Сондай-ақ ансамбль бишісі орындаушылық шеберлігі мен әртістік өнері үшін Америка Құрама Штаттарындағы Марго Фонтейн атындағы Балет академиясының стипендиясына ие болды.
«Гүлдер» ансамблінің солисі Сания Сәкенова халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды
Фото: gov.kz
1,040
оқылды

XVIII «Рига көктемі – 2025» халықаралық хореографиялық байқауы өтті. Байқауға Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблінен балет әртісі Сания Сәкенова мен бас балетмейстер Анвара Садықова қатысып, жеңіске жетті, – деп хабарлайды Аikyn.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Байқау хореографияның үш аталымы бойынша өтті. Атап айтсақ, классикалық би, халық биі және заманауи хореография. Байқауға Қазақстаннан бөлек Германия, Италия, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Солтүстік Африка елдерінен өнерпаздар қатысты.

Ансамбль солисі Сания Сәкенова І дәрежелі лауреат атанып, екі алтын медаль жеңіп алды. Ол байқау бағдарламасында Анвара Садықова қойған «Ақбаян» қазақ биін және Ернұр Қарықбол қойған «Тэмулэн» моңғол биін биледі. Сондай-ақ, ансамбль бишісі орындаушылық шеберлігі мен әртістік өнері үшін Америка Құрама Штаттарындағы Марго Фонтейн атындағы Балет академиясында екі апталық оқу стипендиясының сертификатына ие болды.

«Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова мен Сания Сәкенова Марго Фонтейн балет академиясының көркемдік жетекшісі Кеннет Ладденнің арнайы шақыртуын алды.
Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімі бойынша «Гүлдер» ансамблі «Ұлттық би мәдениетін сақтау және дамыту» арнайы сыйлығымен марапатталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.