Қазіргі таңда қазақтың ұлттық мемлекеті, төл армиясы бар. Бір сөзбен айтқанда, қазақ өзінің мұратына жетті. Бірақ ұзақ жылдар бойы бір орталыққа бағынып, ұлттық әскерімізді құра алмағандықтан, тіл мәселесі кенжелеп қалды. Әсіресе, әскери терминология саласында кейбір кемшіліктер көзге ұрады. Егемен елдің Қарулы Күштерінде баяғы кеңестік-орыстық атаулар мұрты бұзылмастан сақталып отыр. Әрине, терминдерді түгелдей өзгерту мүмкін емес. Дегенмен әскери атақтар, бұйрықтар, киім-кешек, қару-жарақ пен техниканың бірсыпырасын қазақ тіліне аударуға болады. Бұл сарбаздардың да рухын көтеріп тастар еді. Қазақ тіліндегі әскери терминжасам – арнайы зерттеуді қажет ететін ауқымды тақырып. Қорғаныс министрлігінің ішінен Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы 2003 жылы ғана құрылыпты. Содан бері қыруар шаруа тындырылған. Алайда ондаған сөз күні бүгінге дейін қазақшалана қоймаған. Олардың бір парасы мынадай: авиация, артиллерия, атом, танк, десант, бригада, броненосец, бункер, генерал, полковник, подполковник, майор, капитан, лейтенант, сержант, прапорщик, диверсия, ефрейтор, бомба, полк, дивизия, батальон, адмирал, офицер, гранатомет, миномет, пулемет, автомат... Бәрін бірдей тізе берсек, өте көп екен. Жасыратыны жоқ, қазақ тілінің табиғаты қысқарған сөздерді (аббревиатура) қолдануға икемсіз. Мәселен, БМП сөзін қазақшаласақ, ЖӘӘМ – жаяу әскердің әскери машинасы деп оқылар еді. Біздіңше, бұл атау өміршең бола алмайды. Сондықтан ондай терминдерді бір сөзбен берудің тиімді тәсілін табу керек сияқты. Басқа жұрттардағы әскери аталымдардың қалыптасу жолына қарасақ, олардың әрқайсысы осындай терминдерді жасағанда өздерінің өткеніне шұқшия үңіліп, байырғы бабаларының тәжірибесіне жүгінеді екен. Мысалы, француздар – көне рим атауын, немістер – ежелгі герман атауын кәдеге жаратыпты. Бізге неге сөйтпеске? Аса бай ауыз әдебиетіміз, жауынгерлік тарихымыз бар. Тым арыға бармай-ақ, Қасқа жолды Қасым ханның дәуірін алайықшы. Оның тұсында қазақ әскерінің ұзын саны 300 мыңға жетіп жығылыпты. XVI ғасырдың өлшеміне салсақ, бұл – қисапсыз, аса қуатты күш. Мұндай қарақұрым қалың қолды ұстап тұру үшін темірдей тәртіп, арнайы ереже, қалыптасқан әскери дәстүр қажет екені белгілі. Сондықтан осы көне тарихымыздағы әскери сөздерді пайдалануға әбден болады. Тек соның бәрін терең зерделеп, мағынасын жаңартып, азын-аулақ өзгерістер енгізсек жарап жатыр. Қазақтың әскери тарихы тым көмескі, хатқа түспеген, мысал етуге тұрарлық дәйектері мардымсыз деушілер де табылып қалар. Әйтсе де, қолда барды қанағат тұтып, білгір мамандарды жұмылдырып жұмыс істесек, нәтиже шығара аламыз. Мәселен, қазірдің өзінде садақ пен оның жебесіне, қорамсағына қатысты қазақ тілінде 42 сөз кездеседі дейді ғалымдар. Қарапайым атыс қаруының осыншама атауы бар екен. Ал енді қазақтың жалпы жауынгерлік тарихын тыңғылықты зерттеп, әскерге қатысты барлық дереккөздерді сүзіп шықсақ, қалай болар еді? Ағыл-тегіл сөз дариясының астында қалар едік. Ондай сөздер бірнеше ғасыр, тіпті мыңжылдықтар бойына табиғи жолмен қалыптасқан. Міне, сонша заман ауыздан түспеген, ата-бабаның әскери өнерінің мұрасынан көненің көзіндей сақталып жеткен сөздерді ХХІ ғасырда қазақтың Қарулы Күштеріне термин ретінде пайдалансақ, қандай жарасымды! Қысқасы, әскери атауларды жасанды калька сөздерден гөрі, туған топырақтан тамыр тартқан, салтымызбен біте қайнасқан төл сөздермен толықтырсақ. Қазақтың жауынгерлік дәстүрін, терминологиясын жаңа заманның әскеріне пайдалансақ. Айта кетейік, мұндай күрмеуі қиын күрделі мәселе – әскер адамдарының емес, тіл-әдебиет пен тарихтың жілігін шағып, майын ішкен ғұламалардың құзырындағы жұмыс. Ал біздікі – жай ұрымтал ұсыныс, жеке пікір. Бұлай деуімізге толық негіз бар. ХХ ғасыр басында ардақты Ахаң «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» десе, алаш арысы Халел Досмұхамедұлы «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді» деген. Ал бізге икемдеудің де қажеті шамалы. Сонау сақ, ғұн дәуірлерінен тамыр тартып, көне түркі кезеңіне жалғасқан Шыңғыс, Бату хандар заманында шырқау шыңына шыққан халықтың жадында жақсы сақталған әскери терминология бар. Соны ұтымды пайдаланайық. Әйтпесе, кірме сөздерге кіріптарлық көсегемізді көгертпейді.
Ерсайын БАҒДАТ