Financial Times кеше өзінің сараптамасында америкалық билік тарифтерді тоқтатқанын жазды. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz Ақ үйдің артқа шегінісінің экономикалық және саяси себептерін талдайды.
АҚШ президенті инвесторларды таңғалдырып, қосымша тарифтер 90 күнге тоқтататылатынын мәлімдеді. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP
Сәрсенбі күні (9 сәуір) АҚШ президенті Дональд Трамп инвесторларды таңғалдырып, АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын елдер үшін қосымша тарифтер 90 күнге тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Вашингтон уақыты бойынша кешкі сағат 10.18 TruthSocial әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Бұл қадам президенттің толыққанды сауда соғысынан бас тартуын білдіріп, қор нарығының жылдам өсуіне себеп болды.
Уолл-стриттегі акциялар бірден көтеріліп, S&P 500 индексі 9,5%-ға өсті. Бұл ралли Азияға да таралып, Жапонияның Topix индексі – 7,6%, Тайваньның Taiex – 9,2% көтерілді.
Financial Times есебі бойынша S&P 500 нарықтық құны шамамен 4,3 трлн долларға өскен. Бұл индекс үшін 2008 жылдан бергі ең жақсы күн. Ал Nasdaq үшін 2001 жылдан бергі ең күшті өсім болды.
Дегенмен Трамп Қытайды ерекше бөліп көрсетіп, оған қарсы тарифтерді 125%-ға дейін көтерді. Сонымен бірге, басқа елдерден келетін көптеген импорт тауарларына салынған 10%-дық жалпы салық өз күшінде қалады, тек қосымша тарифтер ғана тоқтатылды. Яғни, Қазақстаннан Америкаға келетін тауарларға жоспарланған 27%-дық салық енді 10% ғана болады. Әрине, егер біздің Үкімет Ақ үй билігімен келісім жасауға ниет білдірген 75 елдің ішінде болса.
Трамп Truth Social желісінде былай деп жазды:
«75-тен астам ел келіссөз жүргізу үшін хабарласты... және менің ұсынысым бойынша олар АҚШ-қа қарсы жауап шараларын қолданған жоқ. Сондықтан мен 90 КҮНДІК ҮЗІЛІС пен осы кезеңде 10% деңгейінде төмендетілген өзара тарифтер енгізуге рұқсат бердім. Олар бірден күшіне енеді».
Президенттің Вашингтон уақыты бойынша кешкі сағат 10.18 TruthSocial әлеуметтік желісінде қалдырған жазбасы. Скриншот TruthSocial әлеуметтік желісінен алынды
Алайда АҚШ тарифтеріне жауап ретінде қарсы шаралар қолданып, «құрметсіздік көрсеткені» үшін Қытай тауарларына салынатын тариф көлемі 125%-ға өсетінін жариялады:
«Сол себепті мен Қытайдан АҚШ-қа келетін тауарларға салынатын тарифті 125%-ға дейін арттырамын».
Бұл мәлімдеме соңғы аптадағы нарықтағы күйзелістерден кейін жасалды. Акциялар триллиондаған долларға арзандап, АҚШ облигациялары жаппай сатылды. Мұнай бағасы пандемия кезіндегі деңгейге дейін түсті.
«Бұл – Трамптың нарықтар алдында тізе бүгуі. Ол бет-бейнесін сақтау үшін Қытайға ғана тарифтерді қалдырды», – дейді NatAlliance Securities компаниясынан Энди Бреннер.
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы – жаһандық қаржы жүйесінің іргетасы – нарықтағы бұл бұрылыс пен қазынашылық облигациялар аукционынан кейін сәл тынышталды. 10 жылдық облигация кірістілігі сәрсенбіде (9 сәуір) 0,24 пайыздық тармаққа өсіп, Нью-Йорктегі саудада 4,35% деңгейінде аяқталды.
Соңғы күндері құлдыраған технологиялық алпауыттар да сәрсенбіде күрт көтерілді: Apple, Nvidia, Microsoft, Amazon, Meta және Tesla акциялары кемінде 10%-ға өсті. Сауда министрі Говард Лютник әлем елдері Трамппен бірігіп «жаһандық сауданы түзетуге дайын» екенін мәлімдеді. Бірақ Қытайдың әрекетін сынға алып, оны «кері бағытты таңдады» деп айыптады.
Лютник X желісінде: «Мен және Қаржы министрі Скотт Бессент оның президенттік кезеңіндегі ең ерекше жазбаларының бірін жазу кезінде президенттің жанында болдық», – деп жазды.
Кейінірек сәрсенбі күні Трамп өзінің сауда соғысы нарықтағы үрейге себеп болғанын мойындады.
«Меніңше, адамдар сәл асырып жіберді. Олар біртүрлі күйге түсті... қорқынышқа бой алдырды», – деді ол журналистерге.
Оның айтуынша, сәрсенбі күнгі нарықтағы өсім – оның тарифтерден бас тартуынан кейін – «қаржы тарихындағы ең маңызды күнге» айналды. Уолл-стрит банктері Трамптың тарифтері АҚШ экономикасын рецессияға әкеледі деп ескерткен болатын. Олар бұл саясат инфляция мен жұмыссыздықтың өсуіне алып келетінін айтқан.
АҚШ тарифтеріне «жауап ретінде қарсы шаралар қолданғаны» үшін Қытай тауарларына салынатын салық көлемі 125%-ға өседі. Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: Firstpost каналы
Goldman Sachs банкі болса рецессия болады деп болжаған еді. Бірақ Трамптың мәлімдемесінен екі сағаттан кейін бұл болжамды жойды. Соған қарамастан, сарапшылар тарифтердің сақталуы экономикалық өсімді тежеп, бағаның өсуіне алып келуі мүмкін екенін ескертеді.
«Қытайдан тыс елдерге қатысты тарифтердің тоқтауы АҚШ-ты инфляциядан немесе баяу өсуден толық құтқармайды. Сауда саласындағы белгісіздік сақталады, ал Қытайдан тыс импорт күрт артып, екінші тоқсанда өсімге тежеу болуы мүмкін», – деп мәлімдеді Citigroup.
Трамптың әлемнің барлық елдерінен келетін тауарларға қосымша тарифтер салу қадамы алдағы апталарда АҚШ пен оның басты сауда серіктестері арасында бірнеше параллельді сауда келіссөздерінің басталуына жол ашуы мүмкін.
Сейсенбі күні (8 сәуір) Бессент пен бас келіссөз жүргізуші Джеймисон Грир Жапониямен келіссөздер жүргізуді бастайтынын мәлімдеді. Мақсат – тарифтерді азайтуға алып келетін келісімге қол жеткізу.
Бұл мәлімдеме Трамп әкімшілігі өкілдерінің бірнеше күн бойы тарифтердің ұзақ мерзімділігі туралы әртүрлі пікірлер білдіргенінен кейін жасалды. Трамп үзіліс жариялаған сәтте, Грир АҚШ Конгресінің Қаржы комитетінде жауап беріп отырған еді.
Дәл сол кезде демократ депутат Стивен Хорсфорд: «Құдай үшін, бұл жерде кім басшы?» – деп айқайлап жіберген. Ол Грирден Трамптың тарифтерді тоқтатқанын білген-білмегенін сұрады. Грир: «Біз бұл шешімдер талқыланғанын білдік», – деп жауап берді. Конгрестегі пікірталасты төмендегі видеодан көруге болады:
Дональд Трамп саясатта да бизнестегі әдістерін қолдануда. Әріптестерін тығырыққа тіреп, өзіне тиімді шарттар қою арқылы қажетті нәтижеге жету оның бизнес стратегиясының бір бөлігі сияқты. Алдағы айлар мен апталар президенттің «бизнес тәсілдері» қаншалықты тиімді болғанын көрсетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.