Қазақстандықтар көбіне Түркияға демалғанды жақсы көреді екен. Былтыр 1 миллионнан астам қазақстандық шетелге демалуға шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
– 2024 жылы рекордтық көрсеткіш тіркелді, атап айтқанда 1 миллионнан астам қазақстандық шетелге демалуға шыққан. Әдеттегідей алғашқы орында – Түркия, екінші орында – Мысыр елі, үшінші орында – Біріккен Араб Әмірлігі. Осы үш ел соңғы бірнеше жыл алдыңғы үштікте тұр. 2023 жылы 847 мың адам, 2022 жылы 769 мың адам шетелге саяхаттаған, – деді ол Jibek Joly арнасындағы «Бүгiн Live» бағдарламасында.
Сондай-ақ ол елімізде шетелге саяхаттауға аттанған азаматтардың құқығын қорғайтын жаңа жүйе жұмыс істейтінін атап өтті.
– Қазіргі таңда әуекемесін жалдаушы – 11, тұрақты рейстермен жұмыс істейтін – 55 туроператор бар, яғни жалпы саны – 66. Туроператорға кепілдік беру жүйесінің екі талабы бар: бірінші – банктік кепілдік, екінші – әр туриске туркод беру міндеті. Өткенді еске алсақ, 2011-2015 жылдар аралығында демалуға барған 20 мыңнан астам қазақстандық шетелде қалып қойған. Ол кезде мемлекет қаражат бөліп, олар елге оралды. Туркод – туристің қауіпсіздік кепілдігі. Біріншіден, туроператор банкротқа ұшыраса, екіншіден, туроператор өз міндетін орындамаса ол күшіне енеді. Солай туристің құқығын қорғауға көмектеседі, – деді Асылхан Есілов.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атаған еді.