Бақытжан Байқадамов – қазақ музыка өнерінің тарихында елеулі із қалдырған композитор. Ол өзінің ғұмырында халқымыздың рухани әлеміне өлшеусіз еңбек сіңіріп, кәсіби музыканың халықпен байланысқан жаңа бағыттарын қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Ән жазу, хор өнерін дамыту, жасөспірімдер шығармашылығы, халық музыкасын жаңғырту сияқты сан салалы еңбегі Байқадамовты өз заманының музыкалық қайраткерлерінің бірегейіне айналдырды. Осы күнге дейін Бақытжан Байқадамов туралы өмірбаянына қатысты материалдар жазылғанымен, оның нақты музыкалық шығармашылығы мен жаңашылдығы туралы, әсіресе, қазақ тілінде жазылған зерттеулер аз. Сондықтан бұл мақала композитордың шығармашылық әлеміне, көркемдік ізденістеріне және музыкадағы жаңалықтарына тереңірек үңілуге бағытталған.
Бақытжан Байқадамов 1917 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Әкесінің домбыра тартатын, шешесінің ән шығаратын қабілеті ерте жасынан-ақ болашақ композиторға әсер етті. Біз дереккөзі ретінде қолданылған еңбекте әкесі Байқадам жайлы бірауыз сөз ғана. Дегенмен басқа мәлімет көздерін шолып келесідей мәліметтер кездестірдік. Байқадам Қаралдин 1877 жылы қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданындағы Байқадам ауылында дүниеге келген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол Торғай уезінде түрлі әкімшілік қызметтер атқарып, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде халықтың талап-тілегін патша өкіметіне жеткізуге ұмтылады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де ел басқару ісіне белсене араласады. «Қазақстан экциплопедиясында»: «Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге Мәскеуге барып, үкімет басшыларымен болған Алашорда мәселелері бойынша келісімге қатынасты» деп жазылған. Осылайша, Алашорда мен кеңес билігі арасындағы келіссөздерге қатысып, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалау жолындағы тарихи үдерістерде өзіндік із қалдырды. 1930 жылы жазықсыз тұтқындалып, атылған Байқадам Қаралдин 1960 жылы толық ақталды.
Болашақ композитор Бақытжан Байқадамов балалық шағында-ақ ән салып, домбыра тартқан. Алайда балалық және жастық шағы қазақ халқына ауыр тиген ашаршылық пен қудалауға тұспа-тұс келеді. 1930 жылы әкесі ұсталып, ату жазасына кесілген соң, 12 жастағы баланың тағдырын түбегейлі өзгерткен. Оның ерте есеюіне осы себеп болған деседі.
Ол интернатта тәрбиеленіп жүрсе де, музыкаға деген ынтасы жоғалмайды. Есейе келе Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың механика-математика факультетіне түсіп, оқу барысында музыкалық үйірмелер ұйымдастырып, алғашқы әншілік және хорлық топтарды құрады. Оның кейінгі шығармашылығы осы студенттік кезден бастау алған шығармашылық бастамалардың жалғасы болды.
Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңде Бақытжан Байқадамов халық шығармашылығы мен өнерпаздар жұмысына ерекше көңіл бөліп, хор музыкасының негізін салушылардың біріне айналды. Ол 50-жылдардың соңында Қазақ КСР-інің Мемлекеттік хор капелласының көркемдік жетекшісі және бас хормейстрі ретінде тағайындалды. Бұл ұжыммен тығыз жұмыс істей жүріп, Байқадамов хор өнерін қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруға көп еңбек сіңірді.
Композитордың шығармашылығын ғылыми түрде қарастырып, оқулық ретінде дайындалған «Қазақ музыка әдебиеті» (Астана, 2005) еңбегіне үңілейік.
«Б.Байқадамовтың музыка ұжымдарын ұйымдастыру әрекеті ұстаздық жұмысын (математик ретінде) тастап, композитор мамандығын игеруіне жол салды. Композитор ретінде ол осы кездерде танымал болып, 1943 жылы оны Композиторлар одағына мүше етіп қабылдайды. 1949 жылы Б.Байқадамов Алматы консерваториясына түсіп, 1954 жыл бітіреді. Композиция класынан ол Е.Брусиловскийде оқиды. Оқу жылдары ол басқа да жанрларды игереді. Мысалы, дипломдық жұмысы – «Ақайша» операсы, «Майра» музыкалық комедиясы, «Жарқын жастық шақ», «Тамаша мереке» симфониялық поэмалары, екі соната және фортепианоға арналған он вариациялары болды».
Оның еңбегінің басты жаңалығы – халық әндерін хорға лайықтап өңдеу. Бұған дейін тек жеке дауыспен немесе шағын ансамбльмен орындалатын халық әндері Байқадамовтың арқасында көп дауысты, күрделі хорға арналған музыкалық шығарма ретінде жаңа сипатқа ие болды. Бұл қазақ музыкасы тарихындағы жаңа жанрдың тууына жол ашты. Ол халықтың бай әуезін жоғалтпай, керісінше оның үндестігін кеңейтіп, көп дауыспен өрбітіп жеткізе алды. «Айтұмар», «Саяхатта», «Тойбастар», «Жеңеше», «Илигай», «Он алты қыз» сияқты әндер дәл осы бағытта өңделіп, хор репертуарына енгізілді.
Музыка ұжымдарын ұйымдастырушы ретінде де Байқадамовтың еңбегі ерен. Ол ансамбльдер мен хор ұжымдарына арналған шығармалар жазып қана қоймай, сол ұжымдардың кәсіби деңгейге көтерілуіне де атсалысты. Мектеп жасындағы балаларға, жастарға арналған әндер жазып, жас композиторлардың қатарына өзіндік орны бар жаңа бағыт ұсынды. Мысалы, бүгінде оның қаламынан шыққан «Айгөлек» әні аса танымал (сөзі Н. Баймұхамедов)
Оның «Қосалқа», «Қарабас» күйлерін өңдеуі, «Жарыс» сюитасы күй табиғатын хор тіліне көшіруде тәжірибе жасаған алғашқы композиторлардың бірі екенін көрсетеді. Музыкатанушы ғалымдардың пікірінше, композитор шығармаларының мазмұндық арқауы ретінде елдің соғыс жылдарынан кейінгі қалпына келуі, қоғамдық өзгерістер, жас ұрпақтың бейнесі секілді өзекті тақырыптарды таңдады. Мәселен, «Пионерлер әні», «Шаттық әні» сияқты шығармаларда жас жеткіншектердің жаңарған қоғамдағы рөлі, олардың белсенділігі мен шабытты болмысы бейнеленеді. Ал 50-60-жылдардағы туындыларында лирика, сыршылдық, табиғат пен адам болмысы арасындағы үйлесім кеңірек орын алды.
Музыка зерттеушілердің пікірлерін оқып отырсақ, Б.Байқадамов күйді негізге ала отырып, хор шығармаларын жазған алғашқы композитордың бірі. Ол «Айжан қыз», «Ақсақ киік» сияқты күйлерді көп дауысты хорға өңдеп, хор күйлерінің циклын шығарды. Ал Құрманғазының «Ақбай» күйінің өңделуі аса ұтымды, қайталанбас әрі күй мәдениетіндегі жаңашылдық деп баға беріледі.
Бақытжан Байқадамов – ұстаз ретінде де танылды. Ол шәкірттер тәрбиелеп, музыка пәнінен дәріс оқыды. Қазақ өнерінің дамуына, оның ішінде хор өнеріне қосқан үлесімен ол бүгінгі музыка мамандарына жол ашты. Оның қалдырған мұрасы – композиторлық қана емес, халықтық сипат алған, ұлттық болмысты тануға, сұлулықты сезінуге, ән арқылы қоғамды тануға бағытталған көркем дүние.
Ол өмір бойы кәсіби және әуесқой музыка ұжымдарымен жұмыс істеп, солардың дамуына үлес қосты. Оның шығармашылығы – халқына адал еңбек етудің, өнер арқылы тәрбиелеудің үлгісі. Бүгінде оның шығармалары мектеп оқулықтарында, хор партитураларында, сахнада өмір сүріп келеді. Байқадамовтың қазақ өнеріндегі орны – ұлттық музыканың өсу, дамуы мен жаңғыру тарихында алтын әріппен жазылған.
Бұған дейін Қазақ әндерін алғаш нотаға түсірген Альвин Бимбоэс жайлы жазған болатынбыз.