Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Қоғамда бұл жөнінде түрлі пікір айтылып жүр. Қойылар сұрақтар да аз емес. Соның бірі: «Салаға осындай ауқымды реформаны не үшін жүргізу қажет болды?» деген сұрақ.
Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Aiqyn газетінің тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- 2020 жылы МӘМС енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаржы келіп түсті. Бұл оң нәтиже береді деп күттік. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмады. Неліктен деген сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр. Мұнда ішкі және сыртқы факторлар әсер етті.
Қаржыландырудың шектеулі болуына байланысты кейбір қызмет түрлеріне қолжетімділік шектелді. Бұл халық тарапынан да, медицина қызметкерлері тарапынан да орынды сын туғызды. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардың өздері де кредиторлық қарыздың артуымен қиын жағдайға тап болды. Сондықтан жүйені түбегейлі өзгерту қажет деп есептейміз.
Тағы бір айта кетерлік маңызды мәселе – медициналық ұйымдарды қаржыландырудың жыл сайын кешеуілдеуі. Былтыр қаржыландыру тек маусым айында басталған болатын. Мысалы, 2024 жылы республикалық бюджеттің Денсаулық сақтау министрлігі алдындағы берешегі 212 миллиард теңгені құрады. Бұл жағдай медициналық көмектің қолжетімділігіне, сапасына және уақытылы көрсетілуіне теріс әсер етеді. Ал тарифтер әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Сондай-ақ заң жобасы аясында депутаттар тарапынан жемқорлық құқықбұзушылықтардың, әсіресе қор тарапынан лобби жасау, қосарлы қаржыландыру, лицензиясы мен рұқсат құжаттары жоқ жеткізушілерге қаражат бөлу сияқты заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында қор қызметін бақылау мен ашықтығын күшейту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Бұл жағдайдың себебі – барлық қаржы бөлу, мониторинг және бақылау функцияларының бір қолда шоғырлануында жатыр. Мұнда мүдделер қақтығысы анық байқалады. Сондықтан депутаттар бақылау функцияларын және жосықсыз мекемелерді жауапкершілікке тарту, соның ішінде айыппұл салу құзыретін Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетіне беру жөнінде нормалар ұсынды.
Ал айқын әрі оң нәтижеге тек цифрландыру және бағдарламалардың интеграциясы толық аяқталған жағдайда ғана қол жеткізуге болады, – деп жауап берді депутат.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.