіз тарифтер енгізу арқылы бүкіл әлеммен жаһандық экономикалық соғыс бастауда. Бұл әрекет сауда серіктесі, бизнес ортасы және инвестициялық нарық ретінде Америкаға деген сенімді жояды.
Дональд Трамп: «Бір күні адамдар тарифтердің Америка Құрама Штаттары үшін тамаша нәрсе екенін түсінеді!». Фото wwd.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Билл Экман Трамптың 90 күндік үзіліс жариялап, келіссөздер жүргізіп, әділетсіз келісімдерді қайта қарап, елге триллиондаған доллар инвестиция тартуға әлі де мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Егер бұл орындалмаса, біз өз қолымызбен экономикалық ядролық қысқа қарай бет алудамыз. Ондай жағдайда біз сақ болуымыз керек. Сабырлы, парасатты ой үстем болуы керек», – дейді Экман.
Экман бұл мәлімдемесін Трамп АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне жан-жақты тарифтер енгізгеннен кейін жасады. Бұл шешім акциялар нарығы үшін пандемиядан бергі ең ауыр құлдырауға ұрындырды. Бейсенбі күні (3 сәуір) нарық соңғы бес жылдағы ең нашар күнді өткерсе, жұма күні (4 сәуір) бұл құлдырау қайталанды.
Экман бұл жазбасын жексенбі күні (6 сәуір) кешке, акция фьючерстерімен сауда басталардан аз бұрын жариялады. Дүйсенбі күні (7 сәуір) тағы да құлдырау болатыны байқалды: S&P 500 фьючерстері 5,3%-ға, Nasdaq – 5,4%-ға, Dow Jones фьючерстері 4,3%-ға төмендеді. Азияда да нарықтар қызылға боялған аумақта.
Сол сәтте Экман тағы да X желісінде жазды: «Миллиондаған адам зардап шекпей тұрып, оқ атуды тоқтатуға әлі де уақыт бар» деген жанайқайын жеткізді.
Бірақ Трамп нарықтағы құлдырауға қарсы қатаң ұстаным танытып, өзінің тариф саясатын өзгертпейтінін айтты.
Жексенбі күні (6 сәуір) ол Truth Social желісінде: «Бір күні адамдар тарифтердің Америка Құрама Штаттары үшін тамаша нәрсе екенін түсінеді!», – деп жазды.
Әлемнің ең қуатты мемлекетінің бүгінгі бағыты: «Жаратушы кімді жазаламақ болса, алдымен оны ақылынан айырады» деген даналық сөздің дұрыстығын растап тұрғандай. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторлығы: Ursatii
Досын да, дұшпанын да өзінен алыстатқан Құрама Штаттар елсіз аралда жалғыз қала ма?
Ия, заманауи соғыстың қай түрі болмасын, онда жеңімпаздар болмайды. АҚШ басқа елдерді «жазалау» үшін, өзі «әділетті» деп санайтын тарифтер енгізгенімен, бұл саясаттың салдары әлемдік саудаға да, қарапайым америкалықтарға да зиян келтіреді. Бүкіл әлемнен төгіліп жатқан арзан әрі сапалы тауарға үйренген америкалықтар ұзақ уақыт қымбатшылыққа төзе алмайтын шығар. Сөйтіп, ақырында Америка тарифтерді азайтуға немесе жоюға, сауда серіктестерімен диалог орнатуға мәжбүр болады.
Олай болмаған жағдайда, басқа елдер Американы айналып өтіп, бір-бірімен сауда-саттық жасап, доллардан бас тартып, жаңа нарықтар мен жаңа сауда одақтарын құруы мүмкін. Сонда досын да, дұшпанын да өзінен алыстатқан Құрама Штаттар елсіз аралда жалғыз қалатын сияқты.
Президент Трамптың кімге және неге сенетіні белгісіз. Мүмкін оның жеңінде жасырған сиқырлы таяғы бар шығар?
Бүгінгі таңда геосаяси орта да өзгеріп келеді. Бұрын АҚШ-тың экономикалық үстемдігіне күмән келтірілмесе, қазір әлем көпполярлы болуға ұмтылуда. Бұндай жаңа әлемде біржақты шешімдер емес, өзара келісім мен сенім ғана тұрақты дамуға жол ашады. Егер Вашингтон мен Ақ үй басшысы осыны дер кезінде түсінбесе, Америка өзі құрған ережелер бойынша емес, басқалар белгілеген жаңа тәртіпке бейімделуге мәжбүр болады.
Адамның немесе тұтастай ұлттың апатына бастайтын жол оның ақыл-санасының жоғалуынан басталатыны рас болар. Бұл Америка үшін ескерту ме, әлде тәкаппарлықтың жазасы ма?
Қалай болғанда да әлемнің ең қуатты мемлекетінің бүгінгі бағыты: «Жаратушы кімді жазаламақ болса, әуелі оны ақылынан айырады» деген даналық сөздің дұрыстығын растап тұрғандай. Бұл біздің жеке пікіріміз. Сіз қалай ойлайсыз?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.