Кеше Ватиканда Рим Папасымен қоштасу рәсіміне әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекет басшылары жиналды. Солардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский де болды. Салтанатты рәсім аясында екі ел басшысы қысқа кездесу өткізді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Ақ үй таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, Трамп пен Зеленский арасындағы жүздесу небәрі 17 минутқа созылған. Дегенмен кездесудің қысқалығына қарамастан, тараптар оны нәтижелі деп бағалады. Әзірге кездесуде қандай мәселелер көтерілгені немесе нақты қандай келісімдер жасалғаны туралы толық ақпарат жарияланған жоқ. Ақ үй мен Украина президентінің кеңсесі тек екі жақтың өзара қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Дональд Трамп пен Владимир Зеленский понтификті жерлеу рәсімінен кейін де ресми емес форматта кездесуді жалғастыруға уағдаласты. Бұл екі ел арасындағы диалогтың жаңа кезеңге аяқ басуы мүмкін екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, кездесуде Украинаға көмек көрсету мәселесі, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және халықаралық ахуал талқылануы ықтимал.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз