Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті кері байланысты күшейтуде: кеден қызметтері бойынша мәселелерге жедел әрекет ету үшін «қызыл түйме» жүйесі енгізілді.
Қазақстанның кеден бекеттері мен кедендік ресімдеу орталықтарында «қызыл түйме» орнатылды
Фото: gov.kz
197
оқылды

Енді QR-кодты сканерлеу арқылы азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туындаған мәселе бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасына тікелей жүгінуге мүмкіндік алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Еліміздің барлық кеден бекеттері мен кедендік ресімдеу орталықтарында «қызыл түйме» орнатылды. Бұл құрал – кеден қызметтерін алу кезінде туындайтын қиындықтарға жедел әрекет етуге және қызметкерлер тарапынан әдепсіз мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Өтінімді беру формасы қарапайым әрі түсінікті, оны бірнеше минут ішінде толтыруға болады. Қалауыңыз бойынша өтінімді анонимді түрде жолдауға мүмкіндік бар.

– Біз азаматтармен және бизнес-қоғамдастықпен ашық әрі әділ диалог орнатуға ұмтыламыз. Әрбір келіп түскен өтінім қысқа мерзімде қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Кедергілерге немесе сапасыз қызмет көрсетуге тап болған әрбір адамды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз. Сіздің дауысыңыз – тиімді, ашық әрі клиентке бағытталған кедендік әкімшілендіру жүйесін қалыптастырудың маңызды бөлігі. Мемлекет пен қоғамның бірлескен күші ғана сервистің сапасы мен сенім деңгейін арттыра алады, – делінген комитеттің арнайы хабарламасында.