Бұл блогер деген «батырлар» ештеңеден тайынбайды. Айтарын айтып, жамандағанын жамандап, көрге тығатынын көрге тығып, өрге сүйрейтінін өрге сүйреп, қоғамдық ортада алабұжақ атмосфера қалыптастырады. Сондықтан ба, атағын шығарғысы келіп жүргендер жандарына бір-бір блогер ұстайтын заманға кез болып отырмыз.
Жуырда Шымкент қаласының мен деген азулы блогері қорқытып, үркітіп дәнігіп қалған болуы керек, бір мектептің басшысының қыр соңына құрық алып түседі. Қазақ «кезіккенмен емес, садағын кезегеннен қорық» деп бекер айтпайды. Әлгі «әйгілі» блогер мектептің бірқатар кемшілігін тапса керек. Енді балалар жүрген жерде оны-мұны олқылықтар кездесіп қалуы заңды ғой. Әлгі әйгілісымақ солардың барлығын жіпке тізіп, онысын телефонына жазып директордың алдына көлденең тастамай ма?
Екеуара әңгіме былай өрбиді.
– Кімсіз?
– Күл егермін.
– Күлді екпейді. Бәлкім гүл егер боларсыз.
– Мен гүл сияқты нәзіктікті ұнатпайтын адаммын. Маған күл керек, күл! Жүрген жерімді өртеп, күлін шығарамын.
– Ойбай-ау! Бұл бүлдіршіндер отауы ғой. Ақыры күлге құмар екенсіз, дүниенің барлық бұрышында бүлік болып жатыр емес пе? Солардың біріне барып, бүліншілік басқыншылығыңызды жүргізе бермейсіз бе? Бізде неңіз бар?
– Сіздерде «жеміміз» бар.
– Қандай жемді айтып отырсыз?
– Көңілім лай. Мәселе былай. Біз сіздің мектебіңізден мынадай-мынадай кемшілік таптық. Бұл дегеніңіз үлкен қылмыс. Осы қылмысыңызды жабу үшін алақаныма 1 миллион 200 мың теңге санап сала салыңыз. «Бие көрдім жоқ, түйе көрдім жоқ». Өгіз де өлмейді, арба да сынбайды.
– Япырай! Мұндай қаржыны қайдан табамын?
– Мұғалімдерден теңге жинайсыз ба әлде туыстарыңызды қинайсыз ба, білмеймін. Жерден қазасыз ба, көрден қазасыз ба, табуыңыз керек. Мына жексұрын деректі жабуыңыз керек.
– Таппасам ше?
– Онда айдай әлемге әшкере етемін. Кемшіліктеріңізді одан әрі қазбалап, жария етемін, олқылықтарыңызды дария етемін.
– Сонда сіз кімсіз өзі?
– Айттым ғой, күл егермін.
– Ә-ә, түсіндім. Блогер екенсіз ғой. Ағатай! Бірер күнге мұрша беріңіз. Айтқан теңгеңізді табамын.
– Міне, жөн! Істі осы жерден жабамын.
Екеуі шартпа-шұрт қол алысты. Блогер қуанып үйіне кетті. Директор суалып финполға кетті.
Уәделі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері жетіп келді. Блогердің көзі алақандай болды. Дірілдегені соншалық бұтына жіберіп қойған балақандай болды. Бірақ финпол қызметкерлері қарап тұрады ма, қолын қайырып үлгерді. Бір миллион екі жүз мың теңге блогердің алақанында кетті. Теңгені қылмыстың айғағы етті.
Жә, соңғы үкімді сот айтар. Біздікі сақтандыру ғана. Шымкентте блогер дегеніңіз тонның битіндей өріп жүр. Қайсысының қолы таза, қайсысының қолы былғаныш екенін айырып болмайды. Бірақ арасында жеті жыл түрмеде отырып, аяқ астынан блогер болып шыға келген атақтысы да бар деседі.
Әкімқаралар осындайларды жанына ерткен соң, әрине, олар білгендерін жасайды да. Тегі, көп асқанға бір тосқан керек-ақ сияқты...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ