Ақмола облысында алаяқтық схеманы ұйымдастырған 18 жастағы елорда тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ауқымды жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізу нәтижесінде елорда тұрғынының алаяқтық схеманы ұйымдастырғанын әшкереледі. Күдікті студент-дропперлерді тартып, олардың атына ашылған банктік шоттар арқылы қомақты қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Тергеу барысында Көкшетау қаласының тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбанына айналғаны белгілі болды. 2024 жылдың желтоқсан айында белгісіз біреулер өзін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушіні алдап-арбап, түрлі интернет-ресурстар мен ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы оған 5 миллион теңгеден астам соманы өз еркімен аудартқан.
Оқиғаға байланысты жедел тергеу тобы күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – Астана қаласының 18 жастағы тұрғыны болып шықты.
– Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті бас қалада жалдамалы пәтерде отырып, алаяқтық жолмен табылған қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру орталықтарын ұйымдастырған. Сонымен қатар ол студенттерді "жалдап", олардың атына банктік шоттар ашқызып, кейін сол шоттар арқылы түскен қаражатты шетелге аударып отырған, – делінген ақпаратта.
Жедел уәкілдердің айтуынша, күдікті жалғыз әрекет етпеген. Қазір оның сыбайласын анықтау және ұстау бағытында кешенді іс-шаралар жалғасуда. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.