Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов Knauf компаниясының басқарушы серіктестері атынан ТМД елдері бойынша өкілі Александр Блюмхардтпен инвестициялық келісімге қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Инвестициялық жоба аясында жергілікті шикізат негізінде құрғақ гипс қоспаларын шығаратын заманауи зауыттың құрылысы жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі – 30,5 млн АҚШ доллары, жобалық қуаты – жылына 225 мың тонна. 100 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнімнің 80%-ы Қазақстанның ішкі нарығына, ал қалған 20%-ы ЕАЭО елдері мен Орталық Азияға экспортталады.
Knauf компаниясы қазірдің өзінде 84 млн тонна қоры бар Үлкен-Бұрылтау кен орнында гипс өндіруге лицензияға ие. Бұл өндірісті ұзақмерзімді шикізатпен қамтамасыз етеді. Зауыт құрылысы барлық қажетті сараптамалардан өткеннен кейін минералдық шикізатты өңдеу желісінен басталады.
Ғ.Оспанқұлов жаңа зауыттың өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға қосатын үлесін атап өтті.
Knauf сияқты жаһандық көшбасшылардың қатысуымен жүзеге асырылатын мұндай ірі жобалар – еліміздегі тартымды әрі тұрақты инвестициялық ортаны құру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаңа өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін де күшейтеді», – деді ол.
Өз кезегінде А.Блюмхардт Қазақстан тарапына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, жобаның табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
«Қазақстан – бұл өңірде бизнесімізді дамыту үшін басым бағыт. Елде қуатты шикізат базасы, өсіп келе жатқан нарық және инвесторларға ашық көзқарас бар. Біз Қазақстандағы қатысуымызды кеңейтіп, құрылыс саласының дамуына үлес қосуға қуаныштымыз», – деп мәлімдеді Knauf өкілі.