Әлемдегі кез келген мемлекеттің тарихи жадысы, рухани болмысы сақталған бірден-бір мекен – кітапхана.
Ғазиза Құдайбергенқызы, Ұлттық кітапхана директоры: Тасқа түскен дүние қоғамға қызмет етуі қажет
749
оқылды

Себебі жазу мәдениеті мен құжаттық дәлелдемелер тоғысқан өркениет ордасы кітап оқуға ғана емес, өз тамырыңды тануға арналған алаң сияқты. Сол үшін де кітапхана жүйесіне артылар жауапкершіліктің салмағы зор. Біз таяуда Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың басшылық қызметіне кіріскен Ғазиза Құдайбергенқызымен арнайы кездесіп, сала төңірегінде сұхбат құрған едік. Ол қазіргі замандағы кітапхана миссиясы, сирек қор мен қолжазбаларды қайта жаңғырту, цифрландыру процесі және т.б өзекті тақырыптар туралы пікірін айтты.

– Ғазиза Құдайбергенқызы, жаһанды озық технологиялар жаула­ған заманда кітапхана саласы дәстүрлі оқырманға қызмет көрсету тұрғысы­нан қандай өзгерістерді бастан кешті? Ұлттық мұраның ұйытқысы саналған ру­ханият ордасында заманауи оқыр­манның сұранысына сай жаңашыл­дықтар енгізілді ме?

– Ең алдымен, дәстүрлі және модер­низацияланған кітапхана, ақпараттық жүйе мен автоматтандыр­ылған жұмыс түрлері қатар жүру­ге тиіс. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын кітапхананың барлық жұ­мысы авто­маттандырылуы қажет деген пікірде болғанмын. Ал қазір керісінше, кітапхана жұмысы автомат­тандыр­ылуы қажет, алайда оқыр­­манға дәс­түр­лі қызмет көрсету үрдісі сол қалпында қалуға тиіс деп ойлаймын. Иә, күллі әлемге жас­ан­ды интеллект күші дендеп еніп, қолымыздағы гаджет адамның күн­делікті өміріне сіңісіп келеді. Дегенмен жер беті адамзаттың өмір сүруіне арналған соң, тірі адамның эмоциясы мен сезімін электронды құрылғылармен алмастыруға мүм­кін­дік бермеу қажет. Кітапхананың электронды базасы, кез келген құ­­жаттың электронды нұсқасы, жет­кізу қызметі, оқыр­ман­ның сұр­а­ны­сына жылдам жауап беру сынды процестер автомат­тандырыл­ып, IT технологиясының мүмкін­дік­тері барынша пайдаға асырылуы маңызды. Таяуда Үкіметтің тапсыр­масымен Астана қаласында Мә­дениет және ақпарат министр­лігінің Қазақстан кітапханаларының эл­ектр­онды базасын біріктіру жо­басы басталған еді. Қазір біз осы жоба ая­сында Ұлттық академиялық кітапхана мен Ұлттық кітапхана бірлесе жұмыс істеп отырмыз. Бұл жоба қандай да бір кітап еліміздің қай кітапханасында бар және қанша дана сақталғаны туралы барлық ақпаратты береді. Уақыт өте келе кез келген ақпараттық жүйе дамиды, сондай-ақ түрлі модульдар іске қосылады. Біз сәуір айының соңына дейін онлайн тіркелуді іске қосамыз. Өйткені қазіргі уақытта оқырманға дәстүрлі қызмет көрсету сақталғаны­мен, адамдарда уақыт ресурсы шек­теулі. Процесс тез орындалуы қажет. Сондықтан біз оқырмандар кітап­ханаға келмей-ақ, онлайн тіркеліп, қажет деп тапса, оқырман билетін алып немесе QR-код арқылы кіре алатындай жүйе енгізбекпіз. Кез келген оқырман кітапханадан өзіне керегін табуға тиіс. Басты қор сақтаушы мекеме ретінде қорды сақтаймын деп оны қоғамға пайда­лану­ғ­а бермей, тарихты сөйлетпей тығып қоюға болмайды. Қор ашыл­ып, оның ішінде жатқан ақпаратты оқырман білуге тиіс. Осы орайда қормен жұмыс істеу бойынша кон­тент-жоспарымызда да, ақпарат­тық жүйеде де біршама алға қойған жоспарымыз бар. Тасқа түскен кез келген дүние тарихқа, қоғамға қыз­мет етуі қажет. 

– «Бибколлектор» онлайн жүйесі кітап­хана жүйесін реттеуге, қордағы кітап­тарды цифрландыру процесіне қалай әсер етеді?

– Қазір автоматтық, технология­лық тұрғыдан бөлімдер қарастырыл­ып жатыр. Солардың бірі – «Биб­кол­­лек­­тор» онлайн жүйесі. Бұл жүйе әле­м елдерінде және Қазақ­стан­да бас­ы­л­ып шыққан кітаптар­дың онлайн базасын жасауға, өңір­дегі бар­­л­ық кітапхана қорын толықтыру­ға, сондай-ақ кітапхана сөресіне түс­е­тін кітаптарды реттеуге көмек­теседі. 

Бүгінде Қазақстанда 3 800-ден ас­­там көпшілікке арналған қол­же­тім­ді кітапхана бар. Біз енді олар­дың қорын қалай түземіз? Кітап­ханада қандай кітап тұруы қа­жет? Сөрелерге жайғасқан кітап­тың барлығы шын мәнінде оқырман қажетіне жарай ма? Осы ретте алда кітапхана базасында «Бибколлектор» онлайн жүйесін құру туралы жос­пары­мыз бар. 

Кітапханаға келушілердің басым бөлігі – жастар

– Мамандар арасында «дәстүрлі кітап­хана моделін түбегейлі өзгерту қа­жет» деген пікірлер кездеседі. Айт­ың­ызшы, ХХІ ғасырдың кітапхана жүйесі модернизация аясында қандай қадамдарға баруға тиіс? Бұл сіздердің тәжіри­белеріңізде қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Модернизация кітапхананың өзіне, яғни ғимаратқа, ішінде ор­на­лас­қан құрылғыларға жасалуы қажет деп ойлаймын. Одан кейін ғана бұл процесс жұмысына жаңаша көзқараспен қарайтын мамандар арасында іске асырылуға тиіс.

Кітапхана қазіргі уақытта қо­ғам­дық даму институтының рөлін атқарып отыр. Мұнда кімдер, қан­дай өкілдер келмейді?! Кейінгі 5-7 жылда кітапханаға жастардың келуі көбейді деп нақты айта алам­ын. Кітапханаға келушілердің 60-70 пайызы – жастар. Біріншіден, олар білімнің еркіндік және тәуелсіз екендігіне көзі жетті. Екіншіден, жастар кітапханаға «электро өмір­ден» тыныштық іздеп келеді, өр­кени­ет ордасынан өзін табады. Сон­дықтан модернизация дегені­міз – оқырманның кітапханаға кіріп-шығуы, жай ғана жарықтың кі­тап оқуға, жазу-сызуға ыңғайлы болуы, транспорттың қатынауы, көлік тұрақтайтын орынның болуы. Теңіздің ортасына бір ғимарат со­ғып қойып, өзгелерге «ал барыңдар» деуге болмайды. Ең алдымен, ма­тер­иал­дық жағдай барлық келушіге ыңғайлы болуы қажет. Егер соның өзінде кітапханаға оқырман келмесе, бұл – екінші сұрақ. Иә, дәл қазіргі кезеңде қорды цифрландырған жөн, себебі құжаттардың сақталуы маңызды. Бұл тек қалалық кітап­хана­ларға ғана емес, барлық өңір­лерге қажет дер едім. Неліктен об­л­ыс орталығы немесе мегаполис­те­гі кітапханалар ғана дамуға тиіс? Сон­да ауыл-аймақтағы оқырман мұндай заманауи орталықтарға лайық емес пе? Былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025-2027 жылы Қазақстан кітапхана­ларын модернизациялау туралы жол картасына қол қойылды. Қазір аталған жоба аясында еліміздегі бүкіл өңірде орналасқан аудандық, ауылдық кітапханалар модерниза­ция­дан өтіп жатыр. 

Бүгінгінің тағы бір өзекті мә­се­лесі – кітапхана саласында демеу­ші табу өте қиын. Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан модерниза­цияға әр аймақтан демеушілер қол ұшын созса, осыдан кейін ғана жас­тарға «неге кітап оқымайсың?» деп сұрақ қойсақ болады. 

– Қазіргі уақытта кітапхананың ғылыми зерттеулер мен жобаларға қолдау көрсетуі оның дәстүрлі рөлінен несімен ерекшеленеді?

– Ғылыми зерттеу жобаларымен айналысу – Ұлттық кітапханалардың жұмыс процесіне тән құбылыс. Кітап­хана – бір күнде әртүрлі рес­пон­дент келетін орын. Демек, мұн­да зерттеушілерге түрлі әлеу­меттік зерттеулер жүргізуге мүм­кін­дік бар деген сөз. Біз қазіргі уа­қытта ұлттық қорды сақтап отыр­ған кітапхана ретінде бірқатар ғылыми жобалармен айналысып келеміз. Бұл қорды одан әрі ашуға, зерт­теуге, сондай-ақ ғылыми жұ­мыс­пен айналысатын жас мамандар­ға үлкен көмек деп білемін. Оқырман дең­гейі сияқты адамның маман ретін­де өсу деңгейі де болады. Мә­­селен, мен осыдан он жыл бұрын кітапханаға қалай оқырман тарта­мын, көпшілікке арналған қандай ғылыми жобалар енгізсем болады деп бас қатырсам, қазір кітапхана қорының қоғамға, тарихқа, мем­лекетке әсер етуін ойлаймын. Бү­гінде ғылыми жұмыстарды кітап­хана арқылы көпшілікке жет­кізу мақсатында зерттеу институт­тары­мен жұмысты бастап кеттік. Онымен қоса, алдағы уақытта жас әдебиеттанушылармен екі бірдей жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның бірі – оқырманға кітапты терапия ретінде ұсыну. Алайда терапия физикалық диагноз­ға негізделмеген. Бірде жастармен әңгімелесіп отырған уақытта жас маман Еуропада науқас дәрігердің қабылдауына барған кезде терапевт кез келген диагноздың қасына кітап жазып беретінін айтты. Біз осы тәжірибені енгізудің нәтиже­сін­де оқырманға кейіпкерлер ар­қы­лы әсер еткіміз келеді. Өйткені кітапхана – әдебиет пен мәдениеттің ордасы болып қана қоймай, әлеу­мет­тік даму институты ретінде қо­ғам­ға барлық қырынан әсер етуі қажет. 

– Көне кітаптарды қалпына кел­тіру барысында олардың тарихи түп­нұсқалығын сақтау мен жаңа тех­нологияларды қолдану арасында қан­дай тепе-теңдік болуы қажет? Егер түпнұсқаның кейбір бөліктерін толы­ғымен қалпына келтіру мүмкін болмаса, оларды қайта жаңғырту эти­калық тұрғыдан қаншалықты дұрыс?

– Ең алдымен, сирек қордың фи­зи­калық тұрғыда сақталуын рет­теу керек. Қазіргі кезеңде рес­таврацияға арналған жаңа техно­логия алға жылжып келеді, сон­дықтан өндірісте қажетті заманауи құрылғылар да түгел болуға тиіс. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға нағыз қажет құжаттар сол қолжазбаларда, сирек кітаптар қорында жатыр. Мен сирек кітаптар қорына кірсем, адам ретінде де, маман ретінде де бөлек әлемде жүргендей басқаша күй кешемін. Бұл жерде өнер мен мәдениетіміздің, мемлекетіміздің тамыры бар екенін сезініп, ерекше әсер аламын. Сон­дықтан қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры зерттеліп қана қой­май, оның физикалық күйі де дұрыс сақталуы қажет. Біз консервация және реставрация, қолжазбалармен жұмыс істеу процесі бойынша мамандарымыз өз тәжірибесін жетілдірсе екен дейміз. Осыған бай­ланысты сәуір айының соңында қызметкерлеріміз Ирандағы Рес­таврация және консервация ор­талығымен бірлесе жұмыс істейді. Одан өзге Қазақстан бойынша рес­тавраторлар мен консерватор­лардың басын қосып, біліктілікті арттыру семинарларын өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Қандай нәрсенің болмасын тамыры болады, егер тамыр шіріп кетсе, бетіндегі дүниені жасанды жолмен қайта қал­пына келтіруге болады. Алайда ол рухани тұрғыда жанға әсер етпейді. Сол үшін біз сирек қор мен қолжазбаны сақтау ісіне бағыт алуымыз қажет. 

– Өндіріске жасанды интел­лекттің енуімен бірге реставрация са­ласы технологиялық тұрғыда қар­қынды дамып келеді. Десек те, мұн­дай әдістер тарихи жәдігерлердің түпнұсқалығын бұрмалауы мүмкін бе?

– Иә, тарихи жазбалардың түп­нұсқалығына әсер етеді. Сон­дықтан біз іске байырғы шағатай, төте жазуындағы мамандарды тартып жатырмыз. Себебі жасанды интеллект негізінен үстіртін ғана ақпарат беруі мүмкін. Аты «жасан­ды» деп айтып тұрғанындай, біз оны процесті автоматтандыруға пай­далануымыз қажет. Бірақ адам­ның миымен салыстыруға мүлдем келмейді. 

Кітапхананы іс-шара өткізетін орталыққа айналдырмауымыз керек

– Әлемде материалдық құнды­лықтар рухани құндылықтармен ал­масып бара жатқан сыңайлы. Бұл тұста кітапхана жүйесі қоғамдағы рухани дағдарысты еңсеруге қарсы тұра ала ма?

– Кітапхананы мерейтойлар мен түрлі іс-шараларды өткізетін орталыққа айналмауға тиіс және келушілер мұны сондай бір бағыт­тағы орталық деп түсінбеуі қажет. Иә, әдебиетті, кітапты наси­хаттау – кітапхананың басты приоритет­терінің бірі. Алайда кітап­ханада атап өтілетін жиындардың өзіндік деңгейі, оқырманға берер пайдасы болуы маңызды. Бұл құ­бы­лыс кітапхананың рөлін өз бағытынан шығарып жібереді. Айлап-апталап таң атқаннан кеш батқанға дейін іс-шаралар өткізілсе, келген оқырманмен кім жұмыс істейді? Кітап­ханашы оқырманының қызы­ғушылығына сәйкес бағыт-бағдар беріп, оларға қызмет көрсете білуі қажет. Меніңше, кітапхана – адам­дарға жақсылық жасап, мей­ірі­м­ін төгу үшін құрылған мекеме сияқты. Ол бізге дәл қазіргі уақытта аса қажет, тіптен жұрт қазір үйден жо­ғал­тып алған дүниесін кітапхана­дан іздеп келеді. 

– Қоғамда жастар мен аға буын­ның арасында «ақпараттық алшақ­тық» байқалатыны жасырын емес. Бүгінгі нарықта ұсынылып отырған кітаптар бұл ұрпақаралық диалогты жақындата ала ма?

– Шындап келгенде, буын­дардың бір-бірінен алшақ көзқа­расы, бұл әсіресе, әдебиетте бірін-бірі қабылдамауы. Сөз ұс­та­ған­дардың бәрі руханиятқа жауапты. Бұл – миссия. Қаламгер ең алдымен оқырманының қызығушылығы мен талғамын зерттеп алуы қажет. Мен әдеби сыншы емеспін, бірақ жазуға қақылымын. Оқырманымды бағыттап, оны жақсыға тәрбиелеу­шімін. Сондықтан қоғамдық ойымды, сын-пікірімді айтуға құ­қылымын деп ойлаймын. Осы тұрғыда біз үшін көзқарастарымызды өзгертіп, күш біріктіру маңызды.

Айналаңдағы құбылыстарға адами тұрғыда қарау дегеніміз – өзіңнің жеке пікіріңді танбау. Иә, көркем әдебиет, ауыз әдебиеті пен фольклор оқылуы қажет. Дегенмен біз кейде оқырманның деңгейі мен көзқарасын ұмытып кетіп жатамыз. Жақында Астанадан жас актер театрда қызмет ететінін айтып хабарласып, менен француз жазу­шысы Бернар Вербердің кітабын тауып беруімді өтінді. Білесіз бе, кейіннен сол кітапты өзім оқығым келіп кетті. Өйткені кітаптың та­былуы қиын еді. Кітапты басқа қа­ладан алдырып, ақыры оқырман­ның сұрағанын тауып бердім. Ой­лаңызшы, театрдағы жас маман Бернар Вербердің шығармасын оқиды. Осындай кітаптарды оқы­ғаннан кейін елімізде әлем әдебиеті өздігінен насихаттала береді. 

– Цифрлық контентке сұраныс артқан сайын келешекте дәстүрлі кітап қорының құндылығын жоғалтып алмаймыз ба? Кітапхана саласы үшін баспа өнімдері мен электронды материалдар арасындағы тепе-тең­дікті сақтау қаншалықты маңызды?

– Өткен жылы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтайда: «Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы қажет», – деп айтқан еді. Қазір қаланың өзінде 30-ға жуық кітапхана болса, осыншама кітапхананың ішінен кейбір кітаптардың 30 данасы ғана табылуы мүмкін. Осы­дан кейін электронды нұсқасы бар кітаптарды таңдауға тура келеді. Сондықтан бұл мәселеге келген кезде авторлар немесе құқық иеленушілер тарапы­нан міндетті түрде кітапханаларға кітаптың цифр­ландырылған электр­онды нұсқасын жариялауға рұқсат берілуі қажет. Былтыр біз Air Astana ком­паниясына «Мәдени мұра» аясында жарық көрген 25-ке жуық контенті­мізді табыстадық. Болашақта ағылшын тіліне аударылған қазақ әдебиетін жүктесек деген жоспары­мыз бар. 

– «Ақпараттық хаос» орын алған жаһандану дәуірінде кітапхана қоғамға бағыт-бағдар беретін рухани шамшырақ бола ала ма? Сәт сайын жаңарған тол­а­с­сыз ақпарат ағыны адамдардың ойлау жүйесі мен білім сапасына қалай әсер етеді деп ой­лайсыз?

– Қазіргі жастар өте сауатты және сабырлы. Жас та болса мама­ндар мен кітапханаға келетін оқырмандардың ұстанымы, ортада өзін-өзі ұстауы, қоғамдағы мәдениеті бөлек. Олар «мен» деген пікір айтпайды, әлемге адами тұрғыда қарайды. Осы тұста мен үшін жастармен бірлесе жұмыс істеу, олармен түсінісу жеңілірек. Бұл басқа буынды шетке ысырып тастау деген сөз емес, меніңше, мұндай қасиеттер жасына емес, кейде адамына байланысты сияқты. 2023 жылы IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне қатысып келдім. Біз мұнда бірнеше өкіл­дермен кездестік, халықаралық жиындарға қатыстық. Кездесуден кейін түйгенім, Қазақстан кітап­ханалары барлық қырынан дамыған елдермен қатар тұра алады. Біз он жыл бұрын жүзеге асырған жоба­ларды кейбір мемлекеттер процеске енді ғана енгізіп жатқанын көрдік. Түптеп келгенде, біз кітапхана са­ласында өзімізді материалдық қажеттілік пен жаңа технология­лар­ды енгізу тұрғысынан дамытуы­мыз қажет. Келешекте көшбасшы­лар­дың қатарынан көріне аламыз. Халықаралық кітапхана саласының дамуына өз үлесін қосуға біздің мамандарымыз да мүдделі екеніне көзім жетті. 

– Кітап – өткеннің үні. Егер кітапхана уақыт машинасы болса, қай ғасырдың кітапхана әлеміне сапар шегер едіңіз?

– Дәл қазір жазу қашан пайда болғаны туралы кітапты оқып, зерттеп келе жатырмын. Кітапта жазу өнері ең алғаш Оңтүстік Афри­каның үңгірінен табылғаны жайлы айтылады. Дегенмен XVII-XVIII ғасырдың кітапханасына сапар шеккім келер еді. Себебі сол кезеңнің сирек қоры, жазу-сызуы, сөзі мен мәдениеті, киім киісі ғас­ырмен үйлесім тапқандай көрінеді...

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ