Оларға қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады.
Алимент төлемейтіндер арасында табысын қасақана жасыратындар да бар – министр
433
оқылды

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрлігі мен Заңнама және сот‑құқықтық реформа комитеті жеке сот орындаушылары (ЖСО) институтының 14 жылдық тәжірибесіне жан‑жақты талдау жасап, саланы түбегейлі жаңартатын кешенді шараларды ұсынды.  Ұзаққа созылған талқыда екі баяндама жасалды. Алдымен Әділет министрі жүйені цифрландырудың алғашқы нәтижелерін жария етсе, артынша комитет төрағасы Светлана Имашева атқарушылық өндіріске тән түйткілдерді санамалап, заңнаманы басынан бастап жазу қажет екенін кесіп айтты.

Цифрлық көмекші

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндамасын «Мәжбүрлеп орындату сот төрелігінің соңғы баспалдағы ретінде тиімді, жедел және әділ болуы тиіс» деген тезистен бастады. Оның дерегінше, мемлекеттік қызметшілер иықтап келген салмағы мол жүктеме 2011 жылғы реформадан бері біртіндеп ЖСО‑ларға берілген. Нәтижесінде, 2010 жылы бір орындаушы жылына 270 құжатты толық атқарса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 229‑ға жетіп, бес есе ұлғайған. Министр цифрландыру үдерісін атап көрсетті: сот актілерін орындау бойынша негізгі операцияларды мобильді қосымшаға көшіру және «цифрлық көмекші» модулін енгізу арқылы борышкер мен өндіріп алушы іс‑әрекетті онлайн бақылай алады.

Қазынаға түскен 2,5 миллиард және борышкер үнемдеген 600 миллион

2024 жылғы тамыздан бастап жұмыс істей бастаған оңайлатылған іс жүргізу форматы 20 АЕК‑ке дейінгі айыппұлдар мен салықтарды түгел дерлік электронды режимде өндіріп алуға мүмкіндік берді. Сегіз айдың ішінде 125 мың құжат орындалып, бюджетке 2,5 млрд теңге түскен; ал азаматтар сот орындаушысына төленетін сыйақыдан 600 млн теңгеден астам қаржыны үнемдеген. Әділет министрлігі енді шекті соманы 40 АЕК‑ке дейін көтеріп, экономикалық тиімділікті екі есе арттыруды көздеп отыр.

Алимент пен аукциондағы «сұр схемалар»

Әлеуметтік блоктағы ең ауыр тақырып  алимент. Жыл басында орындауда 283 мың іс тіркелсе, соның 12 835‑і (4 %)  «проблемалы». 6 232 борышкер жұмысқа орналастырылса да, 18 млрд теңгеге жуық қарыз әлі өтелмеген. Министр алимент өндіруде табысын жасыратын борышкерлерге қарсы банктік емес кіріс көздерін электронды әмиянды, такси агрегаторларын, букмекерлік шоттарды автоматты анықтайтын тетік жасалып жатқанын мәлімдеді.

"Оларға қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады. Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар тұрақты табыстың, мүліктің болмауы, ал кейбір жағдайларда табыстарды қасақана жасыру болып қала береді", дейді Әділет министрі Е.Сәрсембаев.

Министр назар аударған тағы бір түйткіл  тыйым салынған мүліктің аукционда құнсыз сатылуы. «Мүлік небәрі 7,5 млн теңгеге өтіп, нарықтағы бағасынан 13 есе арзанға түсті» деген дерек келтірілді. Баға көтеру сатысында әдейі «қатысып», кейін төлеуден бас тартатын ойыншыларды ығыстыру үшін заңға түзетулер пакеті әзір.

Сонымен қатар 2025 жылғы қаңтарда Микрокредит беру туралы шартты жасасу ережелеріне микрокредиттік ұйымдарға «шағын несие» шарты негізінде кез келген аффилиирленген нотариусқа атқарушылық жазба жасау туралы өтініш беруге шектеу қойылды, дейді министр.