Ең басты мәселе – бұл күй біреу емес, екеу. Динаның орындауында, әртүрлі бұрауда орындалатын екі түрлі туынды.
Динаның күйі: Науысқы ма, Науаи ма?
Фото ҚР кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды
1,813
оқылды

Қазақтың күй өнерінде Дина Нұрпейісованың орны ерекше. Ол тек күйші ғана емес, сонымен бірге өткен заман мен жаңа заманды байланыстырушы, көшпелі өмір салты мен қалалық тұрмысты тоғыстырған композитор ретінде де дараланады. Оның «Науысқы» және «Науайы» деп аталатын күйлері жайлы түсінбестік бүгінде күйсүйер қауым арасында маңызды мәселелердің біріне айналды. Анығы қайсы? Ол күйдің аты «Науысқы» ма, әлде «Науаи» ма? Мүмкін, тіпті «Науайы» шығар?

Әрине, бұл жайлы осы күнге дейін біршама мақала жазылды. Әркім өз пайымын ортаға салды. Дегенмен ғылыми талданған сараптаманың бәсі жоғары екені белгілі. Сондықтан өз жанымыздан ештеңе қоспай, тек ғалым пікіріне назар аударайық деп шештік. Ал дереккөз ретінде Динаның өмірі мен шығармашылығын бүге-шігесіне дейін зерттеп, диссертация жазып, PhD атағын алған, сонымен қатар әйгілі күйші атанып жүрген Айтолқын Айтжанқызы Тоқтағанның зерттеу еңбегіне сүйендік.  Оның «Қазақтың күй өнеріндегі Дина Нұрпейісованың шығармашылығы» атты көлемді ғылыми диссертациясында бұл тақырып арнаулы тарау ретінде қаралған.

Ең алдымен, «Науаи» сөзіне тоқталайық. Бұл сөз – өз түбірімен түркі халықтарына ортақ ұғым. Парсыша «науа» үн, әуез, саз, ал «Науаи» Әлішер Науаи сияқты есім әрі әдебиеттегі, музыкадағы таза лексикалық тіркес. Өзбек, тәжік музыка мәдениетінде «нава», «наво» деген терминдер жиі кездеседі. Сондықтан кейбір орындаушылар мен музыканттар Дина тартқан осы бір күйдің атын «Науаи» деп айтып, оны өзбек мәдениетіне жақындатып, күйді Науаиге арнады деп топшылайды. Бірақ бұл – тарихи негізі жоқ тұжырым.

Айтолқын Тоқтаған бұл мәселені нақтылай келе, ең басты мына дәлелге сүйенеді: Динаның орындауындағы теріс бұрауда тартылатын күйде өзбек мақамына тән ешбір ладтық, ырғақтық элемент жоқ. Бұл күйдің әуен иірімі, қағыстық ерекшелігі, құрылымдық буындары таза қазақы стильде шығарылған. Оның ішінде, батысқазақстандық төкпе күй дәстүрінің айқын үлгісі байқалады. Демек, күйдің парсы немесе өзбек дәстүріне ешқандай да қатысы жоқ.

Ендеше, неге бұл күй «Науысқы» деп аталады? Диссертацияда күйдің осылай аталуына қатысты бірнеше болжам қарастырылады. Солардың ішінде ең жиі айтылатыны «Новильск» атты Ресейдегі жәрмеңке жайлы аңыз. Аңыз бойынша, Құрманғазы сол жәрмеңкеге барып, түрлі ұлттың музыкасын тыңдап, ерекше әсермен күй шығарыпты. Содан «Новильск» сөзі қазақыланып, «Науысқы» болып кеткен-мыс. (Мысалы,  «Повестка» «Пәбескі» күйі, «Лавочкин» «Лаушкен» деп аталғаны сияқты).  Бірақ бұл  жай аңыз ғана. Себебі атауға қатысты нақты тарихи құжат жоқ.

А.Тоқтаған музыкатанушы П.Шегебаевтың жорамалын да қарастырады. Ол жорамал бойынша, күйдің сарынына «Чижик-пыжик» деген орыс халық әнінің элементі сіңіп кеткені айтылады. Яғни, бұл күй «көпұлтты мәдениеттің тоғысқан нүктесі» дегендей пікірлер бар. Бірақ бұл  болжам ғана. Күйдің өзі – нақты бір дәстүрден шыққан, авторы бар, идеясы бар, музыка тілі мен құрылымы бар шығарма. Сондықтан ол бұлайша күдікті интерпретацияларды тарата беру күйшінің мұрасын бұрмалау болмақ деп есептейді.

Науайы мен Науысқы екі түрлі күй

Ең басты мәселе бұл күй біреу емес, екеу. Динаның орындауында, әртүрлі бұрауда орындалатын екі түрлі туынды. Бірі теріс бұрауда орындалатын жеңіл, ырғақты, екпінді күй. Екіншісі оң бұрауда орындалатын, тізбекті күйлерге тән, терең әрі кең тынысты шығарма. Айтолқын Тоқтаған бұл екі күйді жан-жақты талдай келе, олардың бір-бірінен мүлдем өзгеше екенін дәлелдеп береді.

Теріс бұраудағы күй – «Науысқы». Бұл күйді Дина ерекше екпінмен, шалт ырғақпен, кең серпінді фразалармен орындайды. Кейбір қағыстық құрылымдарда Жантөре күйлерінің, әсіресе «Шалқыманың» сарыны сезіледі. Яғни, бұл күйді Дина белгілі бір ескі үлгіден алғанымен, оны теріс бұрауда қайтадан құрап, жаңа сипатқа енгізеді. Сондықтан бұл күйді жай ғана халық күйі деп емес, авторлық интерпретация деп қабылдауға негіз бар дейді.

Ал «Науайы» күйі – Динаның өз қолымен құрған төл шығармасы. Бұл күй тізбекті күйлер үлгісінде жазылған. Айтолқын Тоқтаған мұны нақты музыкалық талдау арқылы дәлелдейді: күйдің бас буынындағы негізгі ладтық тірегінде басталуы, қос ішектегі кең интервалдармен дамуы, жоғары регистрге өту тәсілдері, буындық формасының айқындылығы бәрі де авторлық композицияға тән қасиеттер. Сонымен қатар бұл күй ескі халықтық «Қарт Науайы» күйіне де ұқсайды, бірақ жаңашыл буындарымен ерекшеленеді. Ғалымның пікірінше, Дина күйді көшірмеген, қайта өңдеп, жаңаша форма берген.

Күйдің авторы кім? Құрманғазы ма, Дина ма? Бұл сұрақ та көпті мазалайды. «Науысқы» күйі кейде Құрманғазының күйі деп жазылады. Тіпті, сахнада күйді Құрманғазының шығармасы деп жариялағандар да болған. Бірақ Айтолқын Тоқтаған мұндай деректерге сыни көзбен қарайды. Ол мұны үш түрлі «негізсіз» дерекке сүйенген көзқарас деп сипаттайды. Біріншісі аңыз. Екіншісі сахнадағы сөз. Үшіншісі пластинкадағы кездейсоқ жазба.

Шын мәнінде, «Науысқы» күйінің ішкі құрылысы, орындаушылық мәнері, фразалардағы еркіндік Құрманғазының музыкалық стиліне сай келмейді. Бұл – батысқазақстандық жаңа бағыттағы домбырашылыққа тән үлгі. Ал оның ең жарқын өкілі Дина. Сондықтан зерттеуші бұл күйдің Құрманғазыға емес, Динаға тиесілі екенін нақты айтады.

Жазғанымызды қорытындыласақ, Динаның орындауындағы бұл күйлер – екі түрлі шығарма. Біріншісі – «Науысқы». Бұл күй теріс бұрауда орындалады, белгілі бір халықтық үлгіні Дина жаңаша интерпретациялаған.

Екіншісі «Науайы». Бұл күй – Динаның төл шығармасы. Композициялық құрылымы мен ладтық жүйесі арқылы өзіндік қолтаңбасын көрсеткен, авторлық шығарма.

Ал «Науаи» деген атау бұл күйге тиесілі емес. Бұл сөздің күйге бекітіліп кету  – ауызекі тілдегі фонетикалық өзгеріс пен әдеби әсердің салдары. Мәселен, «Науысқы» сөзі айтылуы қиын болған соң, біреулер оны «Науайы» деп жұмсартады, ал енді біреулер оны парсы естіледі деп «Науаи» деп «өңдеп» жіберсе керек.

Айтолқын Тоқтағанның диссертациялық еңбегі осы мәселені ғылыми дәлелмен, музыкалық құрылыммен, орындаушылық талдаумен нақтылаған. Енді орындаушылар да, тыңдаушылар да, өнер зерттеушілері де осы шындыққа иланып, бір келісімге келсе екен дейміз. Егер қарсы пікір болса, дәлелді уәждерін оқуға дайынбыз.