Nature Neuroscience журналы адамның ойын оқитын сенсациялық құрылғы туралы жазды. Осы материалдың негізінде Aikyn.kz фантастикалық жаңалықтың маңызын талдайды.
Құрылғыны алғаш сынаған Энн есімді әйел 2005 жылы инсульт алғаннан кейін сөйлеу қабілетін жоғалтқан. Цифрлық аватар оның ойын басқаларға дауыстап жеткізеді. Фото engineering.berkeley.edu сайтынан алынды. Авторлығы: Noah Berger
Жасанды интеллект тағы бір таңғалдыратын технологияда қолданылатын болды. Ойды оқып, оны адамның даусымен айтып беретін революциялық имплант жасалды.
Жаңа ми импланты сөйлей алмайтын науқастарға қайтадан сөйлесу мүмкіндігін сыйлайды.
Калифорния университетінің (Беркли) зерттеушілері әзірлеген бұл эксперименттік технология нейрондық белсенділікті бірнеше секунд ішінде синтетикалық сөйлеуге айналдырады. Бұл – ойды нақты уақыт режимінде дауысқа айналдыратын ең ірі жетістіктердің бірі.
Жүйе ми қыртысының сөйлеуге жауапты бөлігіне 253 электродты орналастыру арқылы жұмыс істейді. Бұл ми аймағы адамның не сөйлейтінін алдын ала жоспарлауға және басқаруға жауап береді. Адам ішінен не сөйлейтінін ойланғанда имплант сол сәттегі ми сигналдарын тіркейді.
Содан кейін жасанды интеллект бұл сигналдарды өңдеп, синтетикалық дауыспен цифрлық аватар арқылы дыбыстайды. Құрылғыны алғаш сынаған адам – Энн есімді әйел. Ол 2005 жылы инсульт алғаннан кейін сөйлеу қабілетін жоғалтқан. Ми имплантының көмегімен ол экранда көрсетілген сөйлемдерді ішінен оқып, ЖИ көмегімен дауыстап шығара алды.
Ойды оқитын имплант ми сигналдарын өңдеп, оны дауыстап шығарады. Сурет nature.com сайтынан алынды
2024 жылдың наурыз айында Nature Neuroscience журналында жарияланған зерттеуде Энн экрандағы сөйлемдерді ішінен айтуы тиіс болған. Осы арқылы жасанды интеллект оның миындағы белгілі бір белсенділікті нақты сөздермен байланыстырып үйретілді.
Нәтижелер таңғаларлық. Ойды оқитын ми импланты әр 80 миллисекунд сайын ми сигналдарын өңдей алады және синтетикалық сөйлеуді небәрі 3 секундтық кідіріспен дауыстап шығарады. Бұл – бүгінге дейін жасалған үздік жүйелермен салыстырғанда айтарлықтай серпіліс. Өйткені бұрын сөйлемді толық дыбыстау үшін 8 және одан да көп уақыт қажет болатын.
Жаңа үлгіні ерекше етіп тұрғаны – сөйлеуді үздіксіз, сөзден сөзге ауысып өңдеуі. Зерттеушілердің айтуынша, бұл науқас адаммен әңгімелесуді әлдеқайда табиғи жасайды.
Әзірге жүйе толықтай табиғи дыбысталмаса да, болашақ нұсқалар жылдамырақ, дәлірек және шынайырақ болады деп күтілуде. Ауыр сал ауруына шалдыққан немесе дегенеративті аурулары бар адамдар үшін бұл технология өмірлік маңызы бар байланыс құралына айналуы мүмкін. Олар қозғалмай немесе қолдарымен жазбай-ақ өз ойын ойланып отырып жеткізе алатын болады.
Зерттеушілердің бірі бұл құрылғы «ойдың сөзге айналар сәтіндегі сигналды» ұстап алады деп түсіндірді. Бұған дейінгі ми импланттары ойды мәтінге айналдырған болса, бұл нұсқа – ойды тікелей дауысқа айналдыратын ең тиімді жүйелердің бірі.
Әрине, ойды оқитын бұл имплант әлі де жетілдіруді қажет етеді. Алайда бұл зерттеу ми негізіндегі емдеу мен коммуникацияны түбегейлі өзгертуге қабілетті жасанды интеллектінің тағы бір мүмкіндігін көрсетеді. Бұл – сөйлеуден, дауыстан айырылған жандарға жаңа үміт сыйлайтын үлкен қадам.
Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясының ми чиптері туралы
Мидағы сигналдарды өңдеумен байланысты сынақтарды Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы да жүргізіп келеді. Neuralink ми мен компьютер арасындағы тікелей байланысты жүзеге асыратын импланттарды дамытуда үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
2024 жылдың қаңтарында әлемдегі ми импланты алғаш рет адамға сәтті орнатылды. Пациент Нолан Арбо – жұлын жарақаты салдарынан толық сал болып қалған. Операциядан кейін ол ой күшімен компьютер тінтуірін басқаратын болды. Бұл оның цифрлық құрылғылармен өзара әрекеттесуін айтарлықтай жақсартты.
2024 жылдың тамызында екінші пациентке де (псевдонимі – Алекс) Neuralink чипі салынды. Алекс осы чиптің көмегімен Fusion 360 бағдарламасында 3D дизайн жобаларын жасап, тіпті Counter-Strike сияқты ойындарды тек ой арқылы басқарған.
2025 жылдың қаңтарында Илон Маск үшінші пациентке де имплант сәтті орнатылғанын хабарлады. Және компания жыл соңына дейін 20-30 адамға осындай операция жасауды жоспарлап отыр.
2024 жылдың қарашасында Neuralink Канада Денсаулық сақтау министрлігінен осы елде клиникалық сынақтар өткізуге ресми рұқсат алды. Бұл компания зерттеулері географиясының кеңейгенін білдіреді.
Бұл жетістіктер Neuralink-тің басты мақсатына – мүмкіндігі шектеулі адамдардың жоғалған функцияларын қалпына келтіріп, өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын көрсетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.