21 сәуірде Қазақстан Құрлық әскерлерінің құрылған күні.
Қазақстанның Қарулы Күштері бүгін Құрлық әскерлері күнін атап өтеді
Фото: gov.kz
936
оқылды

Қазақстан Қарулы Күштерінің негізі саналатын Құрлық әскерлері 1993 жылы 21 сәуірде Орта Азия әскери округінің 40-шы жалпы әскери армиясының базасында құрылды. Осыған орай еліміздің Қарулы Күштері бүгін осы айтулы датаны атап өтеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Құрлық әскерлері Президент Жарлығымен 1993 жылы бұрынғы Орта Азия әскери округінің 40-шы жалпы әскери армиясы негізінде құрылды.

Құрлық әскерлерінің бүгінгі әлеуеті еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету, заңсыз қарулы топтармен күрес, сондай-ақ еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес тапсырмаларды орындауға толық қабілетті.

Бүгінде Құрлық әскерлерінің құрамына «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары, тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі кіреді.

Құрлық әскерлері қолбасшылығының негізгі күш-жігері тұрақты жауынгерлік дайындықты сақтауға, әскери басқару органдары мен әскерлерді жауынгерлік мақсатқа сәйкес міндеттерді шешуге дайындауға бағытталған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы әскерлерді даярлау барысында 40 000-нан астам іс-шара жүзеге асырылды. Оның ішінде 2 000-нан астам әскери міндеттілер оқытылып, 70-тен астам жұмылдыру оқу-жаттығуы мен жаттығулар өткізілді.

Жыл сайын Құрлық әскерлерінің бөлімдері мен бөлімшелері халықаралық және өңірлік жаттығуларға қатысады. Штабтық, командалық-штабтық оқу-жаттығулар, әскери ойындар, жиындар мен курстық дайындық қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды талдауды ескере отырып жүргізіледі.

Тәжірибе алмасу және әскерлердің екіжақты форматтағы үйлесімділігін арттыру мақсатында Үндістан Қарулы күштері бөлімшелерімен «КазИнд», Қырғыз Республикасымен «Дала сұңқары», Өзбекстан Республикасымен «Хамқорлық» бірлескен оқу-жаттығулары өтті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Пәкістан Ислам Республикасында өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Құрлық әскерлері әскери техниканың жаңа үлгілерімен, жоғары дәлдіктегі қару-жарақпен, заманауи байланыс құралдарымен, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерімен қамтылған. Жоғары мобильді, техникалық жабдықталған және жауынгерлік қабілетті Құрлық әскерлері егемендікті, елдің аумақтық тұтастығын және азаматтардың бейбіт өмірін қорғауға дайын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.