Кеше, сейсенбіге қараған түні Франциядағы бірнеше түзеу мекемесіне шабуыл жасалды. Беймәлім тұлғалар түрме ауласындағы көліктерді өртеп, бір түрмеге автоматпен оқ жаудырған. Бұл шабуылдарды Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен растап, оларды есірткі саудасына қарсы жүргізіліп жатқан мемлекеттік шаралармен байланыстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com-ге сілтеме жасап.
«Бірнеше түрмеде қызметкерлерді қорқытқан. Көліктерді өртеп, автоматпен оқ жаудырды», – деді министр. Ол Тулон қаласына барып, зардап шеккен мекеме қызметкерлеріне қолдау көрсететінін айтты.
Le Parisien газеті хабарлағандай, шабуыл жеті түзеу мекемесінде тіркелген. Бесеуі елдің оңтүстігінде (Тулон, Экс-ан-Прованс, Марсель, Валанс және Ним қалаларында), ал екеуі Париж маңында (Виллепинт және Нантер қалаларында). Le Figaro ақпаратына сәйкес, Тулонда түрме қақпасына көлікпен өтіп бара жатқанда, автоматпен оқ атылған. Ал Марсель маңында Әділет министрлігіне тиесілі тұрғын үй кешені шабуылға ұшырап, бірнеше көлікке бояу шашылып, кейін өртелген.
Кейбір қалаларда шабуылдан кейін DDPF деген жазулар қалдырылған. Бұл аббревиатура «француз тұтқындарының құқығы үшін» дегенді білдіреді.
Шабуыл террорлық әрекет ретінде бағаланып, істі Францияның Ұлттық антитеррористік прокуратурасы тергеп жатыр. Ішкі істер министрі Бруно Реталло жергілікті билікке түрме мекемелері мен қызметкерлерінің қауіпсіздігін дереу күшейтуді тапсырды.
«Мемлекет тез арада қатаң жауап беруге тиіс. Түзеу мекемелеріне және оның қызметкерлеріне шабуыл жасағандар сол түрмеге жабылып, дәл сол қызметкерлердің бақылауында болуы керек», — деді ол.
FO Justice түрме қызметкерлері кәсіподағы түндегі шабуылдарға байланысты алаңдаушылық пен ашу-ызасын білдіріп, билікті шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Себебі бұл оқиға тек осы ғана емес. Екі күн бұрын, жексенбіде, түрме басқару мектебінің ауласындағы жеті көлік өртенген еді.
«Біреулер мемлекеттік биліктің нышаны саналатын түрме мүлкіне шабуылдауды енді мүлдем ойланбастан жүзеге асырып отыр», – делінген кәсіподақ мәлімдемесінде.
Шабуыл үшін жауапкершілікті әзірге ешбір қылмыстық топ өз мойнына алған жоқ. Дегенмен AFP агенттігі хабарлағандай, кей жерлерде анархистік ұрандармен бірге DDPF жазулары табылған. Тергеуге жақын дереккөздердің айтуынша, бұл шабуылдар координацияланған және есірткі саудасына қарсы шаралармен тығыз байланысты.
Себебі қазір Франция парламентінде есірткі қылмыстарымен күреске бағытталған арнаулы прокуратура құру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл органға кең ауқымды өкілеттіктер берілмек.