Reuters сараптамасына сілтеме жасаған Aikyn.kz қытайлық экономиканың қиындықтарының себебін талдайды.
Қытайлық компанияларға артық өнімдерін экспорттау барған сайын қиындап барады, баға арзандауда. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Florence Lo
Қытайда наурыз айында тұтыну бағалары екінші ай қатарынан төмендеді, өнеркәсіптегі дефляция күшейді. Бұл АҚШ-пен сауда соғысының шиеленісуіне байланысты. Өйткені, экспортқа шығарылмаған тауарлар көлемі өсіп, ішкі нарықтағы бағаның одан әрі құлдырауына алып келуде.
Әлемдегі екінші ірі экономика жылды тұрақсыз бастады. Бөлшек сауданың алғашқы өсу белгілері мен өндірістегі белсенділіктің сақталуы жұмыссыздықтың өсуі мен дефляциялық қысымға алып келді. Бұл экономиканы мемлекет тарапынан ынталандыруға деген қажеттіліктің күшеюіне себеп болды.
Ұлттық статистика бюросының бейсенбі күнгі (10 сәуір) деректері бойынша, тұтыну бағалары индексі (ТБИ) өткен айда өткен жылмен салыстырғанда 0,1%-ға төмендеген. Бұл ақпандағы 0,7%-дық төмендеуге қарағанда баяу болғанымен, Reuters сауалнамасындағы «өзгеріссіз қалады» деген болжаммен сәйкес келмеді.
«Өткен айда дефляциялық қысым сақталды және алдағы тоқсандарда күшеюі мүмкін, себебі қытайлық компанияларға артық өнімдерін экспорттау барған сайын қиындап барады», – дейді Capital Economics компаниясының Қытай экономикасы бөлімінің басшысы Джулиан Эванс-Притчард.
Бұл әлсіз деректер әлемдік экономика үшін мазасыз аптада болып отыр. АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне салған ауқымды тарифтері күшіне енгеннен кейін қаржы нарықтары қатты алаңдаушылық білдірді.
Дональд Трамп көптеген елдер үшін тарифтерді 90 күнге тоқтатқанмен, Қытайға қатысты тарифтерді 125%-ға дейін өсірді. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Tom Brenner
Сәрсенбі күні (9 сәуір) АҚШ президенті Дональд Трамп кейбір тарифтерді алып тастап, бұл шараларды жұмсартқанымен, Қытайға қатысты тарифтерді 125%-ға дейін өсіруі екі ірі экономиканың арасындағы сауда соғысын ушықтыра түсті.
Бағалар индексі наурыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеген, бұл соңғы төрт айдағы ең әлсіз көрсеткіш.
Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Дун Лицзюаньның айтуынша, өнеркәсіптегі дефляцияның күшеюі шикі мұнай бағасының төмендеуімен және Қытайдың солтүстігінде қысқы жылыту маусымының аяқталуына байланысты энергия тасымалдаушыларға сұраныстың маусымдық төмендеуімен байланысты.
Эванс-Притчардтың пікірінше, шикізат бағасының соңғы төмендеуі мен алдағы экспорттағы қысым өндірушілерді бағаларды одан әрі төмендетуге итермелеуде.
Биыл Қытай билігінің назары тұтыну нарығына бұрылған. Ал экспорттың таза үлесі теріс болады деп болжануда. Себебі Бейжің АҚШ тарифтеріне қарсы шаралар енгізді. Сондықтан Қытайдың ЖІӨ өсімінің шамамен 5% деңгейге жетуі күмән тудырады.
Citi банкінің экономистері: «Сыртқы күйзелістер жағдайында фискалдық саясат ішкі сұранысты кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде», – дейді.
Жыл ортасына дейін қытайлық билік экономиканы 136-204 млрд доллар көлемінде қосымша қаржыландырады деп болжануда. Сондай-ақ ескі тауарларды сатуды ынталандыру, балаларға күтім жасауға субсидиялар, аз қамтылған отбасыларға көмек сияқты әлеуметтік қолдау да енгізілуі мүмкін.
Өткен айда Қытайдың қаржы реттеушісі тұтынуды қолдау үшін тұтынушылық несие квоталарын жұмсартуды және несиелендіру шарттарын жеңілдетуді талап еткен. Алайда Эванс-Притчардтың айтуынша, билік өкілдері ішкі сұранысты қолдауға ниетті екенін айтқанымен, бюджеттік шығындардың едәуір бөлігі әлі де экономикадағы ұсынысты кеңейтуге арналған. Сондықтан тұтынуды қолдау әлсіреген экспортты толық өтеуге жеткіліксіз болуы мүмкін.
Инфляция: жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да нәтиже біреу. Фото thelondoneconomic.com сайтынан алынды
Неге жапалақты таспен ұрсаң да, тасты торғаймен ұрсаң да нәтиже өзгермейді?
Қытай билігі бағаның төмендеуіне алаңдаулы. Өйткені бұл елдің нарығы 1,5 млрд адамнан құралған, ал өндірісінің басым бөлігі экспортқа бағытталған. Дефляция халықтың тұтыну белсенділігін төмендетіп, кәсіпорындардың табысын қысқартады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықты арттырып, экономикалық өсімді тежейді.
Ал Қазақстан үшін басты қатер – инфляция. Біздің экономиканың «өзіндік заңдылығы» бар. Мұнай арзандаса да, бензин қымбаттайды, мұнай қымбаттаса да, бензин бағасы өседі. Қалай қарасаң да, салмақ қарапайым халықтың иығына түседі. Жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да нәтиже біреу.
Нарық көлемі біздікіндей шағын елдерде экономикалық стратегия классикалық үлгіден өзгеше болуы тиіс. Себебі классикалық экономика заңдары мұндай жағдайда толық орындалмайды. Әрине, экономика үшін тым жоғары инфляция да, тым күшейген дефляция да зиянды. Бағаның өсуі болжамды, баяу болғаны экономикалық даму үшін қажет.
Біздің жағдайда бағаның өсуі тікелей халықтың күнкөрісіне әсер етеді. Егер жалақы мен зейнетақы инфляция деңгейіне ілесе алмаса, халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендейді. Сондықтан Қытай дефляциямен күресуге мәжбүр болса, Қазақстан үшін ең өзекті міндет – инфляцияны тежеу. Қазақ үкіметі мен экономистерінің ұлттық нарықтың көлемін ескеретін әрі халықтың әл-ауқатын нақты жақсартуға ұшталған стратегияны табатын уақыт жеткен сияқты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.