Google-дің The Keyword блог платформасында жарияланған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz, жануарлардың «тілін» түсінуге жол ашатын DolphinGemma моделінің жұмыс тәсілін талдайды.
Дельфиндер тілін түсіне алатын ЖИ аудармашы қалай жұмыс істейді? Бұл – жасанды интеллекті қолданудың тағы бір қызықты бағыты. Зерттеушілер DolphinGemma деп аталатын алғашқы үлкен тілдік модельді (LLM) жасап шығарды, ол дельфиндер тілін түсінуге арналған. Бұл модель дельфиндердің не айтатынын адамға түсінікті тілге аударуға көмектеседі. ЖИ-ге негізделген модель соңғы ондаған жылдар бойы қолмен жүргізіліп келген эксперименттермен салыстырғанда әлдеқайда жылдам жұмыс істейді.
«Біздің мақсатымыз – бір күні дельфин тілінде сөйлеу», – дейді доктор Дениз Херцинг. Оның зерттеу ұйымы – The Wild Dolphin Project (WDP) – Багам аралдары маңында мекендейтін Атлантикалық дақты дельфиндердің бір тобын зерттеумен айналысады.
Соңғы 40 жылда Херцинг дельфиндердің дыбыстарын жинап, жүйелеп келеді. Енді бұл жұмысты Google DeepMind жасанды интеллект компаниясының ғалымы доктор Тэд Старнермен тығыз серіктесіп атқаруда.
Олар бірігіп, ЖИ моделін бұрыннан жазып алған дельфиндер дыбыстары негізінде оқытты. Модель кейін қосымша деректермен кеңейтіліп, дыбыстардың мағынасын дәлірек анықтауға бейімделе алады.
«Дельфиндердің дыбыстарын DolphinGemma сияқты ЖИ моделі арқылы өңдеу бізге адамдар ажырата алмайтын нәзік заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Херцинг.
Дельфиндер, әдетте, бір-бірімен әртүрлі ысқырулар (кейбір ысқырық түрлерін дельфиндер жеке есім ретінде қолданады), аң аулауда көмектесетін эхолокациялық «шерту» дыбыстар мен импульстік дыбыстар арқылы қарым-қатынас жасайды.
1980 жылдардан бері зерттеушілер бұл дыбыстарды суасты микрофондары – гидрофондар – арқылы жазып, спектрограммалармен (дыбыстың жиілік құрамының уақыт бойынша өзгерісін көрсететін визуалды кескін) олардың үлгілерін анықтап келді. Кейін бұл дыбыстарды қайтадан дельфиндерге естіртіп, олардың реакциясын бақылаған. Бұл – дельфиндердің дыбыстық каталогын жасауға бағытталған көп еңбек пен айлар мен жылдарды қажет ететін қолмен жасалатын ауыр жұмыс.
DolphinGemma – Google Gemini модельдерін қолдайтын іргелі технологияға негізделген тілдік модель. Ол WDP-нің Атлантикалық дақты дельфиндеріне арналған акустикалық деректер базасымен белсенді түрде оқытылып, дельфиндер шығаратын дыбыстық тізбектерді өңдей отырып, заңдылықтар мен құрылымды анықтайды. Google-дің айтуынша, бұл модель дыбыстық тізбектегі ықтимал келесі дыбыстарды болжай алады.
Құпия тіл жасау
Ал біз дельфиндердің өзара қалай сөйлесетінін бақылаумен шектелмей, олармен ортақ тілде сөйлесе алсақ ше? Бұл – WDP соңғы бірнеше жыл бойы Старнермен бірлесе зерттеп келе жатқан бағыт. Херцинг пен Старнер бірге CHAT (Cetacean Hearing and Telemetry) құрылғысын жасады. Су астында жұмыс істейтін осы үлкен құрылғы дельфиндердің дыбысын анықтап, жазатын гидрофондармен, су астында жасанды ысқырықтарды ойнайтын динамиктермен және сүңгуірлер қолдана алатын арнайы интерфейспен жабдықталды.
Жүйе нақты ысқырықтарды объектілермен немесе ұғымдармен байланыстыру арқылы жұмыс істейді. Зерттеушілер интерфейс арқылы жасанды ысқырықтарды ойнатып, дельфиндерге сол дыбыстарды белгілі бір заттармен байланыстырып үйренуге мүмкіндік берді.
Кейін команда құрылғыларды жаңартып, ішіне ЖИ енгізді. Олар Google Pixel смартфондарын қолданып, бұрынғы CHAT жүйесіндегі процесті қайталады. Эксперимент былай жасалды:
1. Дельфинге бір әрекет көрсетіледі (мысалы, ойыншық беріледі). Сол сәтте су астындағы динамик арқылы дыбыс шығарылады – дельфиннің санасында ассоциация қалыптасады.
2. Киілетін құрылғы дельфиннің шығарған имитациялық дыбысын анықтайды.
3. Құрылғы сүңгуірге арнайы құлаққаппен (су астында жұмыс істейді) дельфиннің нені «сұрағанын» хабарлайды.
4. Зерттеуші жылдам жауап беріп, сәйкес ойыншықты ұсынады – бұл әрекет байланыс орнатуды күшейтеді.
ЖИ моделі болжау жасай алатындықтан, бұл жүйе зерттеушілерге дельфиндерге тезірек және табиғи жауап беруге көмектеседі. Смартфон қолдану арқылы құрылғы аз қуат тұтынады, жеңіл қызмет көрсетіледі және бұрынғы нұсқадан ықшам.
DolphinGemma тілдік моделі дельфиндердің не айтатынын адамға түсінікті тілге аударуға көмектеседі. Фото dolphinsplus.com сайтынан алынды
Дениз Херцингтің ұйымы DolphinGemma моделін биылғы маусымда тәжірибеде қолдануды бастайды. Бұл жаңа модель Атлантикалық дақты дельфиндердің мінез-құлқын зерттеу мен құжаттауды жылдамдатуға көмектеседі. Google бұл модельді жыл ортасында ашық үлгі ретінде жариялауды жоспарлап отыр. Бұл оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілерге қолжетімді етеді. Компанияның айтуынша, модельді аздаған өзгерістер жасап, басқа кит тәрізділерді, мысалы, афалиндер немесе спиннер-дельфиндерді зерттеуде қолдануға болады.
«Егер дельфиндерде тіл болса, онда олардың мәдениеті де болуы мүмкін. Олардың қандай басымдықтары бар, олар не жайында сөйлеседі, соны түсіне аламыз», – дейді Старнер.
ЖИ-ді жануарлардың өмірін, «тілін» зерттеуде қолдану бізге жануарлар әлеміндегі саналы түрлердің қалай сөйлесетіні мен олардың «қоғамы» қалай жұмыс істейтінін мүлде жаңа көзқараспен түсінуге жол ашады.
Иә, болашақта дельфин мен адам арасындағы ЖИ аудармашы арқылы қазақ тілінде де қарым-қатынас орнату мүмкін болады. Басты қиындық – дельфиннің шынайы «тілін», дыбыстарды түсіну. DolphinGemma моделі дельфин «тілін» ағылшынға аударып берсе, оны ағылшыннан қазақша аудару – техникалық жағынан әлдеқайда жеңіл. Бұндай аударманы нақты уақыт режимінде бүгінгі ЖИ жүйелерімен сәтті жүзеге асыру да қиын емес. Сонда дельфинмен қазақша сөйлесуге де нақты мүмкіндік туады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.