АҚШ-тан келген 41 жастағы турист велосипедпен әлемді аралауға шыққан.
"Маршруттан адасып қалған": түркістандық полицейлер АҚШ азаматына көмек көрсетті
Фото: polisia.kz
579
оқылды

Түркістандық полиция қызметкерлері велошеру кезінде маршруттан адасып қалған АҚШ-тан келген туристке көмек көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Белгілі болғандай, Леңгір қаласының учаскелік полиция инспекторлары Нұрғиса Оразбаев пен Жандос Молдияр өздерінің қызмет көрсететін аумақтарын аралап жүріп, Төле би көшесінің қиылысында орналасқан дүкенде уайымдап, мазасы қашып тұрған шетел азаматын байқады.

Оның жеке басын анықтап сұрастыру барысында, Уилсон Райан Митчел есімді 41 жастағы турист, АҚШ азаматы екенін және әлемді велосипедпен аралап жүргенін жеткізді. Шетелдіктің айтуынша, ол Төлеби ауданы арқылы Ташкент қаласы бағытына өтіп бара жатып, навигациялық карта жұмысының бұзылуына байланысты маршруттан адасып қалған.

- Полиция туристерге Google Maps қолданбасын қайта іске қосуға көмектесті. Сонымен қатар оған сапарды жалғастыру үшін тамақ пен сусындар ұсынды. Велотуристтің айтуынша, ол Түркия, Грекия, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан арқылы Өзбекстанға бет алған. Қазақстан оның саяхат жолындағы 9-шы мемлекет екен, – делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Өз кезегінде шетелдік азамат полиция қызметкерлерінің көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін алғысын білдірді.