BBC News материалына сілтеме жасаған Aikyn.kz алыс ғаламшарда тіршілікке оңтайлы жағдай қалай анықталғанын түсіндіреді.
Ғалымдар алыстағы жұлдызды айналып жүрген планетада тіршілік болуы мүмкін екеніне жаңа дәлелдер тапты. K2-18b ғаламшарының атмосферасын зерттеп жатқан Кембридж университетінің зерттеушілері органикалық молекулалардың іздерін анықтаған. Жер бетінде ондай молекулаларды тек қарапайым организмдер ғана өндіре алады.
Бұл – NASA-ның Джеймс Уэбб телескопының (JWST) тіршілікпен байланысты химиялық заттарды экзопланеталар атмосферасынан анықтаған екінші әрі үміт күттірерлік оқиға. Алайда зерттеу тобы мен тәуелсіз астрономдар бұл нәтижелерді растау үшін қосымша деректер қажет екенін айтуда. Зерттеу тобының жетекшісі, профессор Никку Мадхусудхан Кембридж университетінің Астрономия институтындағы зертханасында берген сұхбатында:
«Бұл – тіршіліктің болуы мүмкін екендігін көрсететін ең сенімді дәлел. Біз бұл белгіні бір-екі жыл ішінде нақты растай аламыз деп үміттенемін», – дейді.
K2-18b Жерден екі жарым есе үлкен және бізден 1,1 квадриллион км қашықта орналасқан. JWST телескопы соншалықты қуатты, ол ғаламшардың атмосферасының химиялық құрамын өзі айналып жүретін шағын қызыл жұлдыздан келетін жарық арқылы талдай алады.
Кембридж тобы ғаламшар атмосферасында тіршілікпен байланысты екі молекуланың бірі – диметилсульфид (DMS) немесе диметилдисульфид (DMDS) бар болуы мүмкін деген химиялық сигнатураны байқаған. Жерде бұл газдарды теңіз фитопланктондары мен бактериялар өндіреді.
25 жыл жасалған, 2021 жылы 25 желтоқсанда ұшырылған керемет қуатты JWST телескопы ғаламшардың атмосферасының химиялық құрамын жарық арқылы талдай алады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторлығы: Alex Wong
Профессор Мадхусудхан: «Бір ғана бақылау терезесінде сонша көп газдың анықталғаны мені таңғалдырды. Біздің бағалауымыз бойынша бұл газдың мөлшері Жердегіден мың есе көп. Егер бұл шынымен тіршілікпен байланысты болса, онда бұл ғаламшар тіршілікке толы болуы мүмкін», – дейді.
Ғалымның ойынша, егер K2-18b-де тіршіліктің бар екені расталса, онда бұл – тіршіліктің Галактикада кең таралғанының нақты дәлелі болмақшы. Дегенмен профессор Мадхусудхан тобы бірнеше «егер» мен «бірақтар» бар екенін айтады. Алдымен, қазіргі қолда бар нәтижелер ресми ашылу ретінде танылуы үшін жеткілікті дәл емес.
Ғылыми қауымдастық жаңалық ретінде тану үшін нәтижеге 99,99999% сенімділік (бес сигма) қажет. Ал Кембридж университетіндегі нәтижелер үш сигмаға, яғни 99,7% сенімділікке ие. Бұл көп көрінгенімен, ғылым үшін жеткіліксіз. Бірақ осы жаңалық бұдан 18 ай бұрын алынған бір сигма (68%) нәтижеден әлдеқайда сенімдірек. Тіпті бес сигма дәлдігіне жеткеннің өзінде, бұл тіршіліктің нақты дәлелі болмайтынын Эдинбург университетінің профессоры, Шотландияның Корольдік астрономы Кэтрин Хейманс та мойындайды. Ол бұл зерттеуге қатыспаған.
«Мұндай сенімділік болған күннің өзінде бұл газдың нақты қайдан шыққаны белгісіз. Жерде оны мұхиттағы микроағзалар өндіреді, бірақ басқа планетада оның биологиялық шығу тегі қандай екенін білмейміз. Себебі Ғаламда біз білмейтін көптеген геологиялық процестер болуы мүмкін», – дейді ол BBC News-ке.
Бұл пікірмен Кембридж тобы да келіседі. Олар DMS пен DMDS молекулаларын тіршіліксіз жолмен өндіруге бола ма деген сұраққа зертхана жағдайында жауап іздеп, басқа зерттеу топтарымен жұмыс істеуде.
Басқа ғылыми топтар K2-18b-ден алынған деректерге альтернативті – тіршіліксіз түсіндірмелер ұсынуда. Ғылыми пікірталас тек молекулалардың бар-жоғы ғана емес, ғаламшардың құрамына да қатысты.
Астрономдар K2-18b атмосферасында осындай мұхиттар толқып жатыр деп санайды. Фото naked-science.ru сайтынан алынды. Авторлығы: UCR / Shang-Min Tsa
Кейбір ғалымдар K2-18b атмосферасында аммиактың болмауы оның астында үлкен сұйық мұхит бар екенін меңзейді дейді. Теория бойынша, аммиак сол су қоймасында сіңіріліп кетуі мүмкін. Алайда бұны тіршілікті болдырмайтын «балқытылған тасты мұхитпен де түсіндіру мүмкін» дейді Кембридж университетінің профессоры Оливер Шортл.
«Біз басқа жұлдыздардың айналасындағы ғаламшарлар туралы білетініміз – тек олардың атмосферасынан шағылған өте әлсіз жарыққа негізделген. Сондықтан біз өте әлсіз сигналдарды талдап, тек тіршіліктің ғана емес, барлық нәрсенің белгілерін анықтауға тырысамыз», – дейді ол.
NASA-ның Эймс зерттеу орталығының ғалымы, доктор Николас Воган бұл деректерге тағы бір балама түсініктеме беріп отыр. Ол K2-18b – беткі қабаты жоқ шағын газ алыбы болуы мүмкін деген гипотеза ұсынған. Бұл екі балама түсініктеме де JWST деректеріне сәйкес келмейді деген негізде басқа ғалымдар тарапынан сынға ұшырауда. Осының өзі K2-18b төңірегіндегі ғылыми пікірталастың қаншалықты өткір екенін көрсетеді.
Профессор Мадхусудхан тіршіліктің бар-жоғына қатысты ең үлкен сұрақтарға жауап беру үшін әлі талай ғылыми кедергіден өту керек екенін мойындайды. Бірақ ол өз тобының дұрыс жолда екеніне сенімді.
«Бәлкім, бірнеше онжылдықтан кейін осы сәтке қайта қарап: «Міне, дәл сол кезде тіршілікке толы Ғалам идеясы шындыққа айналды» дерміз. Бұл біз алғаш рет «Ғаламда жалғыз емеспіз бе?» деген негізгі сұраққа жауап беруге жақындаған бетбұрыс сәт болуы мүмкін», – дейді ол.
Осылайшы Жаратушының ғаламның қандай бөлігін тіршілікке жарамды еткенін анықтау адам баласы шексіз жалғаса беретін шығар. Ғалымдарға сәттілік тілейік.
Зерттеу нәтижелері The Astrophysical Journal Letters журналында жарияланған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.