Дәретханаға далаға бара ма?
Дәретханаға далаға бара ма?
254
оқылды
Өткен жылы Тараз қала­сын­дағы мектеп дәрет­ха­на­сында зорлан­ған оқу­шыға  қатысты оқиға дүйім жұрт­ты дүр сілкіндіргені рас. Жаға ұстатқан  жағдай бұ­қа­раның ғана емес, би­лік басындағылардың да был­ғары орындығын шай­қап, бірқатар шенділер қыз­метімен қош айтысты. Жа­уаптылар жазаға тар­тыл­­ғанымен,  мұнымен бар мәселе шешілді деу қиын. Сондықтан Үкімет биыл бар­лық мектепті ішкі дә­рет­­­ха­намен қамтуды тап­сыр­­ған болатын. Алайда ағым­дағы жылдың алғаш­қы үш айы артта қалып ба­ра­ды. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар­дың қазіргі аяқалы­сы қан­дай? Межелі міндет­ті жос­пар­лы мерзімде орын­­дай аламыз ба? Жамбыл облысы әкімдігі бі­лім басқармасы берген мәлі­мет­ке сүйенсек, өңірде 442 мектеп бар болса, соның 285-іне ішкі дәретхананы орнату қажет екен. Аудан бойынша бөлінісіне кел­сек, Қордай ауданында 48 мектеп болса, соның 23-не мектепішілік дәретхана қажет. Шу ауданында 47 мектеп жұмыс істеп тұрса, оның 35-інде ішкі дәретхана қа­рас­тырылмаған. Байзақтағы 43 мек­тептің 37-інде балалар қыс бойы далаға жүгіріп шықса, Жуалы ауданындағы 39 мектептің 27-інде де оқушылардың дәл осылай күнелтуіне тура келген. Жамбыл ауданындағы 37 мектептің 28-інде, Меркі ауданындағы 36 мек­тептің 26-ында, Т.Рысқұлов ауданындағы 39 мектептің 29-ында, Талас ауданындағы 35 мектептің 29-ында және Сарысу ауданындағы 27 мектептің 21-інде оқушылар әлі күнге даладағы дәретханаға барады. Мойынқұм ауданында 24 мектеп тіркелген болса, мұндағы жергілікті билік бірде-біреуіне ішкі дәретхана орнатуға бас қатырмапты. Облыс орталығы – Тараз қаласында 60 мектеп орналасса, мұнда да 5 мектепке ішкі дәретхананың қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімдігінің білім бас­қармасының мамандары 2019-2020 оқу жылының аяғына де­йін құрылыс жоспарлы 285 дәрет­­­ха­­на­ның 278-і пайдалануға бері­­­леті­нін айтады. Ал қалған 7 дәретха­наның құрылысы 2020-2021 оқу жылына жоспарлануда. Қаржы мәселесіне келсек, дә­рет­­хана құрылыстарына облыс­тық бюджеттен бір тиын да қарал­ма­ған. Бұл міндет жергілікті би­лік қазынасына жүктелген. Яғни, Тараз қаласы мен әр аудан құ­рылысты өз есебінен жүргізуі тиіс. – Өткен жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен брифингте дәретханалардың құ­ры­лысын жүргізу үшін 560 мил­лион теңге қажеті айтылған болатын. Алайда ол тек дәретхана орнату жұмыстарына қажетті сома. Бұдан бөлек, жаңғырту жұ­мыс­тарына да қаржы қажет. Сондықтан біз қазір қала мен әр аудан қанша теңге бөлгенін есеп­теп жатырмыз. Бір анығы, бұл жұ­мысты жергілікті билік өкіл­дері заң шеңберінде өз қар­жы­ларына жүргізіп шығулары керек, – дейді білім басқармасының ма­мандары. Осы орайда, аудандарда дәрет­ха­на құрылысының қарқынын білмек мақсатта ең алдымен 24 мек­тептің барлығында бірдей дәрет­хана қаралмаған Мойынқұм ауданына хабарласқан едік.
– Ауданда 24 мектеп бар болса, бізге 26 дәретхана қажет болып тұр. Себебі аудан орталығында ор­наласқан М.Жұмабаев атын­дағы мектептің артындағы кіші кор­пустарына да дәретхана қажет­ті­гі туындап отыр.Осыған орай, біз аудандық қазынадан бөлінген 58 миллион теңгені мақсатты жұмсау үшін жан салып, тер төгудеміз. Десе де, Мойынқұм ауданы облыс орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен болғандықтан, туындап отырған қиындықтар да бар. Мәселен, Ақсүйек сынды ауылдарда орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ. Тұрғындар суды тасып іше­тіндіктен, мектеп дәретха­на­сына су жеткізу мәселесі қос бүйірден қысып тұр. Сондай-ақ бірқатар елді мекенде кәріз жүйесі реттел­меген. Ал бірқатар ауылға ауызсу жеткізу мүмкін болмай тұр. Сон­дық­тан құдық қазып, мек­тепке суды скважинамен апар­сақ  деген ой бар.
Алдымызда құрылыс жұмыс­та­­рын ағымдағы жылдың 15 та­мы­зына дейін аяқтау міндеті тұр. Осы мерзімге дейін мәселе­лер­ді толықтай шешуге тиіспіз, – дейді Мойынқұм аудандық бі­лім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев. Жамбыл ауданында да мәселе жоқ емес. Мұнда барлығы 37 мектеп болса, оның жетеуінде ғана ішкі дәретхана қарастырылған. 19 мектеп дәретханасының құ­ры­лысына 105 миллион теңгеге конкурс жарияланып қойса, 9-на әлі жобалық-сметалық құ­жат­тар әзірленуде. Ал ең қызы­ғы, №5 және №4 бастауыш мектептер жекеменшік ғимаратта отыр­ған­дық­тан, мұндағы құры­лыс нысан иесінің қарауына қалыпты. – Аталған екі нысанның қо­жайын­дарымен сөйлесіп, ішкі дәрет­хана құрылысын демеушілер есебінен жүргізуге келістік. Бұйырт­са, олар өздеріне жүктел­ген міндетті орындауы тиіс, – дейді Жамбыл аудандық білім бө­­­лімінің құрылыс саласына жа­­уап­ты маманы Бақытжан Шабан­баев. Бұдан бөлек, аталған елді мекенде ауызсу жүйесі тартыл­ма­ған ауылдар да баршылық. Мұнда да мектеп дәретханасына суды қазылған құдықтар арқылы жеткізу көзделуде. Сарысу ауданында болса, мек­­тепішілік дәретхана құрылы­сын қажет ететін 21 мектептің кон­курсы жарияланып қойыпты. Алайда бірқатар ауылда білім ошақтары сабан кірпішінен тұрғызылғандықта, мектепішілік дәретхана салуда қиындық туып жатыр екен.
– Үшарал, Маятас және Үшбас ауыл­дарындағы мектептер сабан кірпішінен тұрғызылғандықтан, дәретхананы мектеп ішінен салу мүмкін болмай тұр. Сондықтан мектептің бір бұрышынан есік шығарып, дәретхананы контей­­нерден мектеп жанынан орнат­қа­лы отырмыз. Бұл бір жағынан арзанға түседі. Одан бөлек, ау­данда Жаңатас қаласынан бас­қа бірде-бір елді мекенде кә­різ жүйесі жоқ. Сондықтан дәрет­ханаға қажетті құбырды қол­­мен қазып, суды да құдық ар­қы­лы тартпақпыз, – дейді Са­рысу ауда­ны­ның әкімі Қанат­бек Мәдібек.
Облыстағы дәретхана құры­лы­сына қатысты жағдай – осы. Бір ауданда конкурс енді жа­рия­ланып жатса, екін­ші­­сін­де жекеменшіктегі ғима­рат­қа дә­ретхана орнатуда өзіндік қиын­дықтар тууда. Ал Сарысу ау­даны сияқты елді ме­кен­дер дәретхананы мектеп ішінен орната алмай, сыртқа шығаруларына тура келіп отыр. Контейнерден салынған дәрет­хананың далада тұрған дәрет­ханадан айырмашылығы қан­дай болары белгісіз. Бірақ аудан әкімі контейнердің іші қыста суық, жазда ыстық болмау жағы жіті қаралып жатқанына сендіруде. Тағы бір мәселе – бар­лық аудан ауыл мектептеріне су жеткізу қиынның-қиыны бо­лып тұрғанын жасырмауда. Әрине, соңғы кездегі түрлі жағдайлар дәретхана құрылысына ден қойып, зерделеуге мүмкіндік бермей жатқан шығар. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиындарда «дәретхана мәселесін қыркүйекке дейін шешеміз» деп қана қоймай, жіті бақылауына алғаны абзал-ау. Әйтпесе, ертең-ақ жаңа оқу жылы басталып, оқушы­ларымызды тағы да дала­­дағы дәретханадан іздеп жүр­месек болғаны...    width=Саятхан САТЫЛҒАН

Жамбыл облысы