Starbase шамамен 1,5 шаршы мильді алып жатыр, тұрғындарының саны 500-ден асады.
Илон Маск Техастағы SpaceX аймағын қалаға айналдырды
Фото: Jamie Kelter Davis/Bloomberg
1,745
оқылды

Техас штатының Камерон округінде өткен дауыс беру нәтижесінде Илон Масктың бастамасымен құрылған Starbase мекені ресми түрде қала мәртебесін иеленді, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Bloomberg агенттігінің жазуынша, бұрынғы Boca Chica Village аумағында орналасқан бұл аймақ SpaceX компаниясының ұшыру және сынақ орталығы ретінде танымал. Дауыс беруге қатысқан 283 адамның басым бөлігі — SpaceX қызметкерлері немесе онымен байланысты тұрғындар, олардың 212-сі бұл бастаманы қолдап, тек 6 адам қарсы дауыс берген.

Жаңа қаланың алғашқы мэрі болып SpaceX-тің Техастағы ұшыру операциялары жөніндегі вице-президенті Роберт «Бобби» Педен сайланды. Қалалық кеңестің мүшелері де SpaceX-пен тығыз байланысты тұлғалар. Starbase шамамен 1,5 шаршы мильді алып жатыр, тұрғындарының саны 500-ден асады.

Бұл шешім SpaceX-ке ұшыру алаңын басқаруда, инфрақұрылым мен жергілікті ережелерді реттеуде кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Техас штатының Сенатында қаралып жатқан заң жобасы қабылданса, қала ұшыру күндері қоғамдық жағажайларды жабу құқығына да ие болмақ.

Алайда, кейбір жергілікті тұрғындар мен экологиялық ұйымдар бұл өзгерістерге алаңдаушылық білдіруде. Олар жағажайларға қолжетімділіктің шектелуі мен табиғи және мәдени ортаның бұзылуы мүмкін екенін айтып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз