Science Translational Medicine журналында жарияланған масамен күрестің жаңа тәсіліне арналған ғылыми мақалаға сүйенген Aikyn.kz ғалымдардың зерттеуінің мәнін түсіндіреді.
Нитизинон адамның қанын масаларды өлтіретін уға айналдырады. Фото elementy.ru сайтынан алынды
Жаңа зерттеу безгекке (малярияға) қарсы күресте төңкеріс жасауға мүмкіндік беретін тәсілді ұсынады. Ол – адамның қанын масаларды өлтіретін уға айналдыру. Бұны нитизинон деп аталатын бұрыннан бар препараттың көмегімен жүзеге асыруға болатынын британдық ғалымдар дәлелдеген. Адам қанымен араласқан препарат маса организміне түскен соң, бірнеше сағаттан кейін оларды өлтіріп отырған.
Бұл әсерді Ливерпуль тропикалық медицина мектебінің зерттеушілері байқаған. Олар сирек генетикалық ауруды емдеу үшін нитизинон қабылдаған үш адамның қанын сорған масаларды зерттеген. Нәтижесінде, әрбір маса 12 сағат ішінде өліп қалған. Бұл – адамның қаны масалар үшін нағыз уға айналғанын көрсетеді.
Аталған жаңалық Жер бетіндегі ең қауіпті аурулардың бірімен күресте жаңа құрал болуы мүмкін. Адамның қанын масалар үшін уға айналдыру идеясы бұрыннан белгілі. Мысалы, ивермектин препараты да осындай әсер көрсету үшін эксперименталды түрде қолданылған.
Алайда зерттеушілердің айтуынша, нитизинонның бірқатар артықшылығы бар. Ол тез әсер етеді, ұзақ уақыт қанда сақталады және жүйке жүйесіне әсер етпейді.
Ғалымдар бұл әдісті әлі күнге дейін жүздеген мың адамның өмірін жалмайтын безгек ауруы таралған өңірлерде қолдану аса тиімді болар еді деп есептейді. Ең бастысы, бұл препарат адамдарда қолдануға бұрыннан рұқсат етілген, сондықтан оны кең көлемде сынақтан өткізу процесі әлдеқайда жылдамырақ болады. Егер болашақ зерттеулер нитизинонның қауіпсіздігі мен тиімділігін растаса, ол тіпті жаппай дәрі беру бағдарламаларына енгізілуі мүмкін. Дегенмен жаңа әдістің өз тәуекелдері де бар.
Ғалымдар масалардың бейімделу қабілетін ескеру қажеттігін айтады. Оларда препаратқа қарсы төзімділік пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай дәріні ұзақмерзімді қолданудың экологиялық әсерін де мұқият зерттеу қажет. Бірақ әдістің тартымдылығы анық.
Пестицидтерді шашу, масадан қорғайтын құралдар немесе масаларға арналған торлар, тіпті генетикалық модификацияланған масаларды қолдану сияқты дәстүрлі әдістерден айырмашылығы – жаңа тәсіл масамен күрес стратегиясын мүлдем өзгерте алады.
Бұрын адам өзін масадан қорғауға тырысса, енді адамның өзі қауіпті объектіге айналады. Маса нитизинон қабылдаған адамның қанын сорған сәтте, ол өлімге апарар дозаны жұтады. Адамның қаны маса үшін тәтті уға айналады.
Егер алғашқы нәтижелер болашақ зерттеулермен расталса, нитизинон маса популяциясын бақылауда төңкеріс жасауы мүмкін. Ештеңені байқатпай, адамның өз қаны арқылы масаларды жою – бұл мүлдем жаңа тәсіл.
Зерттеу нәтижелерімен Science Translational Medicine журналындағы материалдан танысуға болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.