New Atlas сайтында алғаш жарияланған темір тұлпардың техникалық сипаттарымен Aikyn.kz таныстырады.
Кейбір аттар асау келеді, ал Corleo робот-тұлпардың мінезі жайлы. Иллюстрация Kawasaki Heavy Industries сайтынан алынды
Kawasaki Heavy Industries өз тарихындағы ең ерекше концепт-көліктердің бірін көпшілікке таныстырды. Corleo деп аталатын бұл – екі адамға арналған төрт аяқты робот, оны адам денесінің қимылы арқылы басқаруға болады. Әрі ол ЖИ-көру жүйесі арқылы қиын жерлерден өте алады.
Әрине, сіз ауылда тұрсаңыз, онда ерттеулі атпен де жүруге болады. Бірақ кейбір аттар асау келеді. Ал Corleo робот-тұлпардың мінезі жайлы. Одан түтін немесе табиғатқа зиянды басқа газдар шықпайды. Одан шығатын қалдық өнім – таза су. Өйткені ол сутегімен жүретін көлемі 150 см3 қозғалтқыш-генератормен жұмыс істейді.
«Тұлпар» ұнамаған шабандозды үстінен лақтырып тастай да алады, роботтар соғысы басталса, қару ұстайтын қабілеті бар. Иллюстрация Kawasaki Heavy Industries сайтынан алынды
Бұл концепт-көлікті Kawasaki Heavy Industries-дің негізгі компаниясы шығарған. Яғни, компанияның негізгі өнімі мотоцикл бөліміне қатысы жоқ. Компания бұл көлікті Ninja логотипімен таңбалағысы келмейді, өйткені «ЖИ осыдан кейін каратэ үйреніп кетуі мүмкін» дейді инженерлер. Бұл, әрине, әзіл сөз.
Corleo алғаш рет 2025 жылы өтетін Osaka Kansai Expo көрмесі аясында таныстырылды (иә, бұл әзіл емес, 1 сәуір емес, 4 сәуір – біз тексердік). Ол сутекті отын элементтерімен жұмыс істейді және электр қуатымен қозғалады. Артқы аяқтары қосымша буынмен жабдықталған, бұл оған жерде орнықты тұруына, қажет болса, шабандозды үстінен лақтырып тастауға немесе тіпті болашақта роботтар соғысы басталса, қару ұстауға мүмкіндік береді.
Роботтың аша «тұяқтары» (бұл, әрине, жылқыға тән емес - авт.) жабысқақ резеңке табандармен жабдықталған. Ұзындығы реттелетін үзеңгілер бойлары әртүрлі пайдаланушыларға ыңғайлы етіп жасалған.
Робот-атқа мінгесіп отыруға болатын орындық та бар. Темір тұлпарға қарапайым рөл мен желден қорғайтын экран орнатылған. Бұл мөлдір қалқан темір аттың 80 шақырым/сағ жылдамдықтан асуы мүмкін екенін білдіреді. Сонымен қатар түрлі-түсті цифрлық панель бар.
Видео Corleo қатал және шұғыл бұрылыстарға толы жерлерге арналғанын көрсетеді. Ол жартастан жартасқа секіру, қиын рельефте жүгіру сияқты әрекеттерді орындай алады. Жасанды интеллект алдындағы жолды мұқият талдап, қауіпсіз бағытты таңдайды. Жүргізушінің дене тілі – негізгі басқару сигналы. Ал түнде жолды шағын жарық стрелкалар аттың қай бағытта жүретінін, не істейтінін көрсетеді. Жалпы алғанда, жаңа көліктің түрі ешқандай шу шығармайтын, үнсіз әрі «достыққа бейім» робот-жылқы ретінде ойластырылған.
Бірақ айта кету керек, әзірше бұл – нағыз фантастика. Видео – таза компьютерлік графика, ал концептің өзі тым қиялға толы. Kawasaki Heavy Industries Corleo-ның тек тұра алатын және суретке түсуге жарамды прототипін жасаған. Компания бұл жобаны 2050 жылға арналған мобильдік идея ретінде қарастырып отыр. Бірақ жасыратыны жоқ, тіпті «2050 жылы Жапонияның өзі бола ма?» деген сұрақ туындайды. Елдегі қартаю демографиясы мен халық санының қысқаруы осындай алаңдаушылық туғызуда.
XPeng компаниясының Unicorn ат-роботы балаларға арналған. Фото New Atlas сайтынан алынды. Авторлығы: Mike Hanlon
Дегенмен жүруге арналған төрт аяқты роботтар идеясы мүлде пайдасыз дегенді білдірмейді. Олар шын мәнінде танымал бола бастады. Мысалы, XPeng компаниясы өткен жылы Бангкокта балаларға арналған Unicorn роботын таныстырды. Оның құйрығының орнында робот қол орнатылған және ол 3 келіге дейінгі заттарды көтере алады.
Соңғы жылдардағы дамуды ескерсек, екі адам отыратын төрт аяқты көлік 2030 жылға дейін пайда болуы мүмкін. Бірақ Corleo оған жатпайды. Kawasaki болса жоғары жылдамдықты, ат сияқты секіретін, жол талғамайтын «монстр» робот ұсынады. Бұл құрылғының кей секірістері үшін орындыққа жапсырмамен жабысып отыру керек шығар. Әйтпесе сутегімен жүретін «аттан» құлап, оның астында қалуыңыз мүмкін. Қалай дегенмен де, бұл – өте қызықты. Және Kawasaki-ге құрмет көрсетуге тұрарлық идея.
Қосымша мәліметтермен мына сілтемеге өтіп, танысуға болады: Kawasaki Heavy Industries
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.