Ешқашан таусылмайтын әрі адамзатқа таза энергия бере алатын әдіс табылды. Оны алуға осы уақытқа дейін бір үлкен мәселе тежеп келді. Енді ғалымдар бұл проблеманың шешілгенін жариялады.
Ешқашан таусылмайтын таза энергия алатын әдіс табылды
Термоядролық синтез адамзатқа шексіз әрі таза энергия бере алады. Иллюстрация innovationnewsnetwork.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / MeshCube
1,592
оқылды

BGR сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, болашақтағы таза энергияны алуға кедергі болған мәселенің қалай шешілгенін талдайды.

Жетпіс жылдан бері термоядролық энергияға қол жеткізуге үлкен мәселе кедергі болып келді. Ол термоядролық синтезді қолдау үшін қажет жоғары энергиялы бөлшектерді сенімді түрде ұстап тұру қажеттігі еді. Енді ғалымдар синтезді ұстау мәселесін ақыры шешкен сияқты. Бұл практикалық термоядролық энергияға жету жолындағы маңызды бетбұрыс болуы мүмкін.

Техас университеті (Остин қаласы), Лос-Аламос ұлттық зертханасы және Type One Energy компаниясынан құралған зерттеу тобы термоядролық синтездің ең күрделі мәселелерінің бірін – термоядролық энергияны ұстап тұруды – әлдеқайда жылдам және дәл шешудің әдісін ойлап тапты. Бұл жаңалық тұрақты термоядролық энергия алуға үміткер стеллараторлар деп аталатын реакторларды жобалауды он есе жеделдетуі мүмкін.

Мәселенің түбінде плазма жатыр – бұл шамадан тыс қызған, электр зарядталған газ. Оны қуатты магнит өрістері арқылы шектеу қажет. Алайда бұл магнит өрістерінде кейде көзге көрінбейтін кішкентай «тесіктер» болады, сол арқылы жоғары энергиялы бөлшектер сыртқа шығып кетеді. Бұл бөлшектердің, әсіресе альфа-бөлшектердің, плазманың температурасын жеткілікті деңгейде сақтап тұру үшін маңызы зор. Олар жоғалғанда, синтез реакциясы бәсеңдеп, тоқтап қалады.

Күннің бетінен керемет плазмалық массаның лақтырылуы, 2012 жыл. Жер кішкентай ғана нүкте. Фото scitechdaily.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA / Goddard Space Flight Center

Осы магниттік ұстау мәселесі инженерлер үшін ұзақ уақыт бойы басты тосқауыл болды. Мұндай магнит ақауларын түзету әдетте Ньютон заңдарына негізделген күрделі симуляцияларды қажет етеді. Бұл симуляциялар өте дәл болғанымен, есептеулер тым баяу жүреді. Сондықтан реактор жобаларын әзірлеуге бірнеше жыл кетуі мүмкін. Тіпті ең озық термоядролық реакторларды сынаудың өзі баяу жүруде.

Осы процесті жылдамдату үшін ғалымдар кейде «бұзылу теориясына» жүгінеді. Бұл әлдеқайда жылдам, бірақ нақтылығы төмен әдіс, ол маңызды кемшіліктерді жоя алмайды.

Ал жаңа әдіс математиканың симметрия теориясына (яғни, заңдылықтар мен түрленулерге негізделген бөлім) сүйеніп, магниттік тесіктерді әлдеқайда аз есептеу арқылы табуға және жоюға мүмкіндік береді. Бұл әдіс – дәстүрлі тәсілдермен салыстырғанда әлдеқайда жылдам және үнемді.

Жасанды интеллект, Кванттық компьютер, Термоядролық синтез – адамзат болашағын басқа арнаға бұратын, адам өмірін мүлдем өзгертетін үш технология. Фото quantumcomputingreport.com сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

Жаңа әдіс алғашында стеллараторларға арналғанымен, ол термоядролық реакторлардың тағы бір маңызды түрі – токамактарға да пайдалы бола алады. Мұндай жүйелерде жақсырақ магниттік карта жасау реактор қабырғаларына қауіп төндіретін «жұлынып шығатын» электрондарды болдырмауға көмектеседі. Теориямен қатар, бұл жетістік термоядролық синтезді коммерцияландыруды мақсат еткен көптеген компаниялар үшін нақты практикалық құрал ұсынады.

Type One Energy – сондай компаниялардың бірі. Бұл технология жаңа буындағы реакторларды жасау үшін қазірдің өзінде қолданылуда. Бұндай термоядролық энергияны ұстап тұрудағы серпіліс тек ұзаққа созылған техникалық мәселені шешіп қана қоймайды. Сонымен қатар термоядролық энергия болашағын толық іске асырудың кілтіне айналуы да мүмкін.

Жасанды интеллект, Кванттық компьютер, Термоядролық синтез – адамзат болашағын басқа арнаға бұратын, адам өмірін мүлдем өзгертетін үш технология екенін «Осы 3 технология адамзатты балалық шақтан технологиялық есеюге жылдам жеткізеді» атты мақалада Aikyn.kz бұрын да жазған болатын.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.