Биыл діни қайраткер, алаш арысы Шәймерден Қосшығұлдың туғанына 151 жыл толып отыр. Жалпы, бұл қайраткер алғашқы білімін сол заманға сай алып, кейіннен өзінің рухани ұстазы Науан Хазіреттің (Наурызбай Таласұлы) мектеп-медресесінде жалғастырды. Қоғамдық ұстанымының қалыптасуына да осы ұстазы себепші еді. Себебі алғыр да өжет бозбаланың өмірге деген көзқарасының ертерек қалыптасуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, ұстазының ықпалы болса, екіншіден, патша үкіметінің өз қол астына шұрайлы жерлерді қаратып, дінге, тілге қысым жасауы еді. Мінекей, қазақ жерінде осындай қиын-қыстау заман болып жатқанда, арқа сүйер азаматтары Науан Хазірет пен Шәймерден Қосшығұл еді. Халқы оны ерекше құрметтеп, «Шәйке молда» деп атауы да сондықтан болар.
Сонымен қатар 1903 жылы халықтың мұң-мұқтажын, елде болып жатқан жағдайды қағаз бетіне түсіріп, хат арқылы Абай Құнанбайұлына жіберуін ерлікпен пара-пар десек те болады. Дегенмен ол хат түбінде цензураға ілігіп, патша жандармериясы Науан Хазіретті 5 жыл, Шәймерден Қосшығұлды 3 жыл Якутияға жер аудартып жібереді. Ә.Бөкейхан, М.Сералин бастаған қайраткерлер патша үкіметінің қабылдауында болып, жазықсыз екенін дәлелдеп шығады. Мерзімінен бұрын айдаудан оралады. Елімен қауышқан Ш.Қосшығұлға 1905 жылы Петербордан М.Тынышпай мен С.Шипабекұлынан хат келеді. Осы хаттан кейін Петербор қаласына аттанып кетеді. Бұл естеліктер С.Ғылманидың «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» еңбегінде кездеседі.
Міне, қоғамдық-саяси қызметінің басталуы Петербор сапарынан бастау алады. Сонда жүріп бірінші орыс революциясына, бүкілресейлік мұсылмандар сьезінің үш отырысына да қатысады. Қазақ интеллигенттері Ә.Бөкейхан, М.Тынышпай, Б.Қаратай, М.Дулатұлы, А.Бірімжан секілді қайраткерлермен кездеседі. I, II Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланады. Бұл оқиғалар 1905-1907 жылдар аралығы еді. Осы айтылып өткен Мемлекеттік Дума, мұсылмандар сьезіндегі Ш.Қосшығұлдың тарихи суреттері табылды. Әлеуметтік желілерде, көптеген сайтта ол суреттер кездеседі. Алайда бізге белгілі емес суреттері де бар. Діни қайраткердің Санкт-Петербург қаласында қазақ зиялыларымен түскен суреті көп емес еді.
Жақында ғана, «Искры» журналын қарап отырып, Ш.Қосшығұлдың бір суретін тапқан едік. Анық-қанығына көз жеткізу үшін тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай ағамызға хабарластық.
Ағамыздың айтуынша, суреттің бұрын-соңды жарияланбағанын, белгілі емес екенін білдік. Өмірзақ Озғанбай ағамыздың «Рух күрескері» еңбегінде де Ш.Қосшығұл туралы сипатталып, қара торы, орта бойлы екені анық жазылған. Жарияланған, елге белгілі суреттерде де бойының орташа екені анық байқалады. Және де басындағы телпектен де қайраткерді бірден тани түстік. Сурет түсіндірмесінде (Вь кругломь заль Думы. За чтеніемь телеграммь) деп көрсетілген. Ақ парақ ұстап тұрған Ш.Қосшығұл бабамыз ортада тұр, жанындағы сақалды кісі – Бақытжан Қаратай. Екеуі де Мемлекеттік Думаның екі шақырылымына депутат болып сайланған.
Бүгінгі күні, баба есімі ғылыми еңбектерде кездеседі. Әсіресе Өмірзақ Озғанбайдың «Рух күрескері», Бейбіт Қойшыбаевтың «Тарих және тұлға», Сәдуақас Ғылманидың «Заманамызда болған ғұламалардың замана тарихы», Гүлнұр Міржақыпқызы Дулатованың «Шындық шырағы», Дихан Қамзабекұлының «Алаш энциклопедиясы», «Түркі алқасы», «Алаш арқауы», Ерден Нұрахметтің «Ақмолалық Алаш зиялылары» және тағы басқа еңбектерде.
Биыл қайраткердің туғанына 151 жыл толып отыр. Көкшетау қаласындағы Степан Разин атындағы көше Ш.Қосшығұлдың атына ауыстырылды. Сондай-ақ Қоғам ауылына жаңа мектеп салынып, Ш.Қосшығұл атауы берілді. Мінекей, Алаш арысының есімі насихатталып, көшелерге, мектептерге есімі берілді. Бұл ардақты Алаш зиялысының зерттелмеген, бізге беймәлім тұстары өте көп. Есімі белгілі болғанымен, әрі қарай зерттеу жұмысын жалғастыруды талап етеді. Бүгінгі күні ұрпақтары Көкшетау, Астана қаласында тұрады. Олар: Серік Аяғанов, Майра Жүнісова, Самат Жұматай, Ерік Шаймерденов және тағы басқа. Қазіргі таңда ауылынан шыққан жерлестері, Ақмола облысының өлкетанушылары, ұрпақтары Ш.Қосшығұл есімін дәріптеп, зерттеу жұмысына бір кісідей атсалысып жатыр. Алдағы уақытта, Алаш ардақтысы Ш.Қосшығұл туралы зерттеуім жалғаса бермек.
Қанатбек Бегенұлы,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 4-курс студенті