Бұл туралы Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Бұл – менің бір мәселе бойынша осымен үшінші Премьер-Министрдің атына жолданып отырған төртінші депутаттық сауалым. Яғни, бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселе – стратегиялық және экологиялық маңызы зор Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу жөнінде тағы да сауал жолдауға мәжбүр болып отырмын», – дейді депутат.
Депутат Тұрғановтың сөзіне сүйенсек, Жайық – Еуропадағы ең ұзын өзендердің бірі ғана емес, Қазақстанның батыс өңірін тіршілік нәрімен қамтитын басты су арнасы.
«Жайық өзені – Еуропадағы ұзындығы бойынша үшінші орын алатын, еліміздің маңызды су артериясы екені бәрімізге мәлім. Өкінішке қарай, ол соңғы жылдары өзінің экологиялық тұрақтылығын күн санап жоғалтып келеді. Мәжіліс депутаттарының алдыңғы сауалдарына қарамастан, бүгінгі күнге дейін аталған өзенге ерекше мәртебе беру бойынша нақты қадамдар жасалған жоқ», – дейді ол.
Депутат өз дәйегін заңнамалық базаға сүйеніп жалғайды.
«Мәселен, Су кодексінің баптарына және Үкіметтің 2004 жылғы қаулысына сәйкес, ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізіміне Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдері мен Ертіс өзені енгізілген. Алайда Жайық өзені өзінің аса зор маңыздылығына қарамастан, бұл тізімге әлі күнге дейін енгізілмеген. Бұл мамандар мен өңір халқы тарапынан үлкен алаңдаушылық пен түсінбеушілік туғызып отыр», – деді Д.Тұрғанов.
Мемлекет басшысы 2022 жылы Жайық экологиясына ерекше назар аударғанымен, тапсырмалар толық орындалмағаны айтылды.
«Мемлекет басшысы 2022 жылдың өзінде Жайықтың экологиялық жағдайының нашарлауына ерекше назар аударып, оны сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырма берген болатын».
Тұрғанов 2023 жылғы зерттеулерге жұмсалған қаражат пен нәтиженің сәйкессіздігіне тоқталды.
«2023 жылғы мамыр айында жолдаған депутаттық сауалыма жауап ретінде Премьер-Министр гидрогеологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша бұл мәселе қайта қаралатынын мәлімдеген болатын. Қазір зерттеулер аяқталды, 51 миллион теңгеден астам мемлекеттік қаражат жұмсалды. Алайда мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ».
Сонымен бірге депутат Қазақстан-Ресей бірлескен бағдарламасының уақытылы жаңартылмағанына алаң.
«Сонымен қатар 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей Жайық экожүйесін қалпына келтіру бағдарламасының мерзімі аяқталғанымен, жаңа бағдарлама әлі бекітілмеді. Бұл жағдай өңірдегі су қауіпсіздігі дағдарысының ушығуымен қатар келіп отыр».
Тұрғанов өңірдегі нақты экологиялық қатерлерді тізбектейді:
«Қазіргі таңда өзен суын бақылаусыз алу, өнеркәсіпте суды қайталама айналымға енгізу жүйесінің болмауы, су қоймаларының келісілмей салынуы, ластану деңгейінің артуы және экожүйенің бұзылуы секілді проблемалар етек алып, жұртшылықты алаңдатып отыр».
Осы түйткілдерді шешу үшін депутат бірнеше нақты шара ұсынады:
**«Бұл жағдай мемлекеттік деңгейде шұғыл әрі батыл әрекеттерді талап етеді. Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу – жай ғана формальды дүние емес.
Ол өзен алқабында шаруашылық қызметтің ерекше режимін енгізуге, ластанудан қорғау және бүлінген аумақтарды қалпына келтіруге, экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасында тұрақты тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.
Осыған байланысты келесі шараларды қамтамасыз етуді ұсынамын:
Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу туралы мәселені шұғыл түрде қайта қарап, тиісті шешім қабылдау. Бұл еліміздің батыс өңірінің экологиясы мен экономикасы үшін өте маңызды.
Жайық экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі жаңа кешенді Қазақстан-Ресей бағдарламасын әзірлеп, бекіту. Онда нақты шаралар, іске асыру мерзімі мен қаржыландыру көздері қамтылуы тиіс.
Жайық өзені бойындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың су пайдалануына мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Оларға суды қайталама пайдалану технологиясын ендіруді міндеттеген жөн.
Жайық өзені алабында келісілмеген жасанды су қоймасын салуға қатаң тыйым салу керек. Сонымен бірге өзендегі қазіргі қолданыстағы объектілерге тексеру жүргізу қажет», – дейді ол.