30 мамырда Құлсарыдағы газ құю бекеттерінің бірінде жарылыс болып, 14 адам зардап шеккен.
Құлсарыдағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
368
оқылды

Атырау облысына қарасты Құлсары қаласындағы жойқын жарылыстан зардап шеккен науқастардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап. 

Олар дәрігерлердің бақылауында. Ал апаттан ажал құшқан екі адамның отбасына әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі.

Еске сала кетейік, 30 мамырда Құлсарыдағы газ құю бекеттерінің бірінде жарылыс болып, 14 адам зардап шеккен. Екі адам оқиға орнында жан тапсырған. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«10 науқасқа стационарлық ем тағайындап, бақылау жұмысы жүргізілді. Қазіргі таңда 5 науқас стационарлық ем қабылдап жатыр, 3 науқасты облыстан келген мамандармен бірлесе отырып, тасымалдау жүзеге асты. Іште жатқан науқастардың денесін 22 пайыз, ең төменгісі 5 пайыз күйік шалған.  Науқастардың денсаулығына  еш қауіп жоқ», – деді Жылыой аудандық ауруханасының дәрігері Асулан Әбдірахманов.