ЮНИСЕФ өкілдері осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, бәріне қаржы тапшылығы себеп.
Әлемде 14 миллион балаға аштық қаупі төніп тұр
Фото: ашық ақпарат көзінен алынды
334
оқылды

АҚШ – әлемдегі ең ірі донорлардың бірі. Бірақ Дональд Трамп мемлекеттік шығынды азайту үшін халықаралық көмекті 83 пайызға қысқартты. ЮНИСЕФ өкілдері бұл шешімнен 14 миллион балаға аш қалу қаупі төніп тұрғанын айтады. Әсіресе, 5 жасқа толмаған бүлдіршіндердің жағдайы қиын. Алдағы уақытта тойып тамақ ішпейтін балғындарға ем көрсететін 28 мың орталық жабылуы мүмкін.

Мамандар, әсіресе, Газа секторының кішкентай тұрғындары үшін қатты алаңдаулы. ЮНИСЕФ дерегінше, мұнда миллионға жуық бала гуманитарлық көмек ала алмай отыр. Өйткені наурыздың басынан бері Израиль әскері өңірде жүк көліктерінің кіруін шектеуде. Мамандар қазіргі азық-түлік қоры тек 400 балаға ғана жететінін айтады. Тіпті, соның өзі бір айдан аспайтынын ескертеді.

ЮНИСЕФ мамандары Газада дұрыс тамақтанбау салдарынан 60 мыңдай балада денсаулығына қатысты қиындықтар туындағанын айтады. Кейбіреуін медициналық көрсеткіштер бойынша басқа елдерге щұғыл жеткізу керек. Бірақ қазір ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Сондықтан ЮНИСЕФ мамандары жанжалдасушы тараптарды оқ атуды доғарып, бітімге келуге шақырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.